2017 жылдан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын тоқтатады
2015 ж. 08 желтоқсан
3855
20
2017 жылдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары түгел жабылады. Олардың орнына әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, мүлікті рәсімдеу салалары біріктірілген «Азаматтар үшін Үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады.
Бұл туралы Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлімдеді.
Келер жылдан бастап елімізде ХҚКО-ның жұмысы тоқтатылады. Оның орнына аты айтып тұрғандай «Азаматтар үшін Үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады. Оған Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы, Жылжымайтын мүлік жөніндегі орталық және Зейнетақы төлеу мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары бірігеді. Жаңа корпорация тұрғындардың өтінімін қабылдап қана қоймай, құжаттарды өңдейді. Яғни бұл мекеме канадалық үлгіде жұмыс жасайды.
“Корпорация шеңберінде халыққа қызмет көрсету, өмірін жеңілдету, тез арада мемлекеттік қызметтерді жоғары сапалы түрінде алу болып табылады деп ойлаймын”, – дейді парламент мәжілісінің депутаты Майра Айсина.
Айта кетейік, Қазақстанда 730 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі екен. Оның 212 түрі ХҚКО-ға тиесілі. Халық енді бір корпорациядан 700-ден аса қызмет түріне қол жеткізе алады. Яғни еліміздің азаматтары жер телімдерін рәсімдеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу немесе зейнетақыға қажетті құжаттардың барлығын бір жерден алатын болады.