ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

0
984

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының жеңіске қол жеткізуі оның Шың Сысай және гоминдаңшыларға деген өшпенділігін сылтау етіп, Шыңжаңға сұғынып кіруіне оңтайлы орай тудырды. Алматы, Ташкент қалаларынан «Шығысқа көмек беру ко­митетін» құруы, 1944 жылы Құлжа өңіріне армия кіргізуі, тіпті кеңес ұшақтарының Жың, Шихуға дейінгі жерге жетіп гоминдаң армиясын бомбылауы осының мысалы. Әрі осы шабуылдың түп мақсатының – Шығыс Түркістан үкіметін құрып, Шыңжаңды бөліп алу екені айдан анық еді.

Гоминдаң мен Сталин арасындағы қайшылықтардың ұлғаюынан толық хабардар АҚШ жақ 1945 жылы 11 ақпанда Америка, Англия және Кеңес Одағы үш ел Ялтада өткізген құпия келісімінде Монғоля жақтың дербестігі мен Шынжаңның ішкі ісіне араласпауын да қадағалаған болатын.

Осы келісімге орай «1945 жылы 20 маусымда Гоминдаң үкіметі әкімшілік кеңесінің уақыттық бастығы және сы­ртқы істер министрі Сұң Зыбін Чұңчиңда Шыңжаңда өмір сүріп отырған мәселелер жөнінде У Жұңшұнмен кеңес өткізді. Жеделхат жіберіп Лю Зырұңды Чұңчиңге шақыртып алып, Москваға бірге баруды ұйғарды. 30 маусымда Сұң Зыбін, Жияң Жыңго, Лю Зырұңдар Москваға барып Сталин қатарлы Кеңес Одағының басшыларымен Ялта құпия келісімі жөнінде кеңес өткізді.(«Шынжаңның үш аймақ төңкерісіндегі ірі істер» 106-108 беттер)

Ялта мәжілісінің шешіміне негізлелген екі жақ Қытай Моңғолия ның дербестігіне жол берсе, Сталин Шынжаң жағдайының ішкі ісіне араласпайтын болды. Сөйтіп, 1945 жылы 14 тамыз күні Қытай мен Кеңес Одағы «Қытай-Кеңес достық-одақ келісімшартын» жасасты. Бұл келісім Моңғолия ның дербестігіне қол жет­кізгенмен Шынжаңның тағ­дырын қытай үкіметіне байлап берді.

Шығыс Түркістан үкіметі мен гоминдаң үкіметі арасындағы 8 айлық сергелдеңге түскен «бейбіт келісімнің»-де қыры мен сыры көп еді.

1945 жылы 15 тамызда жапония тізе бүкті. Осы жылы 10 қазанда гоминдаң мен қытай коммунистері уақыттық бітімге келді. Бірақ, Жияң Жешінің өз есебі өзінде болды. Қарсы жағын бейғамдандыру арқылы күшін толықтап, коммунистермен соғысудың ішкі дайындығында еді. Сондықтан да ол Шынжаң мәселесін соғыспен емес, бейбіт жолмен шешуден ұтпаса, ұтылмайтынын білді.

«1945 жылы 13 қыркүйекте Жаң Жыжұң Жияң Жешінің бұйрығы бойынша Үрімжіге келді…14 қыркүйек күні Кеңес Одағының Үрімжіде тұратын уақыттық бас консулы Иевсеевпен жолығып, Шынжаң мәселесін шешу жөнінде пікір сұрады. Алғашқы қабылдауда Иевсеев: «Құлжа оқиғасы Шынжаңның ішкі ісі, Қытай-Кеңес Одағының Москва шартын жасасқанда, Кеңес Одағы Шынжаң өлкесінің ішкі ісіне араласпайды деп ресми мәлімдеме жариялаған болатын. Сондықтан Кеңес Одағы Шынжаңнан жер дәметпейді. Ал өз ойымша қазір ең жақсысы мәселені бейбіт жолмен шешкен жөн»,- дейді(Жаң Жыжұң, «Үрімжі келісімінен Шынжаң бейбіт жолмен азат болғанға дейін» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1987ж, 5 бет).

Жаң Жыжұң қайта-қайта өтініп, жалынышты бейнеге түске соң Иевсеев: «Бұл істі Қытай үкіметі Кеңес Одағының алдына ресми мемлекеттік мәселе ретінде қоюы керек»,- дегенді айтады. Осы ақыл бойынша Жаң Жыжүң сол күні Жияң Жешіге телеграмма беріп, Кеңес Одағындағы елші Фу Биңчаң арқылы сол елге арнайы хат жазуын өтінді.

16 қыркүйекте Жаң Жыжүң Үрімжіден Чұң Чиңге ұшып барып, Жияң Жешіге Шынжаң мәселесінен мәлімет берді. Жияң Жеші Жаң Жыжұңның бейбітшілік көзғарасын құптай отырып: «Шынжаң мәселесін шешуде сен толық құқықтысың. Мәселе болады екен, қай кезде болсада телеграмма беріп айтып тұр» – дейді(«Жаң Жыжұң, «Үрімжі келісімінен Шынжаң бейбіт жолмен азат болғанға дейін» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1987ж, 11 бет).

14 қазан күні Үрімжіге қайтып келген Жаң Жыжұң ертесі тағы да Кеңес Одағының елшілігіне бас сұқты. 17 қазан күні басталған алғашқы келіс-сөздің өзі талас-тартыспен 72 күнге созылып, 1946 жылдың 2 қаңтарына дейін жалғасты. 18 қазан күні алғашқы келіссөздің бағыты орыс тіліне аударылып, Кеңес елшілігіне жеткізіліп отырды. Осыдан кейінге барлық іс-қимыл олардың бақы­лауымен әрі Шығыс Түркістан жағын иландыруға жұмыс істеуімен жүріп жатты. Тіпті Кеңес Одағының Қытайдағы бас елшісі Петров гоминдаң жағына Құлжадағы елшіліктің «бір топ мұсылмандардың қы­тай мемлекетінен бөліну ойының жоқ екенін, автономия ғана сұрап» хат жазғанын ұқтырды. Бұдан ұзаққа созылған келісімнің тасасында халықтың арасына жік салу саясатының қоса жүріліп жатқанын аңғару қиын емес.

Жаң Жыжұңның кейінгі естеліктеріне қарағанда олар дерлік Кеңес Одағының елшілігінен жол-жорық сұрап, 8 ай ішінде 19 рет кездесу өткізген. Тіпті Чұң Чиңге де бірнеше мәрте ұшып, Жияң Жешіге жиі жүздесіп отырған. Ал Шығыс Түркістан тараптың өкілдері де Құлжаға қайта-қайта барып, Әлихан бастаған топтың кеңесін тыңдап отырды. Десе де, бұл арадағы олардың іс-қимылы да Кеңес Одағының ондағы елшілігінің бақылауында өтіп жатқан еді. Енді бір жағынан Әбдікерім Аббасов сияқты адамдар Құлжа тараптың ішінен ірітушілік тудырса, Ахметжан Қасыми Жаң Жыжұңның ықпалынан шыға алмады. Осындай талас-тартыс жағдайындағы екінші реткі келіссөздің өзі 1946 жылдың 5 сәуірінен 6 маусымына дейін жалғасты.

Осының бәрі келіссөздің бастабында гоминдаңшыларға барынша тиімсіз әрі қиын жағдайда болғанын әрі Кеңес Одағының ықпалында ғана мәселенің оңға қарағанын көрсетеді.

Ендігі жерде Кеңес Одағы көрініс жүзінде болса да Шыңжаң мәселесіне араласудан бас тартты. Бұл бір жағынан гоминдаң үкіметіне тиімді болып көрінгенімен, екінші жағынан Кеңестік компартияның астыртын қол­дауына ие болып отырған Қытай компартиясының іс-әре­кеттеріне де белгілі тиімділіктер ала келді. Әсіресе, Кеңес Одағының Шығыс Түркістан үкіметін бетке ұстап Шыңжаңға шабуыл жасаған тай-таласты кезеңінде билік басына келген Жаң Жыжұң секілді білгір саясаткерлер бірден коммунистерге бүйрек бұрды.

Кеңес Одағы Шығыс Түркістан үкіметін таратып, оның орнына орнатқан “үш аймақ үкіметін” коммунистерге өткізіп берудің астыртын жұмыстарын істеді. Сол арқылы Қытай компартиясының ық­пал­­ды орынға көтерілуін бар күшпен қолдады.

Бұл оқиғалар Шынжаң жағдайындағы белсенді ұлт
зиялылары – Кеңесшіл қайрат­керлер Ахметжан, Ыс­қақ­бек, Әбдікерім, Дәлелхан қа­тарлы кісілердің өлімімен аяқтады. Кеңес Одағының құйтырқы саясатының, қулық-
сұмдығының куәсі болған, бір кезде өз ойындарын адал атқарған бұл “күрескер топ” шын мәнінде тарих сахна­сындағы өз міндетін орындап болған еді.

Кеңестің жылым саясат қа­занының қақпағын жылы жауып, коммунистік қытайлардың ұпайын түгендеген күйі үнсіз қала берді.

Бұл оқиғалардың барлық тақсіреті Шыңжаңның жер­гілікті халықтарына тән болды.

Шынжаң билігінің компар-
тия­ның қолына өтуі “Бей­бітшілік бітіміне” қол қой­ғаннан кейін үш аймақ үкіметі коммунистік партияның би­лігін қабылдай бастады.

Осы бітім шартынан кейін үш аймақты қамтыған Шынжаң өлкелік бірілескен үкімет құрылды. Бітімге сай, өлкелік бірлескен үкіметтің жиырма бес жорасын орталық тағайындады. Мұның ішінде он жораны орталық жіберсе, қалғанын жеті аймақ пен үш аймақ көрсетті. Жаң Жыжұң гоминдаң батыс солтүстік әскери әкімшілік мекмесінің меңгерушісі, өлкелік үкіметтің жоралығына тағайындалды жә­не төрағалығын қосымша атқарды. Үш аймақтың өкілі Ахметжан, жеті аймақтың өкілі Бұрһан жеке-жеке өл­келік үкіметтің жоралығына, қосымша орынбасарлығына тағайындалды.

1946 жылы желтоқсанда үш аймақ төңкерісі мен халықтық төңкерістік партияның негізгі басшысының бірі Әбдікерім Аббасов Нанжиңде ашылған “Гомин” құрылтайына қатынасқан орайда Қытай коммунистік партиясымен құпия байланыс орнатып, өзінің адал құлдығын білдірді. 5 желтоқсанда Аббасов ҚКП ның Нанжиңде тұратын іс басқару орнына барып Дұң Бию мен кездесті. Үрімжідағы Комунизімшілдер одағының тапсыруымен және ол атынан бұл ұйымның Қытай компартия басшылығын қабылдау талабын білдірумен бірге, үш аймақ төңкеріс үкіметінің де компартия басшылығын қабылдайтынын жеткізді. ҚКП орталық комитетінің қосы­луымен Дұң Бию Пыңжаңгүйді радиятсия беріп Аббасовпен бірге Шынжаңға жіберді.

Сөйтіп, үш аймақ төңкерісі мен Қытай компартиясы арасында тіке байланыс болды. Келесі жылы ақпанда Дұң Биюдың нұсқауына сай, үш аймақтың халықтық төңкерістік партиясы мен Үрімжідегі Шын­жаң комунизімшілдер одағы бірілесіп демократиялық төң­керістік партия болып құрылды.

1947 жылы тамыздан кейін өлкелік бірлескен үкімет ыдырап, Шынжаңда тағыда үш аймақ үкіметі мен гоминдаң өлкелік үкіметі дербес тұратын жағдай қалпына келді. Қытай халық азаттық соғысының үздіксіз дамуына ілесіп, Қытай компартиясы Шынжаң үш аймақ үкіметімен байланысын одан арман күшейтті. 1949 жылы Қытай компартиясы орталық комитеті Кеңес Одағында сапарда жүрген Лию Чаушиге Кеңес Одағынан Шын­жаңға тікелей кісі жіберіп, Шынжаңның үш аймақ төңкерісімен байланыс орнатуы жөнінде телеграмма арқылы нұсқау берді. Тамыздың ортасында Дың Личүн Шынжаңның үш аймағына жіберілді. Ол ЖКП орталық комитетінің байланысшысы ретінде үш қызыметкер радиятсия сияқтыларды бастап, Москвадан Алматы арқылы Құлжаға келді. Жаңадан құрылған “Личүн” радиятсиясы арқылы Қытай компартиясы орталық комитеті мен үш аймақ үкіметі қызмет байланысын орнатты. Осыдан кейін, үш аймақ үкіметі Қытай компартиясы орталық комитетіне саяси, экономика, әскери істер, мәдениет, ұлт, дін қатарлы жақтардағы ахуалды жиі мәлімдеп тұрды. Он жетінші тамызда Қытай компартиясы орталық комитеті үш аймақ үкіметі өкілдерін Бейжиңде ашылатын “жаңа саяси кеңестің мәжілісіне” қатынасуға ресми ұсыныс етті. Келесі күні Мау Зыдұң “жаңа саяси кеңестің” дайындық көру комиссиясы меңгерушісі атымен үш аймақ үкіметі мен Ахметжан Қасымиге шақыру хатын жіберді. Шақыру хаттың толық мәтіні төмендегідей:

Шынжаңның Құлжа ерекше райондық халық үкіметі Ахметжан мырзаға:

Еліміздің имперализімге, февадализімге, биюрократ ка­питализімге және Жияңжиеші атамандығындағы гоминдаң кертартпашыларының үстем­дігіне қарсы халық азаттық соғысы бүкіл Жуңго бойынша жеңіске жету алдында тұр. Тұтас Жуңгодағы партия топтарды, халықтық ұйымдарды, халық азаттық армиясның да­ла соғыс армиясын, азат рай­ондарды, еліміздегі аз ұлт­тарды және шетелдегі мұ­һа­жрларды қамтыған жаңа мем­лекеттік саяси кеңесі байсалды дайындықтар арқылы тоғызыншы айда жалпы мәжіліс ашпақшы. Бұл жолғы мәжілісте мемлекеттік саяси кеңестің ұйымдық заңы жасалады. өзінің мемлекеттік комитеті сайланады, мұнан сырт Жуңхуа халық Республикасы орталық халық үкіметінің ұйымдық заңы жасалады, орталық халық үкіметінің комитеті сайланады. Сіздердің талай жылдан бергі күрестеріңіз!!! бүкіл Жуңго халқының демократиялық төңкерісі қозғалысының бір бөлегі. Батыс солтүстіктегі халық азаттық соғысының жеңісті қанат жаюына байланысты Шынжаң тез арада толық азат болады. Сіздердің күрестеріңіз түбегейлі жеңіске жетеді. Біз сіздердің бес өкіл жіберіп, мемлекеттік халық саяси кеңесінің жалпы мәжілісіне қатынасуларыңызды адал ниетімізбен қарсы аламыз. Мақұл көрсеңіздер өкіл-деріңіздің қыркүйектің басында Бейжиңге келуін өтінеміз. Осы телеграмма тиген соң, жауап қайтаруларыңызды үміт етеміз.

Жаңа саяси дайындық комис-
сиясының меңгерушісі Мау Зыдұң 1949 жыл18 тамыз, Бейжиң.

(жалғасы бар)

Жәди ШӘКЕН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз