ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ ШЕБЕРІ

1
4131

Киелі өнерді ардақтай білген дана халқымыз күй құдіретін аса жоғары бағалаған. Бір кездері мәдениетіміздің күңгірт тартып, санамызға селкеу түскеніне қынжылған жайымыз бар. Алайда тәуелсіздік тұғырына қонғаннан кейін, кейбір олқылықтарымыз оңалып, өшкеніміз жанып, өркениетіміздің өркендегеніне бөркімізді аспанға атып қуанғанбыз.

Жаншылып қалған еңсемізді көтеріп, үзілген үмітіміз қайта жалғанған мезгіл де осы болатын. Осындай мерейлі кезеңде елім деген ұлт жанды азаматтарымыз ел беделін асқақтата түсуге өз құлшыныстарын танытып жатты. Бергісін айтпағанда, шекараның ар жағынан келіп жатқан ағайындар өз отанына тарту-таралғысыз, олжасыз келмегені анық. Бергенінен берері көп қандастарымыз мәдениетімізге зор үлесін қосып келеді. Бұған дәлел – тайға таңба басқандай айшықты өнерімен сырын да, жырын да, қос ішекті қара домбыраның шанағына сыйдырып ала келген «Шертпе күйдің шебері» дәулеткер күйші, ақын-сазгер Мұқаш Таңғытұлының еліне қосқан елеулі еңбегін елеусіз қалдыру мүмкін емес. Сыршыл да, ойшыл шашасына шаң жұқпас саңлақ күйші 1962 жылдың желтоқсан айында ҚХР Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен соң, экономика және қаржы иниститутын үздік тәмәмдап, 1985 жылдан бастап 17 жыл банк саласында қызмет істеді. Тәжірибелі маман қаржы саласында жоғары дәрежелі экономист атағының иегері болады. 2000 жылы Қазақстанға қоныс аудару мақсатымен жұмыстан қол үзеді. 2001 жылы алғаш рет Атамекен топырағына табанын тигізіп, 2003 жылы Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Есік қаласына бір жолата көшіп келіп қоныстанады. 2009 жылдан бері қарай Алматы қаласында тұрып жатыр.

Мұқаңның өнер жолына тоқтар болсақ,балалық шағынан-ақ, әкесі Таңғыт Мұқатұлы жұртқа танымал домбырашы болған екен. «Өнерің үстем болсын, өркенің өссін» деген ата тілегін, ауыл батасын алып әншілік-күйшілік өнерімен көзге түскен баласының тума талантын ерте байқаған көзі ашық, көкірегі ояу сұңғыла әке Мұқашты жеті жасынан бастап өнер-білімге баулиды. Сол кездегі күй майталманы Мұрат Ыбырайұлына шәкірттікке береді. Жасы 70-тен асып аты аңызға айналған күйші Мұрат орта мектепте оқып жүрген бала Мұқаштың орындаған күйін тыңдап, оған үлкен сеніммен қарап, үкілі үміт артады. Содан бастап Мұқаш Қайрақбайдың, Әсет Найманбайұлының күйлерін және халық күйлерін белгілі күйші Жұмажан Сыдықұлынан үйренеді. Естігенін екі етпейтін қағылездігінің арқасында терең иірімді күрделі күйлерді тез игеріп алған ол икемді саусақтарының шапшаң қағысымен жұрт көңілін жаулап алады. Осылайша ел арасында «күйші бала» деген атқа ие болады. Сазды күй әуенімен ауызданған тастүлек балғын қанатын кеңге жайып, Қытай қазақтарына танымал Кәсімбай Құсайынұлы, Камал Мақайұлы сынды дарынды күйшілерден сабақ алып, өнерге аршынды қадам басады. Домбыраны шын ықыласымен тартып, шалқар шабыты шарықтай түскен күйші боз бала тек шебер орындаушы ғана емес, өз жанынан күй шығаратын дарын иесіне айналады. Күйшінің туындысы көбінде шалқыған көңілді, дархан өмірді, байтақ даланы, мөлдір махаббатты, өткенді, болашақты толғайтын елдің елдігін, батырдың қайталанбас ерлігін желеу еткен ұлттық рухты мақтанышпен бейнелейтін бірегей өміршең туындылар. М. Таңғытұлы Қытай елінде жүргенде әр түрлі мәдени шараларға қатысып, өз өнерін шыңдай түсу үшін, үлкен саханалардан көрініп жүрді. Айталық, 1976 жылы шілде айында Толы ауданының Қоңыр оба сазы жайлауында өткен ақындар айтысының сахнасында тебірене күй орындап, ел ықыласына бөленеді. Осы бір мерекелік жиын-тойда Алтайдың айтулы күйшілері – Боздақ Дүзбенбетұлы, Тайыр Белгібайұлы, Дәулет Халықұлы, Тарбағатай аймағынан Зағыпар Туғанбайұлы қатарлы күй өнерінің тарланбоздарымен кездеседі. Әкесі бала Мұқашты сол өнер адамдары жатқан киіз үйге ертіп келіп күй тартқызады. Жалындап тұрған балаң жігіт бөгелместен, қолына үкілі домбырасын алып, Сүгірдің «Көкейкестісін» бебеулете жөнеледі. Күй аяқталғанда төрде шынтақтап жатқан сұңғақ бойлы, аққұба жүзді Кәсімбай Құсайынұлы: «Атта арман жоқ, артынан ерген құнан болса, азаматта арман жоқ, артынан ерген ұлан болса деген ғой. Мынадай өнерлі ұрпағымыз тұрғанда, біз де не арман бар»,- деп орнынан тұрып, көп болып балаға бата береді. Әрі көрші үйдегі Шынжаң қазақ радиосынан келген тілшілерге ертіп апарып, күйін радиоға жаздырады. Мұқаш Таңғытұлы өз орындауындағы күйді әуе толқынынан алғаш рет естігендегі қуанышын әлі күнге дейін жасыра алмайды.

Күйшінің даладан қалаға, сахарадан сахнаға, яғни өнер жолына сапары осылай басталады. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей ой өрісі кеңейіп, жан сарайы ашыла түскен өнер иесі ұлы сапарында өнердің әр саласына құлаш сермеп, домбырадан тыс, гитара, акардионда да орындаушылық өнерін әйгілеп, ел назарына ілігеді. Сонымен бірге Қытайдағы мерзімді қазақ баспасөздерінде 100-ге тарта өлеңдері жарияланады. «Ат айналып қазығын, ер айналып елін табады» дегендей әр өнердің арнасында өзін сынап көрген өнерпаз жасы 30-дан асқан соң, бірыңғай күйшілік өнердің соңына түседі.

Ер азаматтың міндеті – біліп қана қою емес, білгенді халыққа жеткізу екенін басты нысанаға алған күйші 1990 жылдардан бастап, Қытай қазақтарының ХIV-XX ғасырларда өткен күйшілердің өнер жолы мен өмір жолын зерттеумен айналысады. Қытай жеріндегі Алтай, Тарбағатай, Іле, Манас, Құтыби, Санжы, Үрімжі, Құмыл, Баркөлдегі қазақтарға дейін барып, 100-ден астам күй жинап қайтады.

Аумалы-төкпелі заман кімге болса да кесірін тигізеді ғой. Әсіресе 1980 жылдары Қытайда да бір мезет мәдени мұраларымыз жарыққа шыға алмай, дәстүрлі күй тартатын қарияларымыз күн санап азайып, шертпе күй мектебі тоқырауға ұшыраған еді. Осындай пұшайман жағдайда М. Таңғытұлы қол қусырып қарап отырмай, «Дәстүрлі мәдениетімізді насихаттасам, шертпе күйді қаймағын бұзбай халыққа жеткізсем» деген мақсатпен ізденістің арқасында 2002 жылы Іле «Халық» баспасынан «Шығыстың шыңырау күйлері» атты кітап жазып шығарады. Сондай-ақ шертпе күйлердің қалпын бұзбай орындап, «Жайсаң», «Шыңырау» атты күй таспаларын шығарады. Бұл еңбектер ел ішінде үлкен аңыз қозғайды. Көптің көңілінен шығып, жүрегіне жол тапқан 20-дан астам күйі мен 40-тан астам әндері осының айғағы. Мәселен: «Мұқаштың шалқымасы», «Зәмзам», «Жайсаң», «Елтұтқа», «Тоқтар батыр», «Жайылған», «Нұр Астана», «Кейінгі ел» қатарлы күйлері мен «Бойжеткен», «Саңлағым», «Нарынсу», «Зәуреш-ай» секілді көптеген әндері бар.

Күйшінің асқақ арманы – ұлттық өнерге мұрагерлік ету, оны дамытып, байыта түсу әрі сол асыл мұраны қазақ елінің алтын қорына қосу еді. Алатаудай асқақ арманмен Қазақстанға келген соң, өнер жолын тыңнан бастап, өнер өрінде жүрген қамқор ағаларымен кездесіп, олардың орындаушылық шеберлігінен өнеге ала жүріп, отандық өнеріміздің алтын қорына «Шығыстың шыңырау күйлерін» теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қылып қосады. Белгілі жазушы Дидахмет Әшімханов «Ел арна» телеарнасына студия қонағы етіп шақырады. Мұқаш Таңғытұлы тұңғыш рет Қазақстан халқымен көгілдір экран арқылы жүздесіп, өнерін паш етеді. Осы хабардан соң, дәулеткер күйші Уәли Бекенов мырза арнайы шақыртып алып күй орындатады. Күйші У. Бекенов өмірінің соңына дейін Мұқаңмен етене араласып, шертпе күй тартудың қыр-сырына қаныға түседі. Жылт еткен жалыннан ұшқын лаулап, ары қарай Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтай, Айтжан Тоқтаған, Таласбек Әсемқұлов, Біләл Ысқақов, Дәулетбек Сәдуақасов, Жарқын Шәкәрім қатарлы қазақтың арқалы күйшілері қолдап, радио телеарналарға арнайы таныстырады. Өнердегі ағалары осылайша Мұқаштың танылуына игі ықпалын тигізеді. Мұнымен қоса, өнердегі достары Секен Тұрысбек пен Жанғали Жүзбаев сынды тұлғалар күйшіні бауырына тартып, қуанышына ортақтасатын иық сүйері бола білді. Әрине, күйшінің талантына тәнті болып, ізін басқысы келген іні-қарындастары да болды. Осы қатарда Саян Ақмолда, Базарлы Нүптекеев, Мұрат Әбуғазы, Сәрсенғали Жүзбаев, Ерлан Рысқали, Нұрханым Жексенбаева сынды жас күйші зерттеушілер М. Таңғытұлымен кездесіп, шығыс күйлерін зерттеуге талпынады. Бұған дәлел – Мұрат Әбуғазы күйшінің орындауындағы көптеген күйлерін жеке үнтаспаға жазып, нотаға түсіріп, кітапқа шығарды.

Мұқаш Таңғытұлын отандық теле арналар жиі-жиі сұхбатқа шақырып тұрады. Айталық, «Жеті саз», «Қазақтың жүз күйі», «Нар идірген», «Күй-дария», «Саз отау», «Көңіл ашар», «Таң шолпан», «Дала думан» қатарлы бағдарламалардың бәріне студия қонағы ретінде шақырылып, туған өлкесінің күйлерін насихаттап, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Өз дарынына сенген күйші облыстық, республикалық, халықаралық күй фестивальдеріне қатысып, бақ жұлдызы оңынан туып жүлдегер болды. 2006 жылы 13 қыркүйекте Алматы қаласында республикалық «Көктөбе-2006 күй керуеніне» ҚР-нан таңдаулы 30 күйшінің бірі болып, күй тартып, «Алтын қобызбен» марапатталады. 2007 жылы 13 желтоқсанда Алматыдағы ғалымдар үйінде «Абыз домбыра, қоңыр күй» атты күй кеші өтеді. Аталмыш кешті Т. Әсемқұлов, Қ. Тасбергенов, М. Әбуғазы, М. Таңғытұлы, С. Жүзбаев сынды республикаға танымал бес күйші бірлесіп өткізеді. Күй кеші көрермен көңілінен шығып, жоғары баға алады. 2008 жылы 7-9 қазанда Алматы қаласында «Мәңгілік сарын» атты республикалық күй антологиясында «Мәңгілік сарын»-ға М. Таңғытұлының орындауында ғы Қытай қазақтарының байырғы күйлерінен үш күй енгізіледі. 2009 жылы Ғалым Доскенов мырзаның басшылығындағы «Ел» продюссерлік орталығынан шыққан «Қазақтың 1000 күйі» атты үлкен топтамаға күйшінің өз орындауындағы күйлері енеді. 2008 жылы шілдеде Астана қаласының 10 жылдық мерей тойында Түркия, Ресей, Өзбекстан, Башһүртстан, Татарстан, Қырғызстан, Монғолия қатарлы 17 мемлекеттегі әлемге әйгілі өнер саңлақтары қатысқан «Астана арқауы» атты халықаралық фестивальде де сыйлық сахнасынан көрініп, қомақты жүлдеге ие болады. 2009 жылы 3 қыркүйекте Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында Алматы облысы бойынша бірінші орынды жеңіп алып, бас бәйгені еншіледі. М. Таңғытұлы өнер жолында мемлекеттік лауазымды тұлғалардың қабылдауында болды.Нақтырақ айтқанда:

2008 жылы 15 желтоқсанда ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың, ҚР Парламент төрағасының бірінші орынбасары Жәнібек Кәріпжановтың, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Уалихан Қалижановтың қабылдауында болады. Сонымен бірге 2008 жылы 13 желтоқсанда Кеңес Одағының батыры, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың қабылдауында болып, суретке түсіп, естелік қалдырады. Осы кездесулерден кейін ҚР Парламент мәжілісінің депутаты У. Қалижанов, Б. Тілеуханов, А.Смайылов, Ж.Сүлейменов қатарлы төрт депутат мәдениет және ақпарат министіріне М.Таңғытұлының өнеріне қолдау көрсету туралы депутаттық хат жолдайды. Астана қаласы Призденттік мәдениет орталығы сарайында «Алтайдың ар жағынан келген шертпе күйлер » атты күй кешін өткізіп беруді сұрайды. Өтініш қабылданып, Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның бектуімен 2009 жылы 19 мамырда күйшінің авторлық күй кеші өтеді. Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков мырза игі шараның басы қасында болып, қолдау көрсетеді. Күй кешіне армия басшысы генерал Абай Тасболатов қатарлы мырзалар қатысады. Айтулы кешті ҚР қайраткері, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты У. Қалижанов мырза басқарды. ҚР-ның мәдениет қайраткері күйші, композитор Ш. Әбілтай, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Б. Тілеуханов, ҚР-ның халық әртісі, күйші С. Тұрысбеков. ҚР мәдениет қайраткері, күйші Ж. Жүзбаев, Президент ансамблінің әншісі Отанбек Еңсеханұлы қатарлы өнер саңлақтары өнер көрсетті. Осы кешке Елбасы Н.Ә. Назарбаев алғыс хат жолдап, кештің мәртебесін асырды.

2009 жылы 9 қарашада Алматы облысы, мәдениет басқармасы мен Алматы облысы бойынша көші-қон басқармасы бірлесіп, Талдықорған қаласында І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Шығыстың шыңырау күйлері» атты авторлық күй кешін өткізеді. 2009 жылы 25 желтоқсанда Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың 70 жасқа толған мерейтойына қатысып, «Шығыстың шыңырау күйлерін» шертіп, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов бастаған мерейтой қонақтарының яғни ел азаматтарының құрметіне бөленді.

2010 жылы қаңтарда ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мен Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесіп, үкімет қаржысымен «Қытай қазақтарының шертпе күйлері» атты СD күй табағын шығарды.

2010 жылы сәуір айында ұлттық өнер жанашыры Алматы облылысының әкімі С. Үмбетов мырзаның тікелей қолдауымен күйшінің «Жайсаң» атты жеке күй кітабы жарыққа шықты. 2010 жылы 28 маусымда Алматы қалалық әкімшілігінің мұрындық болуымен, Қазақстан Жазушылар одағында «Қос ішектің құдіреті» атты күй кеші өтті. Ұлы арманға қамшы басып, дарындылығымен дамыл таппай ізденуінің арқасында бұл күнде ел іші-сыртына танымал күйшіге айналды. Атағы арқаға, Жетісуға, Атырауға, Маңғыстауға, Есіл. Тобыл, Нарынға дейін жетті. Күйлері бағдарламалы оқыту құралдарына енді. Сонымен бірге ізін басқан дарынды шәкірттері үлкен сахналарда өнер көрсетіп, ел аузына іліне бастады.

Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан шертпе күй дәстүрінің арқауын үзбей, сарынын бұзбай бүгінге жеткізуге өзіндік үлесін қосқан күйшіге шалқар шабыттың айдынына аққу-сезімін қондыра берсін деп тілейік ағайын!

Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ,

Зинатхан ӘМІРҒАЗЫҚЫЗЫ.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз