Мұхтар ШАХАНОВ. ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУ ЖАРЫСЫ

1
2362

(Соңы. Басы өткен сандарда.)

Мұхтар ШАХАНОВ

«Жетінші түйсік аясындағы күндер» атты мақаламда былай ой түйген екенмін:

«Шыңғыс Айтматовпен 2007 жылғы жолығысуларымыздың бірінде ол: «Мұхтар, жуырда ғана екеуміз көп жыл бұрын бірлесіп дүниеге келтірген кітапты бастан-аяқ қайта оқып шықтым. Неге кездесулерде жұрт осы кітап жайлы жиі-жиі әңгіме қозғай береді десем, біз бұл бірнеше салалы эсседе жеке тағдырымызды ғана сөз етіп қоймай, қазіргі заман ағымына сай өзгеріске ұшыраған қоғам, ұлттық мүдде, ата тарихымыз, махаббат туралы жан-жақты ой-топшылауларымыз, еркектік, елдік арман-мақсатымыз, әрқилы ізденістеріміз осызамандық парасат биігінен көрініс тапқан екен. Бұған екеуміздің аға-дос, іні-дос ретіндегі адами парасатқа тамыр жіберген өзгеше рухани туыстығымыз, яғни бірлесіп іздену аясындағы сырласуымыз мүлде басқаша шуақты рең жинапты. Осы кітапты оқымаған адамның бізге толық әрі әділетті баға бере алмасына көзім жетті», – деп еді…»

Сол кездесуімізде біз алдағы кездері жоғарыда айтылған кітаптың «Билік пен рухани байлық немесе осы екі қарудың патшалар, хандар, корольдер және Президенттер тағдырындағы көрінісі» атты бөліміне елеулі өзгеріс кіргізу жайлы пәтуаласып едік. Себебі бұл кітап жазылған кезде өзіміз өмірін біршама білетін Президенттер Н.Назарбаев пен А.Ақаевтың елге басшылық жасай бастағанына 3-4 жылдың ғана беделі болған-ды. Әрі бұл кезең олардың атақ, даңқ және пенделік иіріміне әлі толық бой алдырмаған шағы еді. Қазір Қазақстан Президенті жайлы жаңа заң әзірленді. Ол Парламенттің 100 пайыз қолдауымен «Ұлт лидері» атанды. Енді оның өзі түгіл жанұясын, жақын-жұрағатын сынасаңыз, 18 жыл темір тордың аржағында «дем алып, тегін тамақ ішіп» оралуыңыз ғажап емес. Аталмыш заңды дайындағандар жеке адамға табыну талабын Түрікменбашыдан да асырып жіберіпті… Әрине, бұл Айтматов қаза болғаннан кейінгі жаңалықтар.

Соңғы кездесулеріміздің бірінде Шікең екеуміздің арамызда ҚҚЖ-лар, яғни «Қолдан құдай жасаушылар» туралы әңгіме өрбіген-ді. Мен оған сол тұста жинақтала бастаған, бірыңғай ТЖ-лық, «туфли жалаушылық» пікірлерге негізделген «Жағымпаздар жарысының чемпиондары» атты толғау-эссеге енген күнделігімнен мынадай үзінді оқып беріп едім:

«Шымкенттен Алматыға қарай мәшинемен жол тарттық. Шымкент қаласында да Сайрам, Түлкібас аудандарын кесіп өтетін жол бойларында да тек бір ғана адамның, яғни Елбасымыздың – кей жерде бір қабат, кей жерде екі қабат үйдің биіктігіндей әдемі суреттері сап түзеп тұр. Көсемге жағымпазданудың таңғажайып үлгісін Жамбыл облысына келіп кіргенде көрдік. Облыс әкімі Бөрібай Жексенбинге бұл саладағы басты орын тиесілі екенін мойындауымыз керек. Бір кезгі Хрущев, Брежневтер, тіпті Ленин мен Сталиннің де айдалада қалғанына мүлде күмәніміз жоқ. 200, 300, 500, 1000 метр сайын көсемнің баяғы Ленин сияқты қолын көтеріп, кей жерлерде жымиып, ойланып, шаттанып тұрған бейнелері, немесе әйелімен, жас бөбектермен, оқушылармен, студенттермен, жұмысшылармен, ғарышкерлермен түскен сан тармақты суреттерді салуға және оны жол жағасына қоюға айлар бойына қанша мың, миллион доллар кететінін есептесек бұл саладағы шығын шаш-етектен екенін шамалаймыз. Жоғарыда аттары аталған коммунистік партия басшыларына нақ осындай ұшан-теңіз көлемде құрмет көрсетілген емес. Қайбір жылы айға жуық Германияда және басқа Еуропа елдерінде жүріп көшеде немесе қала орталығында суреті ілініп тұрған бір де бір көзі тірі басшы бейнесін көре алмадым. Дәл қазіргі таңда жеке адамға, жеке «данышпанға» табынудың мұндай түрі бізден басқа еш елде жоқ екені күмәнсіз».

– Жеке адамға табынудың мұндай оғаш түрі қазір Еуропа елдері түгілі, бір кезде осы мәселенің ордасы болған Ресейде де жоқ, – деді Шікең ұзақ үнсіздіктен соң. – Путин бұл жағынан өзінің парасатты басшы екенін көрсетті.

– Әлемдік деңгейде мойындалған мынадай қағида бар, – дедім мен. – Теледидардан шылғи өтіріктің өзін шындық қатарында насихаттап, қайта-қайта бергізе берсеңіз жұрттың үлкен бөлігі оны шындық ретінде қабылдап кетеді екен. Мұны кейбір басшылар әбден зерттеп, түйсініп, санасына сіңіріп үлгерген. Сондықтан мен қазіргі халықты екі топқа бөлемін. Шындығын жоғалтып алғандар және шындығын белгілі деңгейде сақтап қалғандар. Сорымызға қарай, арамызда шындығын жоғалтып алғандар өте көп. Олар қалың көпшілік бас қосқан жиындарда немесе теледидардан беті бүлк етпей, жұртқа өтірік айтып тұрғанын өздері де сезеді. Бірақ лауазымды қызметі соны талап еткендіктен ой-санасы тіпті де шімірікпейді. Қазіргі таңда мінезімнің бұзылғаны, өзгергені соншалық, әлгіндей кейіптегі екіжүзді адамдармен мүлде араласпағанды жөн санайтын болдым.

– Ұмытпасам, екі-үш ай бұрын сен маған тура осы ойыңның негізінде жазылған «ТЖ-лар», яғни «Туфли жалағыштар» атты өлеңіңді оқып бергенің есімде. Жатқа білсең, сол жырыңды қайта оқисың ба? – деп өтінді Шікең.

Мен екі бөлімнен тұратын төмендегі жырды нәшіне келтіре оқып бердім:

І.

«Жағымпаздық – бұл заманда басты өнер,

Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.

Қазiргi бақ қайсар рухты ердi емес,

Арын сатқан жағымпазды ескерер.

Дәуiрдiң де даңқы солар төс керер,

Оны ойласаң, жанарыңа жас келер.

Кеудесiнде жалғандықтың мұзы бар,

Қажет кезде мұз үстiнде қызынар,

Басшы алдында жас келiндей сызылар,

Кiлең “туфли жалағыштар” – ТЖ-лар.

Оларды ертең адалдықтың тұзы ұрар.

ТЖ-ларға егер бөгет қоймасақ,

Ұлтымыздың ауа райы бұзылар.

Ей, қарт ТЖ, қамқорсынып тасыма,

Қарасаңшы сақалыңа, шашыңа,

Ел сенiмiн ақтағаның осы ма?

Атанғанша жалғандықпен ашына,

Беделiңдi намысыңмен асыра,

Күлкi болдың қасың түгiл досыңа.

Билiктiң лас көн етiгiн тiлiңмен

Жалайтындай не күн туды басыңа?

Оң мен солым сансыз ТЖ, күлем бе,

ТЖ-ларын көтерген даңқ-кiлемге

Әлде қарғыс тидi ме екен бұл елге?

Тек күнi үшiн жалбаң қағып иiлген

Пәс кеудеге асқақ рух түнер ме?

Самал қажет iндет бұлтын түрерге.

Жағымпазын тау санаған ұлттың,

Шыншыл ұлын жау санаған ұлттың

Мүмкiндiгi аз мазмұнды өмiр сүрерге…

Мiнезсiз ұлт айналмайды ұлы елге!

ІІ.

– Жан шындығын жоғалтып ап сорлағандар қаншама,

Сөйтiп өзiн-өзi аямай қорлағандар қаншама?

Жағымпаздық бiздiң ұлттың тағдырын күрт өзгерттi,

Өтiрiкке қанша сенсең, қасiретiң де соншама.

Қайда апарып соғар екен бұл iндеттiң ақыры? –

Деп мұңайды бiрде маған қарт түрiкмен ақыны.

Иә, шындығын жоғалтқандар айналаңда жүр қаптап,

Мансабы үшiн, не күнi үшiн оңға, солға сырғақтап.

Қасқыр мiнез заманынан түлкi болып жеңiлген,

Тоқсанды асқан жағымпаз қарт қоштасқанда өмiрмен

Қаншама адам мақтау айтты:

“Iзгi жан бұл не деген,

Өзгелердей қиқар, асау мiнезi жоқ тебеген.

Атқа қонған мықтыларды жылы сөзбен жебеген,

Тiрлiгiнде бiр пендеге “өкшең қисық” демеген…”

– Біреулердің нақ осылай шатасарын бiлiп ем, – дедi Шындық екiншi бiр қайсар ақын үнiмен. –

Жалғандыққа өр мiнезiн шекара ғып кiм де кiм

Қоя алмаса – ұтылғаны, ұқпауы бас мiндетiн.

Жұртты қалай тоқтатпақпыз әдiлетсiз бағадан?

Қазiргi ең қадiрлi қарт – өз пiкiрi жоқ адам.

Ешкiмнiң де көңлiн жықпай, бас изеумен есейген,

Елдi аздырып бiткен жоқ па осы “жалпақ шешейлер?”

Ақ пен қара шайқасында зорлық жеңсе арлыны,

Әдiлетсiз – үнсiз бұғып қалғандардың барлығы.

Жағымпаздық – жұқпалы ауру, қан мен ойға таралған,

Бұл бейдауа қасiреттен ұлтты қорғау – зор арман…»

– Рахмет, – деді Шікең толғаныспен. – Енді әлгінде айтқан «Жағымпаздар жарысының чемпиондарына» өздеріңдегі билік басында тұрған адамға шектен тыс жағымпазданғандарды ғана ендірмексің ғой. Солай ма? – деді Шікең.

– Дәл солай. Бірақ бір мәселеге ерекше назар бұрған жөн, – дедім мен. – Кезінде Ленинді, Сталинді, Хрущевті, Брежневті аяғын жерге тигізбей мадақтау жағынан ақын-жазушылар, ғалымдар бірінші орынды иеленді. Бізде де қазір солар басты орында. Әрине, оларға Президент Назарбаев «мені мақта» демегені екі жердегі екінің төрт болатынындай айқын шындық. Бірақ ТЖ-лар басшы назарын өзіне аударуға жанын салуда. Басына шектен тыс ұзын-сонар мадақтаулар тізілетін толғау-эссені әлі екі-үш жыл жинақтайтын шығармын. Сосын баспасөзде жариялаймын. Бәлкім, ол Президенттің өзіне де пайдалы болар деп ойлаймын.

– Ісіңе сәт! Бұдан былайғы жерде бәріміздің де сенің сол толғауыңнан орын алып қалмау жағын қарастыруымыз қажет сияқты, – деп әзілдеп еді Шікең.

Содан бері үш жылға жуық уақыт өтіпті. Қазір ұсынғалы отырған ТЖ-лық пікірлер жиынтығына ел басшысын құдайға жақындата, Мұхаммед пайғамбарға, Нұх пайғамбарға, бүкіл жер шарындағы теңдесі жоқ данышпанға, тіпті Құранға теңеген мақтаулар ғана кірді. Қалған авторлар әзірге өкпелемес. Оның да бір реті келер. Жалпақтаулардың соңында берілетін толғау өлеңді де шегере тұрғанды жөн көрдім. Өйткені жеке адамға табыну проблемасы сан-салалы емес пе? Құдайға шүкір, біздің Қазақстанда да атақты түрікмен ақыны Байрам Жұтдиевтен жарты қадам қалыспайтын дара дарындар бар екенін жасыру азаматтыққа жата ма? Ендеше солардың ерекшелеріне ғана сөз берелік:

«Жауына жебе боп та қадалатын

Абыздан азамат ер бата алатын.

Алланың тоқсан тоғыз есімі бар:

Бірі – Нұр, бірі – Сұлтан аталатын.

Көгінен Ай туғанда қияқтанып,

Көңілден отырғаны күй ақтарып.

Ол кейде көрінеді

Жерде жүрген

Алланың көлеңкесі сияқтанып».

Рафаэль Ниязбек

(«Айбозым менің» (Елбасы жайлы өлең-роман),

Астана, «Күлтегін» баспасы, 2006 ж.)

«…Мен Нұрсұлтанды өзім азамат тарихындағы ең ұлы адам деп бағалайтын Мұсылман жұртының ардақты перзенті Мұхаммед пайғамбарға ұқсатамын».

Фариза Оңғарсынова

(«Шыққан күндей жарқ етіп…»,

«Егемен Қазақстан», 6 шілде, 2010 ж.)

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап Қазақстанды сонау 90-шы жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды…»

Шерхан Мұртаза,

халық жазушысы

(«Көбеймесек, көсегеміз көгермейді»,

«Алматы ақшамы», 22 қазан, 2009 ж.)

«Елбасының есімі періште дәптерінің ең төбесінде тұруға лайық» (114-бет)…

«Періште үнсіз».

Осы кезде елбасымыз қалың ұйқыға кетеді. Әлден уақытта періште қайта оралып, президентке тіл қатады.

«– Пендем… мана, әлгіде, өзің ұйықтап жатқан кезіңде жазбаларымды Жаратқан Иеге көрсетіп алайын деп асығыс аспанға ұшпаймын ба? Жаратқан Иенің алды бос емес. Ығысып, есебін тауып жүріп, алдына жетіп, дәптерімді ашып көрсетпеймін бе? Жаратқан Ие тізімге көз салып отырып, дәптер жиегіндегі сенің есіміңе назар салғаны… Жаратқан Ие терең ойланып, отырып-отырып былай деді: «Ендеше осы пендемнің есімін ең төбесіне жаз…»

Дүкенбай Досжан

(«Ақ Орда» романынан,«Жазушы жазбаларындағы Жаратушы немесе

Дүкенбай Досжанның діни сауаты қаншалықты»,Ұлағат Ханзада,

«Жас Алаш», 19 наурыз, 2009 ж.)

«…мен сөйлесем Сіздің ел үшін етіп келе жатқан ерен еңбек, қажырлы қызметіңізді жақтап сөйлеймін.

…Бірақ, менің ондай сөзімді кейбір атақ-абыройлы құрметті інілерім ұнатпайды екен. Алғашында сол інілеріме ренжіп, бұл жолы үндемей отырайын десем де, көптен бері көріспеген Сізбен дидарласатын болғандықтан бір ауыз сөз сөйлемей кетуді жөн көрмедім.

…Ең соңында айтарым, ардақты Нұреке, мен Өзіңіз қалыптастырған жаңа қазақ мемлекетін, бойдағы күш-қуатыңыз сарқылғанша Сіз басқарсаңыз екен деп тілеймін. Конрад Аденауэр 91 жасына дейін ел басқарды. Уинстон Черчилль де ұзақ отырды. Мен қазақ Назарбаевтың ел басқару ақыл-парасаты неміс Аденауэр мен ағылшын Черчилльден бір мысқал да кем деп есептемеймін…»

Әзілхан Нұршайықов

(«Өнер мен әдебиет – халықтың жаны»,

«Егемен Қазақстан», 5 ақпан, 2010 ж.)

«Өз елінің, адамзаттың күндіз-түні қамын ойлаған, таныған оны бар ғалам, құрмет тұтқан қазақтың әр кәрісі, әр жасы – Назарбаев Нұрсұлтан атты Елбасы. Осы Елбасымыз нағыз үш қанатты хас қыран! Оның үш қанаты – өз елінің және әлемнің Өткені мен Бүгіні, алаулаған Ертеңі! Ол қандай құрметке, қандай сыйлыққа болсын лайық! Осы сөздің терең мәнін ұғайық!

Арқалаған дүние жайлы бұла мұң, жүрегіне жағып Прометейдің от-шырағын, жастарды қалғытпай, қарттарды алжытпай, сананы сілкіп, түйсікті түртіп дабыл қаққан, көкіректің көзін ашқан, өнердің өрінде өскен, философия патшалығында өмір кешкен, адамзаттың қамын жеген, адам үшін құрбан жаным деген, заманға заңғар мұзарттан қараған, айтқан сөзі әлемге тараған менің гимн-ұраным, даңғыл-дауылпаз үш қанатты қыраным!… Әлемді шарлап, ақыл-ойыңмен барлап шарықтап шалқып ұша бер талмай, рухы текті, үш жүректі, құдіретті үш қанатты, Құраным!»

Әубәкір Нәлібаев, Үндістанның Халық­аралық ПадмаШри сыйлығының лауреаты,
Пә­кістанның, Икбалдың Алтын Ескерткіші сыйлығының иегері,

(«Үш қанат» (философиялық поэма), «Айқын», 1 мамыр, 2010 ж.)

«…Данышпан деп атау үшін Сократтың түсіндіріп кеткеніндей адамзат баласы ең алдымен үлкен тұйыққа тірелуі керек, сонан соң содан шығатын жолды табуы тиіс. Сонда ғана ол тұлғаны замандастары мен кейінгілер данышпан деп айтуға құқылы.

…Олай болса, Н.Ә.Назарбаев ұлттық көшбасшы ғана емес, сонымен бірге қазақтың маңдайына біткен данышпан перзенті. Мұны мен емес, Сократ айтты деп ойлаңыздар».

Төрегелді Шарманов,

медицина ғылымдарының докторы, академик,

Қазақ Тағамтану институтының президенті

(«Данышпандық жол», «Дала мен қала», 9 тамыз, 2010 ж.)

«Ұлы істерден тапқан дәйім мұратын,

Бар өмірі ірілік пен ерліктерден тұратын.

Сіз, Нұреке – халқымыздың бақыты

Тәуелсіздік сәулеткері – ұлы ақын!»

Сәбит Досанов

(«Егемен Қазақстан», 14 желтоқсан, 2008 ж.)

«…Елордамыз Астана әлемдік гуманизмнің кіндік төріне айналып бара жатыр. «Дағдарыс жайлы толғаныс» деген өлеңімде:

…Кілт біреу өмір сүретін,

Достасып әлем жаңылмас.

Назарбаевтай еркін білетін,

Әзірше дана табылмас, – дегенім де бүгінгі өмірдің бір көрінісі…

Назарбаевтың елді барынша ұзақ басқаруына қай жағынан да жағдай жасау арқылы біз Қазақстанның кемел келешегіне, берік болашағына жағдай жасаймыз, әрқайсымыздың еңселі ертеңімізге негіз қалаймыз. Тіпті, әйтеуір сайлау өткізу керек қой дей бермей, елді әуре-сарсаңға салмай Елбасының өкілеттілігін ұзартудың заң шеңберіндегі қандай жолдарын болса да қарастырудың артықтығы жоқ дер едім…»

Кәкімбек Салықов

(«Елорда – Елбасының еренғайып ерлігі»,

«Егемен Қазақстан», 17 маусым, 2009 ж.)

«Адамзат өзі жаратылғаннан бері қиындықтан құтқарушысын, жарылқаушысын іздеп келеді…Айталық, «ұрланған Күннің» орнына өз жүрегін жұлып алып, адамзатқа нұр шашқан Прометей осы қиындықтан құтқарушыны, жарылқаушыны іздеудің мифологиялық бір мысалы…

Мәселен, қиындыққа тап болған елін құтқару үшін жайлы жер іздеп Мұса (Мойсей) қырық жылғы ғұмырын сарп етіп, ақыр аяғында Исрайл балаларының жарылқаушысына айналған. Ааврамизм деп аталатын дін бастауында тұрған Тәуратта (Тора) осылай делінеді. Онан соң халқының бар азабын өз мойнына алған Иса (Иусус) өмірге келеді…

Мұнан соң әбден азап шеккен және азғын жолға түскен арабтардың жарылқаушысы ретінде Мұхаммед тарих сахнасына шығады…

Ал мен болсам ғасырлар тоғысында ірі қайраткер ретінде тарих сахнасына Н.Ә.Назарбаевтай дана тұлға шыққан адамзат бақытты дер едім… Ол – адамзаттың бүкіл тарихында бірде-бір мемлекет басшысы қолға алмаған жасампаз идеялардың бастамашысы ғана емес сонымен бірге жүзеге асырушысы бола жүріп аңыздың емес ақиқаттың Прометейіне айналды».

Сағындық Cатыбалдин,

экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-нің профессоры,(«Прометей. Аңыз бен ақиқат», «Дала мен қала» 19 шілде, 2010 ж.)

«…Қоғамдағы талдайсыз әр ізді Сіз,

Ел алдында ұғынып парызды Сіз.

Қазақ ұлтын топаннан сақтап қалу,

Жолын білер Нұх пайғамбар тәріздісіз…

…Жасай берсін Нұрсұлтан Назарбаев,

Ұрпақ берер есімі – Атақазақ!»

Айтуар Өтегенов,

ақын, еңбек ардагері

(«Атақазақ», «Егемен Қазақстан»,

23 маусым, 2010 ж.)

«Бұл Алланың бізге берген бақыты, Алла бізге Нұрағаң сияқты кемеңгер басшы берді. …Мың шүкірлік, мың тәуба дейік, ағайын!

…Әлемдегі 7 кереметтің қатарына қосылар 8-інші кереметіміз құтты болсын ағайын».

Мағзұмбек Машайықұлы,

Ұлытау ауданының құрметті азаматы

(«Сегізінші кереметіміз құтты болғай»,

«Егемен Қазақстан», 25 қараша, 2009 ж.)

Иә, тәуба дейік және мақтанатын жерде мақтаналық, ағайын! Бастапқы ойымды тағы да қайталайын. Біздің ақын-жазушыларды, біздің ғалымдарды, біздің ел ағаларын кезінде Түрікменбашыны Құдай деңгейіне көтерген түрікмен ТЖ-ларынан әлсіз деп енді ешкім айта алмаса керек!

Басы:

ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУ ЖАРЫСЫ

Мұхтар ШАХАНОВ. ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУ ЖАРЫСЫ

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз