Н. НАЗАРБАЕВ: КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ ӨЗГЕРМЕЙДІ

Таяуда Президент Назарбаев мемлекеттік арна тілшілеріне сұхбат берді. Сол сұхбат барысында Елбасы сырттан көшіп келіп жатқан ағайындар туралы, көші-қон саясаты туралы пікірі білдірді.

Бейсен Құранбек:

Қазақ – заманның талқысына, заманның қысымына ұшырап, жер жүзіне тарыдай шашырап кеткен халық қой. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мынау дүниенің төрт бұрышындағаы ағайын Атамекеніне ағылды. Мемлекет арнайы бағдарлама қабылдады. Квота берді, жағдай жасады. Соңғы жылдары көш іркіліп қалып еді, онда да Өзіңіз тікелей араласып, мәселе оң шешімін тауып жатыр.

Алдағы уақытта осы көші-қонға байланысты біздің ұстанатын мемлекеттік саясат қандай болады? Сосын, мына елімізге келді ғой ағайын, солар елдің дамуына, өміріне соны серпін, серпіліс берді ме?

 Н.Назарбаев:

Ол саясат өзгермейді. Бізге қайтып келем деген ағайындарға – қазақтарға есік ашық. Әр уақытта келіп, өздері орналасып, жағдайын тауып, жағдайын жасаймыз.

Жаңа қабылданған заңды білесіздер оралмандар жөнінде. Бұларға құжат беру, азаматтық беру мәселесін біз жеңілдеттік. Тәуелсіздік алғалы бері, соның арқасында, біз сыртқа әртүрлі жағдайлармен кетіп қалған бір миллион ағайынды қайтардық. Кәзір бір миллионға жетпеген бес жүз мың адамға бүкіл Еворпа ойбай сап жатыр шуылдап. Біз бір миллион ағайынды қайтардық. Оның ішінде Қазақстанға түскен қиындықтар да болды. Мысалы, Маңғолиядан, Түркиядан, Ауғаныстаннан келгендер орыс тілін білмеді, қиын болды. Барлығы Оңтүстікке жабысады. Ол жаққта онсызда біздің халқымыз артып отыр. Мына жаққа барыңдар десе, мына жаққа бармайды. Ондай қиыншылыққтар болды. Ондай тәжірибе басқа елдерде де бар. Мысалы, Германияны алайық, Германия мен біз ғана кейінгі кездерде мұндай шараны жасаған, бірақ, олар қандай адамдар керек, соны алады қазір. Бұрынғыдай жаппай қабылдағанды қойды. Мысалы, мамандығы болу керек. Жасы орташа, жұмыс істеп, еңбегімен елге өзінің үлесін қосу керек дегендей.

Бізде келмеңдер деген ешқандай тиым жоқ.  Бәрінің келгеніне қуаныштымыз. Біз елімізді 20 миллионға жеткіземіз деп талпынып отырған елміз, Құдайға шүкір, ішкі өсіміміз де бар, сырттан келген ағайын да оған үлесін қосып жатыр. Әсіресе, олармен келген жастар тез арада мынау қоғамның ішіне еніп, білімін, мамандығын алып, адам боп өсіп жатыр. Қазақстандық болып кетті. Үлкен кісілер. Әрине, оларға қиындау. Ондай жағдайлар болады ғой! Егер естеріңізде болса, 1961 жылы жүз мыңнан артық қазақ Қытайдан келген болатын. Кәзір олардың бәрі қазақстандық болып кетті ғой! Олардың балары, немерелері...

Сондықтан өзіміздің ұлт болғаннан кейін, өзіміздің ағайын болғаннан кейін, олар келу керек! Мен ертеде де айттым, кәзірде де айтам, біздің халқымыз – қазақстандықтар, олар келгенде, оларға қамқорлық жасаса; көкірегінен итермей, көмектесіп жіберсе!

Біз 44-45 жылы Солтүстік Кавказдан келгендері де сіңірдік қой ішімізге! Шығыстан келген 150 мың кәрісті де енгіздік қой, ішімізге сыйғыздық қой!! Ел боп кетті, жұрт боп кетті. Кейін барлығы кетті, әрине!

Ал енді өз қандастарымызға қолтығынан демеп жіберсек, көмегімізді жасап жіберсек, болады ғой! Халықпыз ғой, елміз ғой! Елім деп, жерім деп келді ғой деп, ең болмаса, жылы сөзімен, бір көмегімен қолдап жіберсе, бәрі де дұрыс болар еді.

Мен көбірек келгенін қалаймын ол адамдардың! Мемлекеттің мүмкіндігі кәзір бұрынғыдай емес, бұрын келгенде үй жағынан көмек беріп, көтеріңкі-үдемелі ақшалар беріп, анау-мынау жасадық. Әзір жағдай қиындау боп тұрған кезде, онша жасай алмаймыз. Дегенмен, көмектесіп жатырмыз. Сондықтан саясат өзгермейді!