ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ЖАҢА КЛУБЫ

Апталығында бір топ қазақ журналистері бас қосты. Жиынға орталықтың директоры Хайролла Ғабжалелов қатысып, жас журналистердің клуб құру туралы идеяларына қолдау білдіретіндігін жеткізді.

Осы күні «Алаш» тарихи зерттеу орталығының жанынан жас жур­налистердің клубы құрылды да. Сөйтіп, «Қазақстанның жалпыұлттық патриоттық қозғалысының» жетекшісі Жанболат Мамай бастаған журналистер қауымы осы уақытқа дейін айтылып келген «Қазақ журналистерінің арасында ынтымақтастық жоқ» дегенді теріске шығарып, қазақ журналистерінің де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ортақ мақсаттың аясында жұмыс жасай алатындықтарын көрсетті.

Алдағы уақытта клуб еліміздің жас тілшілерінің басын қосып, олармен ұлттық мүдде, ұлттық мұрат, мемлекетшілдік, отансүйгіштік, азаматтық ар-намыс тәрізді күрделі әрі ауқымды мәселелер жөнінде әңгіме өткізетін болады. Ағым­дағы күрделі проблемалар жайында ой қозғауға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, мерзімді басылым басшылары, қоғамдық ұйым және және өнер, әдебиет пен мәдениет қайраткерлері шақырылатын болады.

«Клубтың мақсаты – қазақтілді журналистердің басын қосу, олардың ойын, көзқарасын ашық білдіретін орта қалыптастыру. Қазақ тілінде пікір алмасатын ақпараттық-танымдық кеңістікті кеңейту, журналистердің белсенділігін ояту. Саясаткерлерді, қоғам қай­рат­керлерін, ұйым жетекшілерін мемле­кеттік тілде сөйлеуге, қазақ тілінде ақпарат алмасуға жақындату. «Дөңгелек үстел» басында ғана жиын өткізу емес, тауға, демалысқа бірлесіп шығу, қазақтілді журналистер арасындағы достықты, әріп­тестікті нығайту, оны дамыту. Пресс-турлар ұйымдастыру да жоспарда бар. Сонымен қатар, «Қазақ журналистерінің клубы» журналистер күніне орай өткір тақырыптар, өзекті мәселелер көтеріп, ел, қоғам назарын өзіне аударған журналистерді 3 номинация бойынша марапаттап отырамыз», – дейді клуб жете­кшісі Жанболат Мамай.

Республикалық, облыстық БАҚ-нан көптеген журналистер қатысқан бұл жиынның соңында қазақ журналистері белгілі бір мерзім ішінде тұрақты түрде отырыс өткізіп отыратын болып тарасты.

Ендеше барша журналистер қауымын клубқа мүше болуға шақырамыз. Бірге болайық! Бір болайық, қадірлі журналистер қауымы.

Гүлмира САДЫҚОВА