Қаза боп қалған намаздай, Қолға алдым қайта иленді.

Ләззат Игісін

Ләззат Игісін ҚХР-дан атажұртқа оралған ақын қыздарымыздың бірі. Қытай қоғамындағы саяси салқындық арыла бастаған 1980 жылдардың басында поэзияға махаббат лирикасымен келген ол «Қытай қазақтарының Фаризасы» атанған еді.

Л.Игісіннің «Ақтолқын» ат­ты жаңа жыр жинағының шы­ғуына орай қарашаның 22 күні Қазақстан Жазушылар Ода­ғында өтетін жыр кешіне сәттілік тілей отырып, бір топ өлеңін жариялап отырмыз.

Ақтолқын

жырдың лүпілі

- Арыңа еніп,

Өзіңе серік

болайын десем, қайтер ең?

– Ойыма сеніп,

Бойыма теліп,

«Бақытым бар»деп айтар ем.

– Ақылға ерік,

Жаныңа көрік

берейін десем, қайтер ең?

– Сенімге еріп,

Еркімді жеңіп,

Шындығым сен, деп айтар ем.

– Әр неге әсем,

Ашуға бәсең,

Көрінем десем, қайтер ең?

– Сырыма сенсең,

Иманға келсең,

«Тірегім сен!» деп, айтар ем.

– Ауырған жаным,

Баянды бағым

Сырқатпын десем, қайтер ең?

– Бәрі де сағым,

Оңалса таным,

Сенерім сен деп, айтар ем!..

* * *

Самарқау ойларым,

Санамды басады.

Сасқалақ тірлігім,

Бәрінен қашады.

Сүркейлеу далада

Сұрланды жүздерім.

Сонда да Аллаһтан,

Күдерімді үзбедім.

Қым-қуыт жолдарда

Жүруден торықтым.

Иманнан алшақтау,

Пендеден қорықтым.

Бәріне жолықтым.

ҚАЙТА АЛДЫМ

Қаза боп қалған намаздай,

Қолға алдым қайта өлеңді.

Жүргем жоқ оймен санаспай,

Өшіріп тастап өремді.

Оралып ойға бәрі де,

Шыдатпай жанды шымшиды.

Ғұмырым болса әлі де,

Иншаллаһ, берем жыр – сыйды.

Сергелдең кезде серігім,

Өлең боп келді, білемін.

Тастайды дейсің сені кім,

Иманға тұнған жүрегім.

Шуағын төкті күн күліп,

Шақырды дала сазды үнге.

Батқандай айы, түн тұнып,

Бола да бермес жаз күнде.

Өз демім жат боп, өлеңім,

Жанымнан қашықтаған жоқ –

Түсіме еніп мазалап,

Арызын айтып маған көп…

Қайта алдым қолға өлеңді

Мезгілсіз қалған тыныстап.

Суынған бір сәт денемді,

Шуақты таза күнге ұстап.

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗ

Ауылдың жаны көгілдір үлкен көл еді,

Мұңайған шақта сол көлді көргім келеді.

Өйткені, онда мекендеп жүреді жалғыз қаз,

Жалғыз ба, сірә, ұғылмай келед дерегі?..

Мен бардым көлге, жабырқау қаз да қарады,

Мұң менен жасқа шыланды білем жанары.

Аяғын баяу басты да көлдің шетіне,

Тұмсығын тығып, қанатын бірден тарады.

Сонан соң бәлкім айыққан болар мұңынан,

Жалғыз ба шын-ақ, айрылған ба екен мыңынан?

– деген бір оймен көгілдір көлге қарадым –

Қаз жалғыз емес, мен де кеп бірге жуынам.

Дегенмен оның жүрегі, жаны жаралы,

Мен кеттім көлден,

Жалғыз қаз мұңмен қарады.

Содан ба екен, әйтеуір, менің жадымда,

«Ол жалғыз» деген бір арман кетіп барады...

1988

ҚЫЗ ҚУАР

Бәрін өзіне ұйытып, қызықтырып,

Қыз қуған жоқ,

Барасың қызық қуып.

Баяулай бер, жігіт-жан, баяулай көр!

Қыз жүрегін жүрмеші суыттырып.

Қыз да қуып барады – қызық қуып,

Бәрді ойынан бір сәтке ұмыттырып.

Ұзай көрме, жігіт-жан, ұзай көрме!

Біз де отырмыз,

Кетпес деп біліп тұрып.

Қыз қуардың қызықта осысы бар,

Озба, екеуің өзара тосысып ал.

Шынашаққа ілгені қамшысы емес,

Саған дарыр жүректің оты шығар...

1985

ОЯТА ЖҮР

Оята жүр, өмір, өзің жұлқылап,

Болмасына жетті көзім ұйқы – бақ.

Өйткені, әне, қарашы өзің, түсті ғой,

Тереземнен маған деген бір шуақ.

Оята жүр, болсын мұным тілек те.

Ол үшін мен жабырқармын, жүдеп те.

Ел көшкенде қыстауына, қымтанып,

Мен қалмайын бөктердегі күзекте.

1985

МЕНДЕГІ КӨКТЕМ

Аян қып саған білдіртер тылсым жарлығын,

Адамнан емес, Аллаһтан сұра барлығын!

Ғайбатыңды айтып, қарқылдап күлген пендеден,

Құдайға шүкір, мен әлде қайда арлымын.

Аузымда иман,

Алдымда Құран көрерім.

Адамға емес, Аллаһқа ғана сенемін!

Есіктен шықсаң сумаңдар сұмдық өсектер,

Жаным бір сірі, сондықтан «өлмей» келемін.

Десің де басым,

Асқақтау көптен елесің.

Сол үшін дағы талайдан биік келесің.

Аллатһан басқа еш пенде сені көрмейді,

Өйткені, жалғыз жаратушыға сенесің.

– Деп қана талай жыр жаздым үйде отырып,

Барасың, өмір, барасың рас батыр ғып.

Мендегі көктем әкелді алтын шуақты,

Жолай ма маған келсе де енді жеті жұт.

1996

ЕНДІГІ

МҰҢЫМ ТӘТТІ МҰҢ

Жырымды тауысып арнайын саған жан-жарым,

Мен үшін енді бөлекше түн де, таң жалын.

Шындыққа мынау жетелеп бара жатқандай,

“Жалғыздың” таңын бұйдалы күндер, бар сағым..

Өсекке, өртке сан рет түстім, күймедім,

Елемей төнген қара бұлттардың түйдегін.

Бойдағы десі басымдау болған жарыңның,

Көңілін енді әлпештеп өтші, үйдегім.

Сенемін саған, сергелдең кезде – серігім,

Ендігі мұңым тәтті де, иә, сері мұң.

Жұрттарға қалай білмеймін, менің көзіме,

Бәрінен асқақ, бәрінен биік көріндің.

“Садағам” дедім, махаббатымды, кешірші!

Сенімсіз жігіт бойдағы отты өшірді.

Сүйгенім болсын, сезімге куә етейін,

Бүгінгі мынау жыр жазған ашық бесінді.

1996

БАЛАМ

Бақытты, бақты енді ұқтым,

Тірліктің бәрі өзгеше.

Тамаша өмір деппін ғой,

Басы бос кезді мен кеше.

Өмірдің өңі өзгеріп,

Базарлы болды үй бүгін.

Көбейіп бара жатқандай

Күнделік менің күйбеңім…

Сездірген шығар саған да,

Қызыр-ақ болсын серігің.

Маңдайдан ешкім қақпасын,

Деп тілейді анаң, елігім!

Енді ұқтым шыным,

О, ғажап,

Баланың жанын, тәттісін.

Көрмейін сенен жамандық,

Періште жаным, пәк мүсін.

Аналық тілмен тілейін,

Тек береді Аллаһ тілекті.

Бақытты саған арнадым,

Арнадым, мына жүректі.

Жолыңда сенің мен дайын,

Жүрегім, қолқам, тынысым.

Аллаһ пен Елші, сендікпін,

Байлығың…

Басқаң «құрысын!»

1999

* * *

Естісең өсекті есіңнен танасың,

Біреуге түкте емес, біреуге данасың.

Періште емес, пендеміз тірліктен шаршамас,

Білетін өмірдің ақ пенен қарасын.

Рух – нұр,

Тәңірім жаратты ғаламды.

Қалжырап тұрсаң да табылып амалы,

Қаңғырған қиялдан шошына қашасың,

Сүйретіп бір жаққа жаныңды жаралы.

Кезігіп тағы да қорқыттың көріне,

Аңырып қаласың тірі ме, өлі ме.

У жеген адамдай дауасы табылмас,

Мойынсал боласың бәрін де көруге.

* * *

Қамықты көңілім, төгілді көз жасым,

Бірдемде дерттенем, қызығы, өз басым.

Бәрі-бір сабырым санамда тұрады,

Даурығып лезде белгілі қозбасым.

Өмірде түйгенім, сенімді серігім,

Мен барда анығы мүсіркер сені кім?

Көл болып көңілім, шөл болып тартылад,

Қазір-ақ жоғалып, тоналған сенімім.

* * *

Білесің бәрін дін – ілім,

Жүрекке сіңіп иман нұр.

Ғажабы, ғамал – дірілім,

Есқатпас мүлкім жыйған құр.

Санамнан аулақ уайым,

Сағыз тірліктен алшақпын.

Сұрасам Аллаһтан сұраймын,

Пенделік тек сенен шаршаппын.

Бәріне шүкір деп өтемін,

Иманым кәміл, Тәңірім.

Құлаққа кірмес бөтен үн,

Орындар Хақтың әмірін.

Жарым мен балам бақытым,

Маңдайын сәжде қажаған.

Иманға берген уақытын,

Біздегі ән – ғажап ән!

Басқа ойдан аулақ,

Тілерім,

Құлшылықтарым көбейсін.

Намазым менің – тірегім,

Намазсыз өтпе,

...Өгейсің!

ҚЫЗЫМ АҚТОЛҚЫНҒА

Жаныма еніп бір шуақ,

Мазасыз күнім азайды.

Оралып ойға жыр шумақ,

Жанымды бақыт «қажайды».

Уайым, сарсаң аулақтап,

Басыма бағым байланды.

Дала да аппақ, бәрі аппақ,

Ақтыққа бәрі айланды.

Иеме шүкір етейін,

Ұл бердің, тәтті қыз да бар.

Садағаң болып кетейін,

Шешеге серік қыз қамал.

Өмірім өзге, гүл рең,

Әкең де басқа күйге енді.

Ауыспас шаттық бұл бір ең,

Жалғасты тірлік үйдегі.

****

Жүріп келем,

Жүректі түріп кілең.

Ешкім жоқ ен дала,

Қызық қой селт етіп үріккен.

Тыңдап келем,

Білдіртпей шындап сенем.

Ақырын күтейінші,

Тынасың сындап немен?

Мүлгіп келем,

Қиялым сүңгім терең.

Құрт құсап ағаштағы,

Ұнтағын үңгіп жеген.

Тұрып келем,

Құлағым құрып керең.

Көзім де қарауытты,

Күнәдан солып, семем.

Күліп келем,

Жабысты сүлік неден?

Тұрғанын құлағалы,

Келеді біліп денем.

Кезіп келем,

Тірлік пе ежіктеген.

Біржола кеткенімді,

Білмеймін, безіп неден?

Құлап келем,

Қайғымды сынақ деп ем.

Жауабы табылмайтын

Қойылар сұрақ неден.

Жылап келем,

Жанымнан жырақ денем.

Қорқамын Құдайымнан,

Құтылам, бірақ... Сенен...