БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ҒАЛЫМЫ

d0bcd0bcd18bd180d0b7d0b0d185d0bcd0b5d182d2b1d0bbd18b

Түрік халықтарының мүддесі М.Мырзахметұлының еңбектерінде

 

Мекемтас Мырзахметұлы - әдеби-ғылыми шығармашылығымен қатар, қоғам өміріне, ұлт рухына, ұлттың ұлтшыл санасын қалыптастыруға бел шешіп араласып жүрген тұлға. Ғалымның ұлт мүддесі үшін таласты-тартысты мәселелердің ішінде жүргенін көп жағдайда бәз біреулердің ұнатпайтыны да белгілі. Ғылымды саяси, әлеуметтік мәселелерден алас тұруы керек деп санайтын ғалымдар, кей тұстарда М.Мырзахметұлын кінәлап та жатады. «Өнер өнер үшін», «ғылым ғылым үшін» дейтін либералдық, консерваторлық көзқарас ғылымда қазіргі таңда да үстем екендігін жасыруға болмайды. Сонда ел мүддесін кім қорғамақ, кім жоқтамақ? Тек санаулы ғана ұлт тағдырының жанайқайын көтеретін қазақ газеттері мен журналдары ма?

Әдебиетші ғалым ретінде бүгінге сексеннің сеңгіріне шығып отырған М.Мырзахметұлының шығармашылық ғұмырының басты ерекшелігі – ұлт тағдыры, ана тіл, ұлттық рух, діл, ұлттық сана мәселесін ашық айтуында, сол үшін күресуінде. Әрине, ғалымның салмағы тек саяси-әлеуметтік мәселелерді көтерумен ғана шектелмейді, керісінше отандық филология ғылымында «қарағайға қарсы біткен бұтақ» сынды ғылымның ұлттық, төлтумалық қырларын жаңғыртатын жаңа жол, ұлттық, түріктік, шығыстық жолға бетбұруымен, ғылымдағы ұлттық қалыпты, моделді қалыптастыру, евроцентристік, космополиттік көзқарастан арылудың жолдарын көрсетуімен дараланады.

М.Мырзахметұлы кәсіби түріктанушы болмағанымен, түріктану, түрік халықтарының әдебиеті, мәдениеті, тарихы, жер-су аттары, сондай-ақ ең бастысы түріктік рух, діл, ахлақ мәселелерін бүгінгі жаһанданған әлем тұрғысынан көтеруімен ерекшеленеді.

Ғалымның еңбектеріндегі түрік халықтарының мүддесі, түрікшілдік рухы дегенді екіге бөліп қарастырған абзал. Алғашқысы - ояну дәуіріндегі, яғни 1980 жылдардан Тәуелсіздік алған жылдарға дейінгі, екіншісі, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі еңбектері.

1965 жылы академик Қ.Жұмалиевтің жетекшілігімен «А.Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелуі жайы» деген кандидаттық диссертацияны қорғағаннан бастап, түрлі қызметтерде жүріп, талмай-аянбай ізденген ғалымның ұзақ жылдар сарыла зерттеген тақырыбы - Абайдың Шығысқа қатысы болатын.

Кеңістік дәуірде 1949 жылғы Орталық Комитеттің космополитизмге, идеология мәселелеріне байланысты қаулысынан кейін, біржақты Шығысты мансұқтау, қаралау белең алған-ды. Осы науқаннан соң қазақтық тамырымыз, көне түріктік тегіміз, орта ғасырлардағы орын алған түріктік-мұсылмандық ренессанс, оның алып өкілдерінің шығармашылығын зерттеуге мүмкін болмады.

Абайдың Шығысқа қатысын зерттеп жүріп ғалым оның ақындық кітапханасын саралауда түрік халықтарының бай әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен философиясына кезігеді. Батыспен қатар Шығыс ғұламаларынан нәр алған Абайдың түрік халықтарына ортақ, төл тұлғасы Ж.Баласағұнның, Әл-Фарабидің, А.Ясауидің, Науаи, Бабыр, Ж.Қарабағи, Наршаһи, Ғ.Дауани, т.б. еңбектерімен таныс болып, терең танығандығын дәлелдеп, шығармаларындағы үндестікті, сабақтастықты тауып, ғылыми тұрғыдан сипаттап ғылымға да, көпшілікке де жаңалық әкелді. Бұл кеңестік идеология үстемдік етіп, қаһарында тұрған заманда, цензураның, аңдудың күшінде кезінде түрік халықтарының тарихына, мәдениетіне деген соны қадам, бетбұрыс еді. Қазіргі заманғы тілмен айтар болсақ, 80-шы жылдардағы қазақ ғылымындағы сенцациялы еңбектің бірі – ғалымның 1982 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» атты монографиясы болғаны ақиқат.

80-ші жылдардың соңында ғалым ұлт әдебиетіне, санасына, діліне қатысты мәселелерді ашық айтып, қоғамның назарына ұсынып жүрді. Кеңестік ғылымда, идеологияда қатып қалған, дендеп тамырлаған евроцентристік көзқарас, ұлы орыстық шовинизмнің тұтас түрік халықтарының мәдениеті мен әдебиетін, тарихын тұмшалауы, қиянат жасауы, қасақана бұрмалауы, жарыққа шығармауы ғалым еңбектерінде бұлтартпас дәлелдермен айтылды. Бауырлас түрік халықтарының ішінен алғашқылардың бірі болып, Кеңес империясының жасырынған бет пердесін жұлқа ашып, оның жауыз кейпін көрсеткен де М.Мырзахметұлының 1993 жылы жарық көрген «Қазақ қалай орыстандырылды» еңбегі болатын. Бұл еңбекте айтылған қазақ халқының басында болған бодандық хал, бүкіл түрік халықтарының басында болғандығын, олардың да осындай саясаттың құрбанына айналғандығын дәлелдеп жазады.

Ертедегі Қазан хандығын алғаннан кейінгі татарларды орыстандыру әрекеттері, чуваш халқының христиан дініне зорлықпен өткізілуі, Ермактың Сібір хандығын алғаннан кейінгі Сібірдегі түрік халықтарының отарлануы, орыстандырылуы, аты-жөндерінің орысша өзгертілуі, Қырым татарларына патшалық Ресейдің жасай алмаған зұлымдығын кеңестік империя кезеңінде Сталиннің бір-ақ күнде орындағанын тарихи дәлелдермен жеткізді. Қырым татарларының, Кавказдағы түрік халықтарының өздерінің тарихи жерінен жер аударылуы да – кешегі патшалық саясаттың жалғасы, Кавказды мұсылман-түріктерден тазарту саясаты екендігі әшкереленді. 1926 жылғы санақта 194 ұлт пен ұлыс болса, орыстандыру саясатының нәтижесінде 1989 жылғы санақ бойынша 101-і ғана қалған, 93 ұлт жұтылып кеткен. Оның ішінде түрік халықтарының тармақтары да кездеседі.

Тек қазақ халқы ғана емес, Кеңестік кеңістікте өмір сүрген түрік халықтарының да тағдыры қыл үстінде тұрған «не өшу, не өсу» заманында қажырлылықпен қатар, ойшылдық, тарихқа дендеп бару, әділеттілікті дөп басу арқылы батырлық танытқан М.Мырзахметұлы түрік тектес республикалардың қолы тәуелсіздікке жеткеннен кейінгі қоғамда өршіп тұрған кеңестік, орыстық менталитет, құлдық психологиямен күреске аянбай кірісті. Отаршылдық жемісі болған бұғаулы психологиядан құтылу жолдарын қарастырды.

Ұлттық тілге, ділге, салт-дәстүрге қайта келу, тарихты жаңадан, шындықты жазу мәселелерін әрқашан баспасөз бетінде көтеріп жүреді. Қоғамдық сананы арылтудың, жетілдірудің жолдарын іздеуде, байырғы түрік халықтарына ортақ мұралар нәріне тоқталады. Түрік халықтарының санасын серпілтетін, түріктік, ұлттық идентификацияға оралтатын дүние – бабалар мұрасы деген шешімге келеді.

Тәуелсіздік жылдары Фарабидің, Баласағұнның, Қашқаридің, А.Ясауидің, Бақырғанидің, М.Х.Дулаттың, Абайдың, Әуезовтің, Б.Момышұлының шығармаларын, ілімдерін жаңаша серпіліспен зерттеп, түрік халықтарына ортақ моральдық кодекс, яғни әрқашан адами тазалығымен, руханилығымен, адамгершілігімен мақтана алатын, жаны кіршіксіз таза түрік деген ұлы ұлттың рухани нәр алатын суатын, қайнар көзін, адамдық ілімін ұсынады.

Біздің дамуымыздың, қоғамдық ақыл-ой, санамыздың, рухымыздың азығы М.Мырзахметұлының айтуы бойынша Орхон-Енисай жазбаларында, Фараби трактаттарында, Ясауи хикметтерінде, Абай өлеңдері мен қарасөздерінде жатыр.

Ғалым қазақ ғылымында алғашқылрдың бірі болып «Түрік халықтары әдебиеті» пәнін жоғары оқу орындардарында оқытуды ұсынды. Бұл бастама бауырлас халықтар бір-бірімен жақындаса түссін, ортақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін білсін деген ниеттен туындаған. Бұл тұрғыда М.Мырзахметұлы түрік халықтарының ортақ мүддесін, ынтымақтастығын тек сөз жүзінде, теориялық аспектіде қарап жүрмеген, бүгінгі қоғамда түрік халықтарының интеграциялануына қыруар қызмет атқарып жүрген тұлға. «Түрік халықтары әдебиеті» оқулығын, хрестоматиясын, оқу бағдарламасын жарыққа шығарып, көпшілік қауымға ұсынды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, қиын-қыстау кезеңде әлеуметтік-инфрақұрылымы жағынан артта қалған Түркістан қаласына барып, осында Елбасының жарлығымен құрылған Халықаралық қазақ-түрік университетінде он жылдай қызмет етуі де ғалымның түрік халықтарының мүддесі үшін шын берілген жан екендігін танытады. «Түркістанда туған ойлар», «Түркістан-Тараз арасы» атты еңбектерінде түрік халықтары әдебиеті мен мәдениетінің теориялық тұстарымен қатар түрікшілдік мүддеге байланысты зерттеулері орын алады.

Қазақ жерін отарлау арқылы құрықты өзге түрік халықтарына салғандығын, бұл жоспарланған, жүйелі ғылыми тұрғыда жүргізіліп отырған саясат екендігін ғалым мына ойларында анық байқатады: «Түркістан өлкесін тұтас отарлап, билікті қолға алғаннан кейін Ресей бұл жерді жайлаушы түрік халықтарын мәңгі бодандық бұғауында ұстаудың саяси-әлеуметтік жолдарын қарастыра бастады. Ресейге бодан болған халықтардың ішінде ең саны көбі де, әрі жер көлемі де зоры да қазақтар болуы себепті, отаршылдар бұл халыққа ерекше көңіл бөлді. Отарланған барлық түркі халықтарын мәңгі рухани құлдықта ұстау үшін, алдымен қазақтарды рухани жағынан шөктіріп, шама келсе, аспай-саспай жер бетінен біртіндеп жоғалтуды көздейді». Қазақ жері Орта Азиядағы басқа да түрік халықтарының қалқаны сынды болды, империяның отаршыл саясатымен сандаған жылдар бойына күресті, төзбеушілігін танытты. Қанша ердің қаны төгілді, қанша шаңырақ құрбан болды. Алайда отаршылдардың айласы, амалы іске асты, Түркістан жері толық отарланды, оның жалғасын кеңес өкіметі жалғастырды. Кеңес дәуірі заманында түрік халықтары бір-бірінен жырақта, байланыссыз болуы, бірікпеуі жіті қадағаланып отырды. Тілі мен ділі өте жақын туыс халықтар, ауызша сөйлессе, бірін-бірі өте жақсы және тез ұғатын білген орталық, әліпби мәселесіне келгенле сұрқия саясат ұстанады. М.Мырзахметұлы түрік халықтарындағы әліпби саясатының өткені мен болашағына жан жүрегімен араласып жүрген азамат. Әліпби мәселесінің төркініне байланысты дүркін-дүркін мақалалар жазды. Бұл мәселеде де отаршылдықтың салқыны жатқанын ашық айтады, ортақ әліпби мәселесін көтереді: «Бүкіл түрік халқына түсінікті, ортақ алфавит керек-ақ. Орыс отаршылдығы түрік халықтарын бір-бірінен алшақ, оқшау ұстау үшін – алфавитін де өзгеше етіп ұсынды. Атап айтқанда, қазақ, өзбек, әзірбайжан алфавиттерінде ерекшеліктер көп. Бір ғана «Ң» әрпі түркі халықтарында түрліше қолданылады. Демек, әр халықты түрлі мақсатта пайдаланғандығы айдан анық аңғарылады». Ортақ әліпби, қазақ елінің латын әліпбиіне көшуі, осы үдеріс барысында өзге түрік республикаларының тәжірибелерін қолдану және оңтайластырылған, ортақтастырылған әліпбиге тоқталу мәселелері де ғалым назарынан тыс қалған емес.

Тек сыңаржақ саяси мәселелерді ғана көтермей, мәселенің төркінін халықтың тарихынан, тамырынан тартатын, жел сөзге, жалған пікірге жоқ және оған жол бермейтін ғалым шығармашылығының қайраткерлік қырларынан туындайтын ерекшелігі болса керек. Тарихи, табиғи заңдылығымен, үйлесімділігімен, сабақтастығымен өмірлік өзекті мәселелер ғана ғалымның негізгі нысанына айналады. Бірде бір тілші М.Мырзахметұлына «Біз «түркі дүниесі», «түркі әлемі» деп жиі айтамыз. Түркілердің болашағына сенеміз бе», - деген сұрақ қояды. Бұған ғалым

« - Cенгенде қандай!»,- деп жауап береді де, сөзін былай жалғастырады: «Қазір қытайлар әлемде саны жағынан бірінші орында. Екінші орында – үнділер. Үшінші орында – славяндар. Ал, төртінші орында кімдер деп ойлайсын?

- Арабтар шығар?

- Жоқ, түркілер. Кейбір болжамдарға қарағанда, енді бірсыпыра уақыттан соң түркілер үшінші орынға шықпақ. Бұл не деген сөз? Енді біраз жылдан кейін саяси дүниеде барлығы да түркілермен есептеседі деген сөз. Әрине, біз, түркілер, енді бір мемлекет бола алмаймыз. Бірақ, түркілер өзара ынтымақты болуымыз керек. Жоғары оқу орындарымыздағы филология факультеттерінің барлығында «Түркі әдебиеті» кафедрасы ашылуы керек деп ойлаймын. Түркілер бір-бірінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін жақсы білуі тиіс». Түрік халықтарының тарихына, әдебиеті мен мәдениеті, өткені мен бүгініне ұлтжанды ғалымның, азаматтың, күрескердің көзімен қарап, болашағына көз жіберген ғалымның сөзі. Ел мүддесіне, түрік халықтарының мүддесіне негізделген пікірді, әділетті пікірді, бұғаулы психологиядан арылған, аршылған таза пікірді ғана есепке алатын қайраткердің бауырлас елдердің стратегиясына байланысты айтқан ойы. Елдік стратегия шалажансар, ездік пиғылдан, пікірден емес, ерлік, ұлттық пиғылдан, пікірден туындап, қабылдануы керек.

Түрік халықтарының мүддесіне Абайдың Шығысын зерттеу арқылы, яғни әдебиеттің терең тартысты майданы арқылы келген, осы жолда патшалық және кеңестік империялардың қазақ халқына, сондай-ақ барлық түрік халықтарына қолданған отаршылдық саясатын ашуға, оның салдарларымен күрес жолында жүріп, Тәуелсіздік алған түрік республикаларының ынтымақтастығына ерен еңбек етіп жүрген ғалымның өмірі кейінгі жастарға үлгі, өнеге.

Түрік халықтарының ортақ мүддесіне қызмет етіп жүрген зиялылардың бірі Намык Кемал Зейбек айтқандай: «Қазақстанға қызмет – Түрік Дүниесіне қызмет», кең мағынадағы Қазақ елі мен жері – бүкіл түрік халықтарының қара шаңырағы екендігі бесенеден белгілі. Демек, Қара шаңырақ қазақ елінің тілін сақтау, ділін, рухын, жерін сақтау, дамыту жолында күресу, қызмет ету – Түрік халықтарына қызмет ету. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлы саналы ғұмырында қазақ халқының мүддесімен қатар, түрік халықтарының мүддесін де көтеріп келе жатқан зиялы.

Өмірден мезгілсіз өткен ақын, ғалым С.Мұқтарұлының мына өлең жолдары ойымыздың түйіндеп, ғалым М.Мырзахметұлының ғылыми шығармашылығы мен қайраткерлігінің тура жолда екендігін көрсететіндей:

Бауырым, үш жүзбін деме,

алты арыссың,

Алтауың барда арыстанға алдырмас

айбынды барыссың.

Алты алаш, алтаумың деме,

алыпсың!-

Мың да бір баулы, түбі бір –

Түрік деген халықсың!

 

Ноябрь Кенжеғараев,

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Абайтану» ғылыми-зерттеу

орталығының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.