ЖЫР АРҚАУЫ – КЕНТАУ

0
2253

«Қаратау тәжі – Кентау» деп ұлы Мұхаң Әуезов айтқан болса, сол кенді де, сәнді Кентаудың 55 жылдық мерекесіне бағыштап қала әкімі ойластырған мерекелік шаралардың бірі де, бірегейі – республикалық жазба ақындар мүшайрасы болды. Кенді қаланың өткені мен бүгінін, келешегін кестелеген өлеңдер қаланың Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайына жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Еңсесі түсіп, езіліп барып, енді ғана аяғына қайта тұра бастаған бір кездегі сәлетті де, дәулетті қаланың тұрғындарының да көңілдері көріктене бастағандай. Тамырына қайта қан жүре бастаған қаланың ажарын ашып, болашағын бағдарлайтын жыр жолдары қуанышты күннің көркін нұрландырғандай болды.

Сонымен, еліміздің әр шалғайынан жиналған арқалы ақындарымыз өз деңгейлеріне лайықты бағаларын алып, тағы да бір түкпірде жатқан кенді аймақтың халқына рухани қазына сыйлап қайтты.

Қазіргі қазақ поэзиясының қабырғалы ақындары санатында жүрген Исраил Сапарбаев, Нармахан Бегалиев, Ибрагим Исаев, Бауыржан Жақыптап төрелік еткен әділқазылар алқасының шешімі де шынайы, сенімді болды дей аламыз.

Мүшайраның бас жүлдесі – Алматыдан барған Оңтүстіктің тумасы – Бауыржан Қарабековке бұйырды.

Бірінші жүлде – Атыраудан келген ақын қызымыз, бұған дейін да бірнеше мүшайраларда топ жарған Әлия Дәулетбаеваға табыс етілді.

Екінші орын – қазіргі қазақ поэзиясында әсем жырларымен өз орнын орнықты иемденген Темірше Сарыбаевқаберілді.

Ал үшінші орын – Алматыдан барған айтулы ақынымыз, сол кенді қаланың тумасы – Қасымхан Бегманов, Оңтүстіктің ұланы, Қазақ ұлттық университетінің студенті Бауыржан Омарұлы, Астаналық ақын Ұларбек Дәлейұлы иеленді.

Ал қала әкімінің арнайы жүлдесін Кентаулық қарт ақын, қажы Рахым Балабиев алса, сол елдің перзенті, талантты композитор Сейдолла Бәйтереков атындағы жүлде астаналық ақын Бауыржан Қарғызұлына, тағы бір арнайы сыйлық Алматыдан барған Тоқтарәлі Таңжарыққа табыс етілді.

Ендігі бес ынталандыру орынды – Қарағандылық Тоқсейіт Өтебаев, Астаналық Динара Мәлікова, Алматылық Саят Қамышыгер, Болат Шарахымбай, Серік Қажылар иемденді.

Кеш соңы өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертке ұласты.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз