Қазақ киносы дағдарыста ма, әлде батпақта ма?!.

Таяуда тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы «Қазақстан» телеарнасында «Көршілес» ток шоуының тұсауын кесті. «Құтты болсын» дей отырып, көтеріп отырған тақырыбын да құп көрдік. Ол: «Қазақ киносының бүгінгі деңгейі» екен. Тәуелсіздік алған кезден бастап қазақ киносы көрерменнің көңілінен шықпай келе жатқаны рас.

Бірақ біз баспасөзде жарияланып келе жатқан материалдарды сараптасақ, «Қазақфильмнің» кинотанушысы, бас редакторынан бастап, басқа да жетекші басшыларына дейін бүгінгі қазақ киноөнерінің дағдарысқа ұшырап отырғанын мойындамайтынын байқаймыз. Оның себептерін зерттемейтінін, ұғынуға тырыспайтынын көреміз. Кино тағдыры талқыға түсіп отырған осы «Көршілес» ток шоуына дейін де ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханов бұл мәселені талай көтерген. Осы шоудада Б.Тілеуханов бүгінгі қазақ киносының басты айыптаушысы болды. Әрине, мұның бәрі оның қазақ киноөнерінің бүгіні мен ертеңіне жаны ашығандығынан болса керек және бұл көптеген қазақ көрермендерінің көкейінде жүрген ой-өксік. Солай десек те, шоу өткен бір сағаттың ішінде оны жүргізуші Нұртілеу мен оған қатысып отырған, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов пен басқалар да «Қазақфильм» туындыларының не себептен дағдарыстан шыға алмай жүргендіктерін көрермендерге жеткізе алмай әлек болды. Тек шоу көрермендерінің арасында отырған бір актриса : «Осы отырғандардың ішінде бірің кино жөнінде ешнәрсе білмейсіңдер» деп көңіліндегі шындығын айтып қалды. Сондықтан да, расын айта кетсек, бір сағатқа созылған шоудың жүргізушісі Нұртілеудің : «Осы киноға кеңес кезіндегідей кеңесшілер алқасы керек пе?» деген сұрағын талқылаудың өзі жиырма минут уақытын алды. Осыдан ақ, шоудың қалған уақытында қазақ киносының өзі батқан батпағынан не себепті шыға алмай жатқанын көрермендерге бажайлап түсіндіріп беретін бір адамның болмағанын айтып- айтпай не керек.

Бәрінен бұрын қазақ киноларына тағылып жатқан айыптарға және қойылып жатқан сұрақтарға шоуға қатысқан «Қазақфильмнің» өкілі және бас редакторы жазушы Дидар Амантайдың айтқаны: « Кино көрермендері қазіргі уақытта үш төрт пайызға өсті, бұл қазақ киносының дамып келе жатқанын көрсетеді...», «Кино өндірісі заман талабына сәйкес коммерциялық, идеологиялық, өнер бағыттарында түсіріледі». Бәрінен бұрын оның одан басқа байыпты ешнәрсе дей алмағаны қынжылтты. Ол бірнәрсе білетін болса, сол жерде: «Қазақфильм» бүгінгі күнге дейін коммерциялық бағытта мынандай кинолар түсірді, олар мынандай көрермендер жинап, біздің ұжымға қомақты табыс әкелді ( фильм коммерциялық болғасын қомақты пайда әкелуі тиісті ғой), идеологиялық бағытта яғни жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу мақсатында бюджеттің қаржысына мынандай кинолар түсірілді, оларды халық жақсы қабылдады» деп айтуға тиісті еді, бірақ айта алмады. Өйткені «Қазақфильм» коммерциялық фильмдер түсіріп, пайда түсіретін халге әлі жеткен жоқ. Бюджеттік миллардттаған теңге жұмсап түсірген, шетелде көрсетіліп, пайда табады деген «Көшпенділердің» түрі анау, қазір оның атын атап, еске алуға адам ұялады. Сондай ақ, соңғы он жыл ішінде түсірілген идеологиялық бағытта елеулі бір киноларды немесе бір тарихи киноларды Д.Амантай атап өте алған жоқ. Ал, шоу кезінде бас редактор атап өткен «өнер» бағытындағы киноға келсек, өнер бағытында кино түсірілмейді, өйткені киноның өзі өнер, тек өнердің түрлері туралы кино түсіруге болады. «Қазақфильмнің» бас редакторы осыны айтқысы келген болуы керек. Жалпы бас редактор Д. Амантай осы шоуда көрерменге өз ісін жете білмейтін адам тәрізді әсер қалдырды. Мұның бәрін тізіп айтып отырған себебім, қазақ киносының бүгіні мен келешегі тек ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты Б. Тілеухан мен журналист Нұртілеу Имнғалиұлын ғана емес, бүкіл қазақ халқын толғандыруы тиіс. Шоу кезінде айтылғандай, киноның негізгі бағасын беруші кинотанушы, әлде бір орыс тілді киносыншы немесе қайдағы бір эксперт емес, халық болуы тиісті және солай да. Соның бір дәлелі шығар, осы хабар кезінде «Қазақ киносының келешегі қандай болуы керек?» деген сұрақтың жауабын шоу көрермендерінің арасында отырған жас қыз бала тауып берді. Ол: «Ұлт тарихын, мәдениетін терең білетін, қазақы рухты жас кино мамандарын тәрбиелеуді осы күннен қолға алуымыз керек» деді. Мінеки, бір сағатқа созылған «Көршілес» хабары кезінде айтылған бірден бір бағалы, құнды сөз осы баланың айтқан сөзі ғана болды.Шынтуайтында да, осы шоу кезінде елдің алдында отырып алып, өзара айтысқан екі кинорежиссердің сөздері ақ, «Қазақфильмде» берекенің жоқтығын, яғни Крыловтың мысалындағы тырна, шортан және тасбақа тәрізді әркім өз көрпесіне қарай тартатыны байқалды. Кино дегеніміз режиссер мен сценарий жазушының бірігіп шығарған өнер туындысы делік. Дегенмен ол режиссер мен сценаристің көзқарасынан алынған өміріміздің бір бөлшегі. Яғни өмір болғасын адамдар көрсетіледі ғой. Ал адамдар сан алуан мінезді. Жақында «Күзгі жапырақтар» деп аталатын түрік телехикаясын көрдім. Онда он жеті, он сегіз кейіпкер бар екен. Ең тамашасы, осы телехикаяның режиссері өмірдің шындығын шынайы көрсетуімен ғана емес, сол он сегіз кейіпкердің он сегіз мінезін бейнелей алғаны болды. Міне, режиссердің және актерлардың суреткерлігі деп осыны айтуға болады. Тағы бір мысал келтіре кетейін, осыдан бірер ай бұрын «Хабар» телеарнасынан, радиодан және газеттерден «Таяуда бір жанұяның тағдыры туралы «Жаным» атты телехикая аңыз көресіздер» деген жарнаманы «Хабар» телеарнасынан, радиодан, газеттерден күнде қақсатып, құлақ сарсытты. Мақтанышпен бір ай жарнамалаған телехикаясын көрейінші деп «Хабар» телеарнасын қосқанмын. Соны қарауға бір сағатқа шыдамадым. Көрініп жүрген кейіпкерлердің біреуінің өзіне тән мінезі жоқ, құтты сценаридегі жазылған сөздерді жаттап алып, айтып жүрген қуыршақтар тәрізді, көрерменді жалықтырып жібереді. Мінеки, біздің телеарналарымызда жиі көрсетіліп жүрген түрік, корей телехикаяларымен салыстырып айтсақ, біздің қазақстандық телехикаяларымыздың деңгейі осындай төмен.

Мұндай кемшіліктер тек біздің телехикаяларда ғана емес, жоғарыдағы шоуда әңгіме болған «Қазақфильм» туындыларына да тән. Бүгінде «Қазақфильмнің» басшылары, бас редакторы мен режиссерлары кино кейіпкелерінің образын сомдауға аса мән бермейтін тәрізді. Олар голливудтағы сияқты киноэкшн түсіруге ұмтылуда, бірақ қолдарынан ол да келмей жатыр. Голливудта кино түсіріп жүрген қазақстандық режиссер Бекмамбетов: « Қазақфильмнің» творчестволық мүмкіндігі өте төмен деңгейде, мен онда кино түсірмеймін» деген сөзі «Свобода слова» газетінде жазылып еді, сол айтқандай «Қазақфильм» осы күнгі қарқынымен бергі он жылдықта қазақ халқын қуантатын кино түсіре алмайды ау деп ойлаймын.

Әңгімеміз кино тақырыбына арналған Нұртілеудің «Көршілес» атты шоуынан басталғасын, мақаламызды сол шоу туралы пікірмен аяқтайық. Н.Иманғалиұлы бұл шоуды қазақ киносы туралы пікір таласын тудырып, оның бүгіні мен келешегіне аз да болса себімізді тигізсек» деген жақсы ниетпен бастаған. Бірақ Нұртілеудің өзінің кәсіптік шеберлігіне сеніп, бәрі әңгіме барысында туындар деген оймен, хабарға дайындалмай келгендігі көрініп қалды.

Ең басты кемшілігі - бұл шоуда қазақ көрермендерінің көкейінде жүрген екі-үш сұрақ «Қазақфильмнің» өкілі болып келген бас редактор Д.Амантайға қойылмай қалды. Ол сұрақтар мынандай:

1. «Қазақфильм» туындылары эк­ран­­ға негізінен неге орыс тілінде шығарылады?

2. Д. Амантай бір сөзінде «Бізден шығып жатқан киноларға бәріміз де жауап береміз»деді. Олай болса, көркемдігі төмен сценарийлермен неге кинолар түсіріліп жатыр? Оған кім жауап береді?

3. Бас редактор бір сөзінде «Міржақып Дулатов туралы кино түсіру жоспарда бар», - деді. Хош делік. Олай болса, Ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов туралы кино түсіру «Қазақфильм» жоспарына неге енгізілмеген? А.Байтұрсыновтың он үш жасында әкесі мен ағалары уезд бастығы Яковлевті ұрып, Сібірге айдалады, 1905-жылы орыстарды қазақ жеріне қоныстануына қарсы 140 адамға қол қойдырып, патша өкіліне петиция тапсырады. 1909 жылы сол үшін патша өкіметі оны түрмеге отырғызады, сол жылы атақты «Масасын» бастырып шығарады, елдің көзінің ашылуына себепкер болған «Қазақ» газетін ашады, «Алаш» партиясына белсене қатысады, Қазақ автономиясының құрылуына күш салады, т.б. Тізе берсек Ахаңның халыққа сіңірген еңбегі көп. Бұл дегеніңіз, киносценарийдің дайын тұрған өзегі емес пе?!

Осындай көкейтесті мәселелер Нұртілеу жүргізген шоуда қозғалмай қалғандықтан осы сұрақтарға «Қазақ­- фильмнің» бас редакторы Д. Амантай мырза газет оқырмандарына жауап береді ғой деп үміттенеміз.

Ал, Нұртілеу мырза, шоуыңыздың соңында «Ендігі сөз көрермен, сізде» деп бізге қамшы тастап едіңіз, біздің айтар сөзіміз осы.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ.