Астанадағы боран салдары немесе Елорда әкімдігінің шарасыздығы
2015 ж. 30 желтоқсан
3959
1
Астанада кеше жауған қар және көктайғақ бүгін боранға ұласты. Елорда тұрғындары мен қонақтары ауа райы қолайсыздығынан қиналып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада қазір Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Қорғалжын бағытындағы жолдар жабылған.
Боран және көру мүмкіндігінің нашарлығы жол-көлік оқиғасының көбеюіне әкеп соқтырды.
Астанада соққан бораннан 17 әуе рейсі кешіктірілді.
Жергілікті билік ауа райы қолайсыздығына байланысты 1-9 сынып оқушыларының екі ауысымдағы сабағын да кейінге қалдырды.
Әкімдіктің ресми сайтында елордада қарды тазалауға 2800 дана арнайы техниканың жұмылдырылғаны хабарланды.
Сонымен қатар, 2400 адам қаланы қардан тазартып жатыр. Нысандарды тазалауға ведомствоаралық ұйымдардан да қосымша жұмыс күші бөлінді. Жиналған қарды түнгі мезгілде арнайы бригада полигонға алып кетеді.
Синоптиктердің болжамына қарағанда, бүгін елордада күн бұлтты, кей жерлерде қар жауып, аяз болады. Оңтүстік батыстан, батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы күндіз және түнде минус 5-7 градус аралығында болады.
Ертең, 30 желтоқсанда елордада көшпелі бұлт, кей жерлерде қардың жаууы мен аяз, оңтүстік батыстан секундына 9-14 метрге жететін желдің соғуы күтіледі. Температура күндіз минус 7-9, ал түнде минус 10-12 градусқа дейін барады.
31 желтоқсан күні аспан көшпелі бұлтты болады. Кей жерлерде қар жауып, оңтүстік батыстан жылдамдығы секундына 9-14 метрге дейін жететін жел тұрады. Күндіз ауа температурасы минус 8-10 градус болса, түнде ол минус 15-17 градусқа дейін төмендейді.
Жыл басынан бері 29 желтоқсанға дейін қала көшелерінен 800 мың текше метр қардың шығарылғаны анықталды.
qazaquni.kz