АЗАТ ЕЛДІҢ АСҚАҚ ӘУЕНДЕРІ ҚАЙДА?

1
1243

Қазақтың қай мінезін айта берерсің? Ол Абайдай данышпан мінеп-сынап, түзете алмай зар еңіреп өткен елдің мінезі емес пе? Мұртына ұстара тимей кеткен, оған енді қауғадай сақалы, ұзын шашты қызтеке, еркекшоралары қаптаған қазағы қосылған мына заманда не айтарсың? Қазақ шын қуана да, шын ренжіп, жылай да алмайтын бір тобырға айналып қалған ба деп шошынасың. Тұтас халық – бала-бақшаның мерекеге дайындалған әлем-жәлем киімді балалары құсап әндетіп, неге, қайда бара жатқанымен де шаруасы жоқ сияқты. Ең қорқыныштысы – осы ғой.

Біз бұларды неге қазымырлап, тәптіштеп отырмыз? Қазақты сынағыштар бізсіз де көп еді ғой. Басқасын айтпай-ақ, біз осы шынымен тәуелсіз, азат елге айнала алдық па? Бұрынғы Қаз ССР -і мен әзіргі Қазақстан Республикасы қанша алысқа ұзай алды? Айырма неден көрінеді? Бәрі де жұрттың көз алдында сайрап тұр ғой. Мекемелердің төбесінде желбіреген көк тудан басқа не атында, не затында, не басқарып отырған басшысында қандай айта қаларлық өзгеріс болып еді?

Жылқы ма, қой ма, әйтеуір хайуан текті ұмытшақ мінезімізге баспасақ мәз болатындай, тойдан-тойға жарыса, шашыла қоятындай не тындырып тастадық? Тым құрыса сол әлем-жәлем салтанаттарда көпшілік болып, немесе оркестрмен, хормен айтар жаңа азат елдің, азат тұрмысын, рухын танытар бір жүріс, шеру әні – марш жасай алдық па?

Біз қашанғы Құрманғазы мен Нұрғиса, Шәмшілердің мұрасын малданып, салбөксе болып қала береміз? Обломовтың «өлі ұйқысынан» қашан оянып, серпілеміз?

Азат елдің – азат, асқақ, өр әуені қайда? Азаттық, бостандық, тәуелсіздік – бұл қасиетті, айбарлы сөздер! Ол үшін тарихта мың-миллиондардың қыршын жаны қиылып, қаны судай аққан. Үш ғасырға созылған орыс, қытай отаршылдығына қарсы Тұран даласында, ер түрік ұрпағы аз құрбандық бермеген еді! Шіркін Мағжандай ұлы қазақтың – көк түріктің мынау сөзі көжеден көп композиторлардың біріне ұнамады ма?

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің – Тәңірі берген несібі ғой.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім туып-өскен.

Тұранның тағдыры бар толқымалы,

Басынан көп тамаша күндер кешкен!

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікке адамзатта ел жеткен бе?

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял.

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?

Бүгінге дейін біреудің қолы зар жылап әрең жетсе, біреудің қолы әлі жете алмай еңіреген қайран азаттық, Махамбеттер, хан Кенелер, Бекболат пен Ұзақ батырлар, Шәкәрім қажы, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектер, Таңжарық, Ақыт қажылар, желтоқсаншылар армандап қол жеткізе алмай кеткен, көз жасы боздақтар қанына толы Азаттық, сен қалай да біз көзбен көріп, қолмен ұстағандай болған Азаттық едің. Саған қол жетіп көгімізге көк Ту көтерілген күні, сол бір қасиетті, құтты күні – шырқап салар ел ұраны (гимн) – азаттық әні жаңадан дүниеге келмеуі, шерушілер жұм бола гүрілдете айтар жорық, жүріс әуендерінің тумауы Алаш баласы сені, ел ағалары сіздерді ойландырған жоқ па? Әй, қайдам?..

Бізде не көп, қыңсылаған, ыңыранған, қаралы жесірдің жоқтауындай зарлап, жылаған әуендер, одан қалса төбеңді оярдай, құлағыңды тесердей одыраңдаған, тасыраңбай, әкіреңбай, әңгүдік, шалық тиген ию-қию бірдеңелер көп. Қайда барсаң да қашып құтыла алмайсың.

Құдайға шүкір, Қазақстан нешеме орденді, медалды, лауреат иелері композиторларға (сазгер дей көрмеңіз, ол кісілердің мәртебесі түсіп кетеді), әнші, күйшілерге, әуесқой әншілерге кенде емес. Олар бұдан 10 жыл, 20 жыл бұрын қай әуенге басып жүрсе, бүгін де дәл сондай, тіпті, үдеп, елеуреп, еркінсіп алған. Оларға азаттық, тәуелсіздік дегеннің ешбір қатысы жоқ. Қазақтың түбіне әлі де болса осындай науқаншылдық, көрсеқызар тексіздік, әсіре белсенділік жетеді. Ән, саз өнерімізде де жағдай солай.

Сонымен Азат елдің Азат әуені қайда? Ол өзі қазақ топырағында болып па еді?

Неге болмасын? Болғанда қандай! Жауынгер көк түріктің, Алаштың жортуыл жолын басып, жәй ойнап, жалын шашқан ұзақ тарихында бәрі де болды ғой.

Қасиетіңнен айналайын аруақты Ақтамберді бабамыздың толарсақтан қан кешіп жүріп:

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айғайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан,

Жалынды жүрек, қан қайнап.

Ел-жұртты қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап, – деген жыр жолдарының әуені, сазы жоқ еді деп кім айта алады? Христиан, католик шіркеулерінен шыққан хор, опера, оркестрмен орындалмаса, ол көпшілік айтуға арналмаған деуіміз керек пе?

Тарихтан хабардар адам жорық жырлары, әндері, тіпті марштар көк түріктің қайтпас жауынгерлері сүрен салу, аруақ шақыру, іс-қимылды бірлікке келтіру үшін айтатын хор түрінде қолданылғанын біледі. Ал, әлемдегі тұңғыш жорық маршы мен оркестрді дүниеге әкелген әйгілі Османлы императорлығы екендігін зерттеушілер теріске шығара алмас.

Шер батса кім іздемес туған елін,

Тұлпар да көксемей ме туған жерін?

Арқаның ардагері қалың Алаш.

Тұран да біле-білсең сенің жерің, – деп алаштың ардагер азаматы Мағжан жырлағандай, біле-білсек қазаққа тұтас Тұран, исі түркі, сол қатарда Түркия елі орыс пен қытайдан жақын емес пе еді? Оның қан ойнатып, жігер жаныр тамаша жорық марштарын үйреніп, шерулерде неге шырқата салмасқа? Әскери музыканттарға неге үйретіп ойнатпасқа? Мұндай істерге келгенде жалған намыс, жақын мен жатты айыра алмайтын шата өгейлікке жол бермеу керек.

Кешегі Колбин мен Камаледдиновтар қаһарына мініп, Алаш баласын тарының қауызына сыйғызамын деп құтырынып тұрған күндерінде көгілдір экраннан Ақтамберді бабаның «Күлдір, күлдір кісінетіп» жырын тегеурінді өр екпінмен қаршадай Бекболат бауырымыз күңіренте айтқанда бойында ұлттық қаны бар Алаш азаматы қандай серпіліп еді десеңші!

Күлдір, күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз.

Күдеріден бау тағып,

Кіреуке киер ме екенбіз!

———————————–

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екенбіз!

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екенбіз!

Желтоқсаншылардың Орталық Алаңда жығылған ереуіл туын қайта көтергендей Бекболат бауырымыз көгілдір экранға шыққанда қуанғанымызды неге жасырайық. Бірақ, Бекболаттың сол ерлігін біреу бағаласа, біреу елей қоймағаны да шындық емес пе?

Шіркін, сондай ел басына күн туған алмағайып заманда, баяғы ұмыт болған Міржақыптың «Алаш маршын» аспандата айтып аруақ шақырар ма еді деп армандайсың. Ең өкініштісі, ол марш күні бүгінге дейін азат, тәуелсіз Қазақстанның эфиріне әлі шыға қойған жоқ, таяуда шыға да қоймас. Өйткені, «Қазақстан халықтарының» достығына нұқсан келуі, достар ренжіп қалуы мүмкін… Ендеше азаттықтың алтын күрек желі соғып еді, шын тәуелсіз Қазақстан құрылып еді деп қайтіп айта аламыз? Әйтпесе «Алаш маршымен»:

Арғы атам ер түрік,

Біз қазақ еліміз!

Самал тау, шалқар көл,

Түркістан жеріміз.

Сай-сайлап, мал айдап,

Сайранда ел жайлап.

Ерке өскен Түркістан,

Еркесі серіміз.

Бұғаудан босанған,

Біз долы арыстан.

Залымды жоямыз,

Қайтпаймыз намыстан!

Ат мінсек жел болып,

Зауылдап шабамыз.

Лап десе от болып,

Лауылдап жанамыз!

Түріктің жолына,

Қызмет етеміз.

Ақиқат жүректе,

Осыған сенеміз!- деп асқақтата әндетсек керек еді ғой.

Қадірлі оқырман қауым, ақ түйенің қарны жарылып, азаттықтың алтын арай таңы атты деген 1991 жылдың желтоқсанынан күні бүгінге дейін шерулерде шырқалар, тіпті мектеп оқушылары әндетер, әскери жүрістер мен көдеден көп той-мерекелерде топтала айтар бір әуеннің әлі туа қоймағаны сіздерді толғандырмай ма? Күллі баспасөзі мен эфиріміз ондай қажеттілік жоқтай, жұмған аузын ашпауы қалай?

Санды ақпарға құмар әдетімізге бассақ мыңдаған жоғары білімді маман музыканттар мен композиторлары, пәленбай лауреаттар мен халық әртістері бар Қазақстандай алып елдің таразы басарлық, толымға толарлық елдігін, азаттық қуаныш шаттығын білдірерлік жаңа асқақ әуендерді тудыра алмауы қай жетіскендігіміз дей алармыз?

Республика күні, жаңару күні, ұлттық ұлан, ұлттық әскер дүниеге келген күн, т.б. құдайға шүкір мерекеге кемдік жоқ. Бұрынғылар «орыстың мейрамы көп, қазақтың айраны көп» деуші еді, әзір оның керісінше болды десек те артық емес.

Тәуелсіздік дегеніміз, әлде, жүздеген киіз үйді бір ауданнан бір ауданға, бір облыстан екіншісіне тасып, қаз-қатар тізіп балалардың ойынындай айқай-сүрең, алашапқын ересектер ойынын көрсету ме? Оның есесіне осы заманға лайық жасампаздық істермен айналыссақ болмас па? Яғни сауыт, қалқан, найза, ат-әбзелге кеткен миллиондардың біразын біз айтқан жорық, шеру әндері мен саз әуендеріне, отаншыл марш әуендеріне бәйге жариялап, ұйықтап жатқан сазгерлерімізді сыйлықпен болса да оятып, желпіндіріп, қолына қалам алуға түрткі болсақ еді!

Бізді қайран қалдыратын тылсымдай тымырайған бір сұрақ бар: Кешегі бізге сырттан зорлап таңылған, жапсырылған партия, комсомол, көсемдер мен шешендерге, тіпті алжыған Леонид Ильичтерге дейін ән-жыр арнағыш, «шаттық отанында» масайрап «коммунизм отын» алаулатқыш сазгерлер мен олардың «талантты» шәкірттері бүгін қайда жүр?

Мынау азат, тәуелсіз Қазақстанның сазын жасайтын сазгерлерді 30-жылдардағы үрдіспен енді Америка, Қытай, Корейлерден импорт жасауымыз керек пе? Намысымыз – елдік, ұлттық намысымыз қайда ағайын?! Желге желіндеп, мұзға бұзаулаған қайран отандастарым-ай, құр тұлыпқа мөңірегенді қойып, өз төліңе, өз қаның мен жаның араласқан ақ, адал перзентіңе иійтін уақытың болды ғой. Туған Отаның, әз анаң, азат елің айбарлы, айбынды, айдынды қазақ әуенін сендерден күтуге қақылы әрі оны сендер беруге міндеттісіңдер!

Бізге азат елдің асқақ әуені ауадай қажет, ағайын!

Қысқаша анықтама

Бұл мақала 1993 жылы жазылып «Түркістан» газеті редакциясына, 1994 жылы «Қазақ әдебиетіне», ол баспаған соң «Жас Алашқа» жіберіп едім, ол газеттің редакторлары да жауапсыз қалдырды. Содан бері де талай жыл өте шығыпты.

Ал, мен көтерген проблема күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Өйткені, «Азат елдің Асқақ әуені» әлі туа қойған жоқ. Егер лайық көрсеңіздер осы қосымшаны келтіре отырып, кезінде жолы болмаған мақаланы толық жарияласаңыздар жақсы болар еді. Шындық қашан да мәймөңкөге бара алмайды. Шындықтың дәмі кермек, жүзі өткір, даусы өктем келеді. Бұл күндері жалған қошамет пен аяр күлкінің базары жүріп тұр ғой. Бір мезгіл ащы-тұщыға да кезек бере қойсақ ешкімнің тәбеті бұзыла қоймас.

“Қысқаша анықтамаға” қосымша

Мен 1996 жылдың желтоқсанынан бастап ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының «Ерте және орта ғасырлар бөліміне» ғылыми қызметкер болып орналасқан едім. 1999 жылдың басында директорымыз академик Манаш Қозыбаевпен болған бір әңгіме үстінде мемлекеттік Әнұранмен президенттік оркестрдің бүгінгі жәй-күйін сөз етіп едік.

Сонда ол кісіге бүгінгі жағдайдың Кеңестік кезеңнен еш айырмасы болмай тұрғанын, сондықтан мына туысқан Түркия елінің 700 жылдық бай тәжірибесін ескеріп, солардың жорық марштары мен әскери шеру әндерін орындайтын әртүрлі аспаптарының бізге жақындауын сараптап пайдалансақ, өзіміздің дәстүрлі үрмелі, ұрмалы аспаптарымызды көбірек қолдана отырып, ұлттық оркестрімізді жасақтасақ болар еді дегенімде, академик ағамыз өзінің де сондай толғаныста жүргенін айта келе, бірден сөзден іске кірісіп, маған қолма-қол тапсырма берген болатын. Нақтылап айтқанда, алдымен Түркия мен басқа да түрік республикаларының президенттік оркестрлерінің тарихы мен аспаптарының құрамы жөнінде мәліметтер топтамасын әзірлеу, содан кейін өзіміздің президенттік оркестрдің жағдайы жөнінде жазбаша мағлұмат дайындау, сонымен бірге Алматыдағы музейлердің мамандары және белгілі композиторларымен пікір алысу, т.б. істерді қолға алуды тапсырды. Осыларды тиянақтап алғаннан кейін президенттің өзіне ұсыныспен шығатынын да ескертті.

Мен шама-шарқымша ізденіп, оркестрлер тарихы мен ерекшеліктері жөнінде едәуір материал жинадым. Бірақ ол тұстағы менің жағдайым бұл жұмыстың соңына індете түсуге мүлде жар бермей-ақ қойды. Сөйтіп жүргенде Манаш ағамыз о дүниелік болып кетті. Бұл ізденіс сонымен аяқсыз қалды.

Тәуелсіз қазақ елінің рухын көтерер асқақ әуендер дүниеге келіп жатса, оны нәшіне келтіре орындап бере алар ұлттық бояуы қанық, нағыз қазақы оркестр жасақталып ұлы мерекелерімізбен, шетелдік құрметті меймандарды қабылдаулардың мәртебесін аспандатар мерейлі күндерге жетсек деп армандап едік.

Құдайға шүкір, содан бергі ондаған жылдар мұғдарында бұл салада да ауызға алар жетістіктер де баршылық екен. Ең сүйінерлігі кеңестік науқанмен үйірлі ақын, топты композиторлар тапсырмамен жазып, жарты ғасыр бойы жұртқа жарты жолын жатқа айтқыза алмаған «советтік гимннен» құтылып, «Менің Қазақстанымдай» елдік Әнұранымызды таңдап ала алдық. Әйтсе де бұл салада қолға алар мемлекеттік әрі қоғамдық іс-шаралар көп-ақ.

Замандастарым мен кейінгі толқын бауырларыма ой салар ма екен деген ниетпен дер кезінде баспасөзге жол таба алмаған шағын мақаламды ұсынғанды жөн көрдім. Уақыт бәріне төреші ғой.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз