ӨСКЕМЕНДЕГІ ӨНЕГЕЛІ ІС

2008 жылдан бері «Балаға мейірімді қала» жобасын жүзеге асырып келе жатқан Өскемен қаласы биыл тағы да жаңа бір жобаны қолға алды.  Қала әкімдігі мен үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен жарымжан жасөспірімдерге моральдық және материалдық қолдау көрсету үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, «Достық» атты клуб құрылды. Мұнда әлеуметтік жұмысшылар, психологтар, арнайы спорттық-педагогикалық білімдері бар дәрігер-массажистер т.б. көптеген қызметкерлер мүгедек балалардың спортпен емін-еркін шұғылдануына, өмірге деген құштарлықтарын арттыруға көмек көрсететін болады. Сондай-ақ жаңа жоба аясында жұмыс жасауға қоғамдық ұйымдар мен сауықтыру-оңалту орталықтарының мамандары да өз үлестерін қосуда. 

Мүгедек балаларды қолдауға арналған мұндай берері мол жоба әлемнің 800-ден астам қаласында бар екен. Ал Қазақстанда бұл бастаманы алғашқы болып қолға алған Өскемен қаласы болып отыр. Өскемендегі осы бір өнегелі іс еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.