Желтоқсан ызғары – 2

dos-koshim-21

Қараша айының соңына таман басталған «Қазақ ашу-ызасы» желтоқсанның айтулы күніне жетіп жығылды. Бірақ, осы бір айға толмайтын кезең, шын мәнінде, билік пен қазақ халқының арасындағы әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан терең дағдарыстың бар екендігін анық көрсетті. «Ұлтаралық бірлік («Ел бірлігі» деп те аталады) доктринасын қабылдатпаймыз!» деген ұранмен басталған бұл толқу билік пен қазақ ұлтшылдарының келісімімен аяқталса да, саяси тұрғыдан алғанда талай мәселенің бетін ашып берген сияқты.БИЛІК НЕ ҰТТЫ? Биліктің ең басты ұтысы – қазақтың ұлттық бағыттағы күштерімен, жеке азаматтарымен, зиялы қауыммен санасу керектігін қанды қақтығысқа жеткізбей ұққандығы. Егер олар «бұл шуылдақ ұлтшылдармен болған текетірестен алдап-сулап өттік қой» деп, бүгінгі күндерін ғана ойлайтын болса, кеше ғана міндеттеріне алған талаптарды орындауды сиырқұйымшақтандырып жіберетін болса, екінші кездесудің мүлдем басқаша өтетіні анық. Биліктің екінші ұтысы - өздерін аман сақтап қалғаны деп білемін. Меніңше, «Ұлттық доктринаға» осыншама қарсылық болғаны Президенттің құлағына жеткен де жоқ. «Доктрина авторлары» мен билік басындағылардың қыстың көзі қырауда Алматыға шабуының да басты себебі осында жатқан сияқты. Президенттің кеңес дәуіріндегі қалыптасқан әдетімен «Ұлттық идея туралы» жақсы бір құжат дайындап, соның маңында барлық халықты топтастыру керек қой» деген пікір-тапсырмасыннан соң, асығыс-үсігіс дайындалған құжатты Елбасының қарап, оқып шығуы да неғайбіл. Ал, кейіннен бұл құжаттың басты бағыттары қазақтың ашық қарсылығына тап болғаннан кейін, шала туған баланың аналары «Президент біліп қойса – біткеніміз» деген қорқынышпен, қазақтың өрекпіген көңілін қалай болғанда да жабуға тырысты... және сол мақсаттарына жетті де. Бұл да олар үшін - тамаша ұтыс. Биліктің үшінші ұтысы – ұлттық бағыттағы саяси қоғамдық күштермен, мәдениет қайраткерлерімен ашық пікірлесу арқылы келсімге келу жолының өз жемісін бергендігі. «Алдыңа келсе, әкеңнің де құнын кеш» деген қазақи психология тағы да өз дегенін істеді. Сонмен бірге бұл дау-дамайдың биліктің «сылап-сипау» саясатына үлкен қауіп тудырғаны да анық. Осы уақытқа дейін жоғарыдан «үлкен бір тарихи» құжат дайындап, оны талқыға салып (ондай талқылаулардың қалай өтетіндігін бәріміз де білеміз), жан-жақтан «бір кісідей қолдау» тауып, бір нәрсе тындырғандай болатын билікке, енді шын мәнінде де халықтың талқысына түсетін жаңа құжат дайындау керек болады. Оның «қазақ» жағы басым болса, «орыс» жағы үрпиііп қалуы мүмкін, ал «интернационалдық» бағыты басым болса, қазақтың «екінші Желтоқсанды» жасауға дайын екендігі анық. Қысқасы, билік өзін өзі екі оттың ортасына тас¬тады. «Доктрина» туралы бір ауыз сөз. Әрине, құжат бұрынғы космополиттік бағытта жазылған, алайда, «доктринада» ер-тоқымымызды бауырымызға алып тулайтындай, біз білмейтін жаңа «бөжей» жоқ. Не тобықтай түйіні жоқ, не собықтай дәні жоқ, баяғы «Стратегия 2030» сияқты, кейін анекдотқа айналатын құжаттардың бірі ғана. Әрине, біздің мақсатымызбен үйлеспейтін нақты екі-үш жерін турап, талдап беруге әбден болады. Бірақ, басқа жерлері не талдауға, не ұстауға келмейтін былжыраған бір нәрсе...» Қазақты осы «доктрина» көтерді» деген сөзге де сенгім келмейді. «Доктрина» - қазақтың лықылдап толып тұрған ашу-ызасын төккен, дәлірегі сәл болмағанда шын мәнінде төге жаздаған соңғы тамшы ғана болды. Сондықтан да, тек осы құжаттаң маңайынан шыға алмай, ырғалып-жырғалып отырып қалсақ, алысқа бара алмаймыз. Осы мәселені жақсы түсінуміз керек. ҚАЗАҚ НЕ ҰТТЫ? Қазақ, шын мәнінде де, көп нәрсе ұтты. Әңгіме тек қана осы ұтысты дұрыс пайдалана білуде, әрі қарай жалғастыруда; дамытып алып кетуде деп ойлаймын. Біріншіден, 1990 жылдардан бері алғаш рет мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауымның кейбір өкілдері ашық қарсылыққа батыл араласты. (Ұят та болса айта кетейін, тоқсаныншы жылдардағы тәуелсіздік үшін күресте зиялы қауымның басым көпшілігі бұғып қалған болатын. «Азат» қозғалысының ішінде, ұмытпасам бір-екі рет Шөмішбай Сариевті, Марат Тоқашбаевты ғана көріп қалдым). Оларды осы мәселеге Мұхтардың сөзі алып келді ме, әлде олардың да шыдамдары таусылды ма, ол жағы белгісіз, бірақ олардың соңғы жиырма жылдың ішіндегі алғашқы ашық қарсылығы ұлттық бағыттағы азаматтарға үлкен қолдау болғаны анық. Екіншіден, осы бастаманы көтерген Мұхтар Шахановқа ұлтшылдардың ішінде ренжіп жүргендері көп болса да, бұл жерде оны ашық сынау, аяқтан шалу болған жоқ. Бұл – бірліктің басы ма, әлде біздің сынымызды халық түсінбей қалады деп өздерін өздері тоқтату ма, ол жағы тағы да белгісіз, бірақ ашық қарсылықтың болмағаны анық. Аштық жариялауға бармағандарының өзі Мұхаңның қасынан табылып, оның мақсатын бір кісідей қолдады. (Аштық жариялауды саяси технология ретінде қолдануға менің де жеке көзқарасым бар, бірақ бүгінгі талдауға оның қатысы жоқ деп ойлаймын). Ендігі мәселе «акцияға қатыс¬қандар» немесе «қатыспағандар» деп бөлінуді болдырмау және биліктің уәдесін бақылаудың жолдарын дайындап қою. Үшіншіден, бұл акцияның белгілі бір деңгейде жеңіспен аяқталғаны да талассыз. Әрине, әлсіз «Доктринаның», өте бір қолайсыз кезеңде (қазақ тілі мәселесі ұшқынып, Ассамблеяға деген қазақ көзқарасының шектен шыққан кезінде, Желтоқсанның мәселесі шешімін таппай тұрған жағдайда, «кеден бірлігі» арқылы Ресейге жақындасудың қаупі пайда болғанда, т.т.) ұсынылуы - биліктің тарапынан бізге жасалған тамаша «көмек» екені де даусыз, алайда биліктің шегінісі – ұлттық мәселені мойындаудың нақты көрінісі. Бұл шегіністі біздер кез келген жағдайда тек жеңіс деп қабылдауымыз керек, себебі, егер билік аштықты тоқтату үшін берген уәдесін бұзатын болса, онда алдамшылығы ашылып, келесі жолы ешкім де сенбейтін жағдайға өздерін өздері әкеліп салады. Бұл жеңіс тоқырап қалған ұлттық күштерге жаңа қуат әкеліп, жаңа серпін береді деп үміттенеміз. Төртіншіден, бұрын билікке сүйеніп, қазақ елін мойындаудан көрі «қазақ жеріндегі әйтеуір бір мемлекеттің» азаматы болып, жұмыстарын ашық жүргізіп отырған ішкі жауларымыз «67 пайызға жеткен қазақ «Доктринаға» осындай қарсылық жасаса кейін қандай қадамдар жасауы мүмкін» деп (біреулер компьютер заманында бес-ақ күнде жарыққа шығатын халық санағының қорытындысының жария болмауы – қазақтардың санын 63-64 пайызға түсіруге бағытталған шаралар деп те болжайды. Бұндай ақымақтықтың жасалып жатуын да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, ол қазақтың қосымша ашу-ызасын тудырудан басқа ешқандай нәтиже бермейтіні анық), осыдан соң жан-жақтарына жалтақтай қарап жұмыс істеулері анық. Әрине, олардың байбаламы да ащырақ болады, үкіметке де қысым көрсетуі күшейеді. Сонымен қатар «жасанды интернационализмнің» күні өткені де талайды ойландырып, қазақ тәуелдсіздігіне жаңаша қарауға алып келді деп білемін. Бесіншіден, менің ойымша, бұл қарсылық арқылы қазақ халқы ояна бастады. Біздің ең үлкен жеңісіміз де осы. «Қазақ қарсылығы» десе, аузымызға түсетін «Біз бір көтерілмейміз, егер көтеріле қалсақ, ешкім де бізді тоқтата алмайды!» деген тұжырым шындыққа айнала бастаған сияқты. ОППОЗИЦИЯ ТУРАЛЫ БІР АУЫЗ ПІКІР Өкінішке қарай, бүгінгі ұтылыс, менің ойымша, қазақ мәселесін қолдаған оппо¬зи¬ция¬лық партиялардың еншісіне тиді. Бұл түсінікті де еді. Екі кеменің құйрығына жабысып (қазіргі жағдайда, қазақтың ұлттық құндылықтарының мәселесі шешілмей тұрған кезеңде, әрбір қазақтың басында «тәуелсіздік бізге не берді?» деген сұрақ пайда болған уақытта орысқа да, қазаққа да бірдей жақсатты көрінуге тырысып, тек қана саяси реформаны ту ретінде көтеру – үлкен қателік) алысқа бара алмайтындарын білген партиялар соңғы уақытта қазақтың ұлттық мәселесіне, тілге байланысты іс-әрекеттерге ашық араласа бастады. Әрине, «Ақжолдың» бұндай әрекеттерге баруы (ұлттық мәселе туралы партиялық құжат дайындап, оны бүкілхалықтық талқылауға ұсыну) ешкімді де таң қалдырмайды. Олардың сайлаушыларының басым көп¬шілігінің қазақтар екендігі бая¬ғыда мәлім болған. Алайда, соңғы уақытта, ұлттық мәселеге байланысты пиар науқанда Әлиханнан көрі Болат пен Жармахан ағамыз алға шыққан сияқты. Халық ішінде бұл мәселенің үш түрлі себебі айтылады. Біріншісі, «Болат соңғы уақытта Мұхтар ағамызбен жақындап, сол кісіні өзіне тартып жүр. Сондықтан Мұқаң да ұлттық мәселеге қатысты іс-шараға оппозицяның өкілдерін тықпалаудан жалықпайды» деген сөздер. Бұл пікірдің шындығын мен де мойындаймын. Бірақ саясатта әрқашан нақты іске ғана баға беру керек те, кім кіммен достасып жүргені екінші мәселе деп білемін. Екіншісі, «оппозиция ұлт¬шылдарды өздеріне тартып, өздерінің билікке қарсы күресінің бір қанатына айналдыруға тырысуда» деген пікір. Меніңше, бұл «арамдық» та, «пасық қулық» та, «қақпан» да емес, саяси ойынның қарапайым тәсілдерінің бірі ғана. Әңгіме ұлтшылдардың осы «қақпанға» түсіп қалмай, керісінше, оппозицияны өздеріне көмекші ете білуінде жатыр. Үшіншісі, «Оппозиция енді ғана оянды. Олар ұлт¬тық мәселеге енді араласа бастады. Бұл олардың таза мақ¬саты, шын ниеті» деген пікір. Оны, менің ойымша, тек қана сол оппозицияның Бағдарламасынан ғана білуге болады. Бағдарламаға кірмеген іс-шаралардың барлығын, әзірше, саяси ойын, тәсіл деп түсінейік. Ал ұтылыс деп, ЖСДП «Азат» (Қасиетті бұрынғы «Азаттың» атын бірінші рет басқа саяси күшке қатысты жазып отырмын. Өкінішті-ақ...) партиясының ұлтшылдардың аштық жариялағанын қолдап алдын-ала баспасөз конференциясын өткізуі деп айтар едім. Бұндай қолдауды Аштық басталған уақытта жасаған орынды болар еді. Ал «алдын-ала қолдау» - оларды осы акцияға «байлап қою», кері қарай шегінуді болдырмаудың ғана құралы сияқты көрінеді. Тағы қайталап айтамын, мүмкін оппозия бұндай мақсат қоймаған да болар, бірақ көп жерде олардың қолдауы солай қабылданды. Екінші ұтылыс - әр¬қайсысында 100 мыңдаған мүш¬елері бар оппозицияның осыған дейін ұлтшылдарға ұқсас бір де бір акция өткізе ала алмағандығы деп білу керек. «Доктринамен күрес» оппозиция мен ұлттық бағыттағы саяси күштердің мүмкіндіктерінің де көрсеткіші болды...Қаржыны былай қойғанда, бір де бір жеке газеті жоқ, облыстардағы құрылымдары да әлсіз, өздерінің де бастары бір қосылмайтын ұлттық күштердің билікпен алғашқы текетіресінің өзі-ақ көп нәрсені көрсетті. ҚОҒАМ НЕ ҰТТЫ? Бәрінен бұрын қараша-желтоқсан дүрбелеңінен қоғам ұтқан сияқты. Қазақ мемлекетінің атын өшіріп, келімсектер еліне айналдыру саясатының кейбір элементері бүгін өтіп кеткенмен келешектегі кері серпілісін болжап білу мүмкін емес. Қазақтың ежелден-ақ ұлттық намысы жоғары халық екендігі талассыз. Сонымен қатар қазақтың тәуелсіздіктен соң біршама қалғып кеткені де рас. Қазір сол маң ұйқыдан ояна бастаған сияқтымыз. Демек биліктің ұлттық, этносаралық бағыттағы саясатына қазақ бағасының берілуі де заңды. Ол баға неғұрлым ертерек берілсе, соғұрлым қоғамға да пайдалы. Меніңше, қоғамның басты ұтысы да осында. Біз келешектегі топалаңның алдын ала білдік. Қоғамның екінші ұтысы – диаспоралардың қазақ мәселесін түсіну кезеңінің келгені деп ойлаймын. Кешегі қараша мен желтоқсан айын¬дағы «қазақтың оянуын» мемлекеттік органдар мен баспасөз – «Шаханов бастаған ұлтшылдардың «көтерілісі» деп емес, республикадағы ұлтаралық саясаттың қателігін дер кезінде көрсетуі деп түсіндіруі шарт. Қазір жіктелуі кезеңі емес – түсіністік дәуірі болуы керек. Қазақ тоқсан пайыз болса да Отанымызда бізбен бірге өмір сүріп жатқан көршілеріміздің түсіністігі мен қолдауынсыз толық жеңіске жете алмайды. Және қазақтай кеңпейіл халық жоқ болғандықтан, сол кеңпейіл болғандығы себепті барлық мәселеге түсіністікпен қарайтындықтан, қарап келгендіктен бұл жерде түсіністік ең бірінші кезекте еліміздегі өзге ұлт өкілдері тарапынан бой көрсетуі тиіс. Түсіністік табылмаған жағдайда ешкім де жеңіске жете алмайтыны түсінікті, сонда да болса ең үлкен ұтылысқа қазақтан өзге ұлттар ұшырайтыны анық. Дос КӨШІМ, саясаткер