ҚАЙРАТКЕР ҺӘМ КҮРЕСКЕР ТҰЛҒА

«Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» атты республикалық

ғылыми-теориялық конференцияда оқылған мақала

(Марал Құрманұлы 1780 -1841)

Қадірлі зиялы қауым!

Қазақ тарихының елеулі оқиғалары орын алған, ұл­тымыздың мақтанышына айна­лған біртуар тұлғалар дүниеге келген Сыр өңірінде есімі алты алашқа әйгілі Марал Құрманұлы бабамыздың 230 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференцияда бас қосып отырмыз. Осы келелі жиынды ұйымдастырған Қорқыт Ата университетіне және аймақ басшылығына алғысымды білді­ремін, алыс жақын жерлерден келген қатысушыларға өзімнің ризашылығымды жеткіземін.

Осыдан 5 жыл бұрын Марал бабамыздың 225 жылдық мерейтойы аталып, ел көлемінде әңгіме көтерілгені, игі-жақсылар бас қосып, ұрпақ жадында қалатын ұлағатты баяндамалар оқылып, мақалалар жазылғаны есімде. Мен сол жиынға қатыса алмасам да, бүгін бабамыздың 230 жылдық мерейтойына Алматыдан арнайы келіп, қатысып отырғаныма ерекше қуаныштымын, бұл да менің өмірімдегі естен кетпес оқиғалардың бірі ретінде қалары сөзсіз. Халқымыздың ардақты ғалымдары ф.ғ.д., профессор Тұрсынбек Кәкішұлы мен м.ғ.д., профессор Мақсұт Темірбаевтың қайраткер бабамыздың 225 жылдық мерейтойында алғаш танысып, содан бері ағалы-інілі етене араласып келе жатқанын көріп жүрген жан ретінде, осындай игі шаралардың бүгінгі ұрпақ өміріне де оң әсерін беріп, асқаралы тұлғалардың дәнекершісі рөлін атқарып жатқанын атап өткім келеді....

Марал бабамыздың өмі­рі мен еңбектері туралы жазылған кітаптар, ғылыми-публицистикалық мақалалар баршылық. Мен қолыма жеткен кітаптар мен мақалаларды оқып шығып, Марал бабамыздың өмірі мен қайраткерлігі жөнінде әлде де зерттеу жұмыстары жасалуы тиіс деген тұжырымға келдім. Алдымыздағы уақытта осы Қорқыт Ата университеті мұрындық болып, ғылыми зерттеу жұмыстары қолға алынса, арнайы жобалар жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Ондай бастама бұған дейін қолға алынған болуы да мүмкін, егер бейхабар болсам, кешірім өтінемін сіздерден....

1780-1841 (бір деректерде 1853) жылдары аралығында Қостанай өңірінен бастау алған өмірі Қармақшыда мәңгі тыныш тапқан Марал бабамыздың өз дәуірінен асып туған дана тұлға екеніне күмән жоқ. Ол кісінің өз заманындағы қоғам өміріне етене араласқаны, діни қайраткерлігі, ағартушылық рөлі, ұлт-азаттық күрестегі алар орны мен қосқан үлесі әр қайсысы жеке зерттеу саласы болуға сұранып тұрған тақырыптар. Мен Марал Құрманұлы бабамыздың ғылым, білім іздеп өз заманындағы озық білім ордалары орналасқан Бұхараға баруын ғибратты уақиға ретінде қабылдаймын. Мен оны қазіргі заманда бәріміз жаппай Бұхараға барып білім алайық деген мағынада емес, заманымыздың ең озық ілімі қайда болса, сонда барып білім алайық деген мағынада қабылдаймын. Өйткені, Марал бабамыз өзінің шыққан ортасына, әл-ауқатына, мүмкіндігіне және сол дәуірдегі қоғамның ахуалына сай білім іздеп алыс-алыс мекендерге сапар шекті, көптеген жылдар бойы шәкірт болып білім алды, өзінің теорияда (назарияда) алған білімін практикада (амалиятта) пайдаланды, тіпті дамытты. Діни сабақтармен ғана шектелмей, медицина саласын да игеріп, талай жылдар бойы қазақтың кең сахарасындағы медициналық қызметтен ма­құ­рым қарапайым жұртқа ши­пагерлік қызмет көрсетуі Марал бабамыздың өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігін паш етсе керек....

Ақтабан шұбырындының зобалаңы аяқталса да, ызғары әлі басылмаған кезеңде өмір сүрген Марал баба күрделі саяси-әлеуметтік барыстардың ішінде әлінің келгенінше халық­қа басшылық жасап, жол көрсетумен болған. Мәселен, оның қазақ жұртын «қала салып, егін егуге» шақыруы және ел еңсесінің көтерілуі тек осы жолмен ғана болатынын халыққа уағыздауы бүгінгі біздерге оңай тіршілік болып көрінгенімен, өз заманында ерлікке тең қадам болғаны хақ. Бұл жөнінде сол уақыттың деректері, Руссия билігінің арнайы қызметкерлерінің хаттамалары куәлік ете алады. Марал бабамыз қазақ халқын сауаттылыққа, оқу-білім қууға, еңбек етуге, дербес ел болуға шақырған, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қолдау көрсетіп, оның басы қасында болған тұлға. Керек кезде отаны мен халқы үшін жанын аямаған, тікелей күрестің ішінде болған жан. Міне, бабамыздың осы ерен ерліктері бүгінгі біздерге үлгі болатын қасиеттер. Әсіресе, рухани дағдарыс белең алып, қоғамда үлгі тұтарлық тұлғалар сиреген қазіргі зар заманда жас ұрпақты тәрбиелеуге Марал бабамыз сияқты жанкешті еңбек етіп, бірбеткейлік пен қайраткерлікті ту еткен алаштың ардақтыларын пайдалансақ еш артық болмас еді. Жалпы, XIX-ғасырда және XX-ғасырдың басында өмір сүрген Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы, Ғұмар Қараш, Шаһкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты біртуар зиялалырымыз ұлтты ояту және ұрпаққа үлгі болу тұрғысынан адал қызмет еткен жандар. Олардың ешқайсысы артында бизнес қалдырмаса да, ұрпағына шындықты жариялайтын аталы сөз, өнеге-үлгі, ұлтына деген жанашырлық пен махаббат сезімін қалдырды. Бүгінгі мына конференцияны отанымызға және ұлтымызға адал еңбек еткен ата-әжелеріміздің еңбегін атап, олардың алдында құрмет білдіру шарасы деп санаймын. Сонымен қатар Марал баба, Шаһкәрім, Абай, Ахмед әл-Йесеуи қа­тарлы бабаларымыздың алты алашқа, тіпті, күллі адамзатқа ортақ тұлғалар екенін, ешбір діни ағым мен саяси топтың қоржынына сыймайтынын атап айтқым келеді. Ең болмағанда осы мәселеде сақтық танытып, олардың есімінің бөтен мақсаттар үшін пайдаланылуына жол бермеуіміз керек...

Сөз соңында жыр елі Сыр еліне өзімнің барлық ізгі тілектерімді жаудыра отырып, мерейтой барша қазақ жұртына құтты болсын, қазіргі ұрпақтың ішінен де Марал бабаларымыз молынан шыға берсін тілек білдіремін!

Мұртаза БҰЛҰТАЙ

Философия ғылымдарының кандидаты,

дінтанушы, мәдениеттанушы