Адвокат Ермек Тайшыбековті ұлы Абаймен салыстырды

Жамбыл облысы Қордай ауданының сотында ұлтаралық араздық тудырды деп айыпталған блогер Ермек Тайшыбековтің ісі бойынша пікірсайыс өтті. Прокурор оны 4 жыл 8 айға соттауды сұрады.

EAA1798C-56FA-4E4A-B6F3-F7732123B7C6_w640_r1_s_cx0_cy15_cw0 Прокурор Ардақ Бәкішев соттан блогер Ермек Тайшыбековке «қылмысын ақпарат құралдарын қолдана отырып жасады» деп таққан айыпты өзгертуді сұрады. Ал адвокат Анатолий Окуньков Ермек Тайшыбековті қазақ ақыны Абаймен салыстырды. Оның сөзінше, Абай да қазақтың нағыз патриоты бола тұра қазақ халқы туралы жағымсыз шындықтарды айтқан, бірақ оған бола сөздерінен заңға қайшылық іздеу ешкімнің ойына келмеген. Ермек Тайшыбековтің жазбаларында да ащы шындықтан басқа ештеңе жоғын айтқан адвокат оны ақтауды сұрады. Ермек Тайшыбеков пікірсайыс кезінде сарапшылардың қорытындылары мен өзіне тағылған айыпты тағы да терістеді. Ол айыптарды абсурд деп мәлімдеп, неге айыпты екенін түсінбейтінін мәлімдеді. Ермек Тайшыбеков процес басталар кезде «азаматтық некедегі әйелінің түсік жасатуына және соның кесірінен отбасы бүлінуіне» ҰҚК-нің қызметкері айыпты деп мәлімдеп, оны сотқа тартуды сұрады. Судья Қайрат Белгішев оған сот тергеу кезінде айтқан ақпараты расталмаса, «Жала жабу» бабы бойынша жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Бұл іске байланысты куәгер болған Ботагөз Исаева Ермек Тайшыбековтің ҰҚК-ге жазған шағымы бойынша тінтуге ұшырады. Ермек Тайшыбеков шағымында Алматы облысының тұрғыны Ботагөз Исаеваның интернеттегі жазбаларында «ұлтаралық араздықты тудыру белгілері бар» екенін айтқан. Блогер Ермек Тайшыбековтің ісі бойынша соттың келесі отырысы желтоқсанның 11-інде өтіп, сотталушы сол кезде соңғы сөзін айтуы керек. Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны, 37 жастағы блогер Ермек Тайшыбеков биыл жазда әлеуметтік желі қолданушыларының арызы бойынша қамалып, қылмыстық іске тартылған. Кейбір құқық қорғаушылар оның соты әлеуметтік, ұлттық және діни араздықты қоздыру бабы бойынша осындай істер қозғаудың басы болуы мүмкін деп қауіптенеді. Баптың анық еместігі мен түсініксіз түсіндірілуі өзгеше ойлайтындарды қудалауға және арыз жазушыларды қолдауға құрал болуы мүмкін дейді олар.
Дереккөз: Азаттық