“БҮГІНГІ ӨМІР –МЫЛТЫҒЫ ЖОҚ МАЙДАНДАР!”
2009 ж. 21 желтоқсан
9098
0
«Хан қызындай Ханбибі, Таң жұлдыздай Ханбибі, Гүл біткеннің ішінде, Алқызылдай Ханбибі. Жағалаудың жалқы өскен, Жалбызындай Ханбибі. Бірге өскен ғұмыры – Жан құрбымдай Ханбибі. Балдан тәтті қылығы, Балдызымдай Ханбибі. Адайдан шыққан ақ бибім, Ақыннан шыққан ақ тұйғын, Шымкенттен шыққан шырайлым, Толқытты менің жанымды, Толқыны болып Каспийдің...» Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ
«Сөз жоқ. Ханбибі – сой ақында¬рымыздың бірі, үлкен ақындарымыздың бірі. Ханбибі арбасудың ақыны. Ханбибі бал мен удың, қайғы мен қуаныштың, жамандық пен жақсылықтың, биік пен төменнің, жасық пен батырдың бір-бірімен ұстасатын, қилы кезеңдердің қатерлі сәтіндегі құбылыстарды ұстап алатын мұз бен шуақтың ортасында жүретін, бір жағы мұп-мұздай, бір жағы жып-жылы болып тұратын қуатты ақын»
Темірхан МЕДЕТБЕК
«...Ханбибіні ел іздеп жүріп оқиды. Азаматтығы асқақ ақын қарындасымның поэзиясы қазақпен бірге мәңгі жасай беретініне кәміл сенемін. Классикалық өлеңдердің шығармагері Ханбибі Есенқарақызы – қазіргі поэзиямыздың бет ажары, десем, қателеспеймін» Қаныбек САРЫБАЕВ Поэзия әлемін ақын қыз болып аттаған Ханбибінің жас жүрегінен туған жалынды жырлар ә дегеннен-ақ қара өлеңнің қадірін ұғынған елдің назарын өзіне аударған еді. Осы сөзімізді Шыңғыс Айтматовтың «... Алғашқы өлеңдеріңіздің өзі-ақ шынайылығымен, жанға жылу дарытатын өрелі поэзияға тиесілі санасымен, ерекше нәзіктілігімен, әйелге тән биязылығымен оқырманды баурап алды. Олардың көпшілігі жастар сүйіп тыңдайтын әнге айналғаны тегіннен тегін емес», - деген пікірі толықтыра түссе керек. Ханбибі ақынның қаламынан туған тырнақалды туындыларының санатындағы жырларға үңіліп көрер болсақ, ол «Сен мені қинамашы» атты өлеңінде: «Сен босқа ғашық жайлы жаттадың жыр, Сезімнің нәзік қылын таппадың бір. Елеусіз күз ұшырған жапырақтай, Жанымды жауратады хаттарың құр», - деген жолдар бойжеткенге ғашық жүрегін ұсынған бозбаланың махаббат отын маздатар жырларына қайтарған қарымды жауабы екенін көру қиын емес. Лирикалық сарындағы осы шумақтың табиғатпен тамаша бір үйлесім тауып тұрғандығының өзі ұтымдылық. Жиырмадан үш жас ғана асқан бойжеткеннің отты жырлары алғаш рет 1972 жылы «Қанат қақты» жинағына енеді. Сол кезде қара өлеңнің қазанында қайнап үлгермесе де, сол әлемге енді ғана қанат қаққан қарындасына ақын Төлеген Айбергеновтың: «Сен шықққан биік жоқ әлі, Сен шықпақ биік жоғары. Қайралмай жатқан жас талант Қиып түссем деп соғады», - деп арнаған жыр жолдары Ханбибінің шығармашылық жолда шығар шыңының биіктігінен үлкен үміт күтетіндігін көрсетеді. Сөз жоқ, Төлеген ақынның үкілі үміті ақталды. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» жырларды қиыннан қиыстырған Ханбибінің қаламынан жыр маржандары төгіле түсті. Осыдан барып ақынның «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Махаббатым мәңгілік», «Жангүлім», «Жанайқай» атты кітаптары дүниеге келді. Ханбибі Есенқарақызының поэзия әлеміне енді ғана қанат қағып, қияға самғар сәтінде ақын ағаларының бірі Исрайыл Сапарбай ақынның алғашқы жинағы турасында төмендегіше тереңнен ой түйген еді. «Ақын қыздың «Жалын» баспасынан жарық көрген тұңғыш кітабы-«Бұлтсыз аспан» екі бөлімге топтастырылыпты.Бірінші бөлім ақын жырларының тақырып ауқымынан-өмір тіршілік,табиғат туралы ой толғамдарынан түзілсе, екінші бөлім ақынның сыршыл болмысын аңғартарлық лирикалық нәзік нақышты, сезім әлемінің әр қилы әуендерін әспеттейді екен. Өлең сайын өсіп келе жатқан Ханбибі қаламынан да өзіндік қолтаңба іздеуге оқырман толық хақылы.Көңіл тоғайтарлық бір қуаныш сол-«Бұлтсыз аспан»шығармагерінде бұл қолтаңба бар. Ең басты ерекшелік-Ханбибі жырларының өршіл өжеттілігі, һәм нәзік сыршылдығы. Бір қарағанда, «өжеттік»пен«сыршылдық»өзара өзектесе қоймайтын,керісін- ше керағар ұғымдар сияқты көрінуі ықтимал. Ақын қыз аспан мен жердей бұл екеуін өз шығармасында әдемі астастыра біледі. Өйткені,бұл екеуі де Ханбибінің мінез табиғатынан табылатын қасиеттер. Әсіресе, шығармагердің лирикалық ырғақтарында аталмыш өжеттік пен сыршылдық домбыраның екі шегіндей егіз-қатар күй кешіп,өзара жарасым тауып жатады. Өлең жазғанның бәрі ақын емес. Ал, Ханбибі бірде бал, бірде шекер мына өмірді жырлау үшін жаралған жан. Ол өзінің қайсібір өлеңінде болмасын сырлы сезімнің сырнайын тарта отырып, жақұт жырға сұлу сырды да, аласапыран көңілді де сыйғызады. Ханбибі – өзгелерге өзінен биік екен деп жалтақтаған да жан емес. Жалын жырға жан жүрегімен берілген жан. Оны Ханбибімен бірге қара өлеңнің пұшпағын илеп келе жатқан ақын ағалары мен қатарларының алғашқы жыр жинағынан кейін-ақ, айтқан оралымды ойларынан да байқауға болатындай. «Ақынның «Жан гүлім» атты жинағы үлкен-үлкен екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – « Махаббатым – мәңгілік» сан алуан тақырып төңірегінде ой қозғаса, екіншісі – «Өз отыңды өшірме» жас шаңырақ иелерінің жай-жапсары. « Әдебиет - өмір айнасы» дегенде, сол әдебиетті жасаушы өнер иелері - өз дәуірінің, өз ортасының көзі, құлағы. Сондықтан, ақын – дәуір жыршысы. Уақыт туралы парызды терең сезінген осындай ақын айналадағы құбылыстардан бөлек кете алмайды. «Бүгінгі адамзатты не тебірентеді,замандастарымыздың келбеті қандай ?» деген сұрақтар жиі мазалайтын Ханбибінің жүрегінен сол сауалдардың жауабы жыр-жаңбырдай төгіледі.Жырларын оқи отырып байқағанымыз, бүгіндері қала тұрғай, ауылдың өзінде шақырған жерге барғымыз келмейтін мінез тауып, «бір есік, бір тесік » болдық.Есігін кендір жіппен байласа байлап, байламаса ашық-шашық қалдырып, өздері ағайындардың той-томалағымен әуреленіп , көңілдерінде қылаудай түйіткіл жоқ, шіркін, ата-апаларымыздың бар болмысын еске түсірген жырлар халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеуге үндейді. Бұл заманда бізге ең жетіспейтіні – жолдасыңа, досыңа,туысыңа деген мейірім, ізгілік екен. Адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін аңсаған ақын : Үйдей міні болса да кешірер ем, Перделерін сыпырса жасандылық, - деп бойындағы адамдық қасиетін жасандылықпен былғап жүрген кей замандастың шын кейпін көз алдымызға әкеледі.Қай кезде де адамзат қоғамның қатерлі ауруларының бірі осы жасандылық екенін астарлы оймен жеткізеді. Поэзияны жасайтын - ақын. Әдебиетте еркек ақын, әйел ақын шығармашылығы деген ұғым жоқ. Ақын деген бірақ-ақ ұғым бар. Сондықтан да ақын жазған жырлар бәрімізге ортақ. Мейірім бар жерде - өмір бар. Таза махаббат әрқашан да адамға ізгілік ,мейірімділік сыйлайды. Мұны қаламгер «Шоқ қалампыр» деген өлеңінде өрнектейді. Жырда тағдыр тауқыметімен торыққан жанның көңіл күйі даладағы үскірік аязбен қатар салыстырыла суреттеліп, әдемі кестеленеді. Жаралы жанына жұбаныш іздеп аласұрған кейіпкер: Мен жаралы жолбарыс секілдімін, Өзі жалап жазатын өз жарасын, - дейді.Жан-жағынан қамалаған мұңға қарсы жалғыз қалған адамның жаралы жолбарыс секілді екені рас.Осындай шақта есік қағылады. Есік ашпай,елегзіп тоқталам бір, Бейсауат па танысын жоқтаған бұл ? Үміт ашпай, есікті күдік ашты, Бір жігіт тұр, қолында шоқ қалампыр! Шіркін, көңілі-ай десеңші!? Дүниеде адамға титтей мейірімнен артық,шоқ қалампырдай ғана пейілден артық не керек ?! «Жаралы жолбарыстай » кейіпкер жаңағы торығудан, бар жан жарасынан жазылып-ақ кеткендей. Қараңызшы, есікті «үміт ашпай, күдік ашып» еді ғой. Бекер-ақ күдіктенген екен. Бізден әлі де мейірім жоғалмапты. Жыр сыйлаған осындай ойдан кейін сіздің де жан жүйеңіз босап, бір түрлі рақат сезімге бөленесіз.Тапқырлыққа риза боласыз. Ақынның қай өлеңін оқысаңыз да, бүгінгі күн талабынан туындаған көптеген сұраққа жауап табасыз. Суреткердің негізгі айтпағы да, оқырманына бермегі де – осы», - деп ақын Әбділдә Аймақ Есенқарақызының есті жырларына осылайша үңіледі екен. Ол шынында да сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі. Ең алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Ханбибі кейін Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде тілші, 1975-1980 жылдар аралығында облыстық радио хабарларын тарату комитетінің редакторы болып қызмет атқарады. Өзінің бойындағы еңбек¬қорлық қасиетінің арқасында ерен істерді атқара білетін Есенқарақызына 1990 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы қызметін атқару жүктеледі. 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының тізгінін қолға алған Ханбибі Есенқарақызы облыс көлемінде көптеген ілкімді істердің атқарылуы жолында іскерлік танытады. Қазақ деген халқы үшін атпал азаматтармен қара нардай қатар тұрып қызмет етуге бар қайсар қыз 1994 жылдан бастап Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияны басқарады. Бүгінгі таңда Ханбибі Есенқарақызы Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры. Ол қандай бір қызмет атқармасын қолынан қасиетті қаламын тастаған емес. Ол - шындықты ту етіп шыңға қарай өрлеген шын талант. «Өкінбеймін! Өзім түскен қақпанды, қан ағызып сүйреп келем әлі мен». Ханекең өмірін өлеңге арнағандығын осы жолдар арқылы жеткізсе керек. Жүздің жартысын жасаған шағында Хан апаның «Сыр кітабы» және «Жыр кітабы» атты екі томдығы жарық көрді. «Елу жасқа келгенде егіз ұл тапқандай болыпты-ау» - деп, Ханбибінің «Жыр кітабы» мен «Сыр кітабына» кезек-кезек қарай беремін. Егіз десе егіздей, екеуі де, көркем әрі сауатты. Бірі – өлеңі, бірі – өзі. Қазақтың қай қызы екі томдығын шығарып жатыр, «біссімілда» деп қолыңызға алсаңыз- өрелі өлеңге де, өнегелі өмірдің қыр-сырына да қанып, бірде езу тартып, бірде мұңайып, ақынмен бірге жаңа әлемге сапар шегесіз» - дейді халық ақыны Әселхан Қалыбекова. Ақынның «Сыры» мен «Жыры» турасындағы пікір осы. «Қызы едім мен бір байдың «өлең» деген». Иә, ол шынында да «өлеңнің» қызы. Өйткені ол өмірін өлеңге арнады. Әкесі «өлең» қандай бай болатын болса, өзі де жыр маржанға соншалықты бай. Бай болғандығы болар, ақынның «Сыр кітабы» мен «Жыр кітабының» ізін суытпай «Ай туады бозарып» және «Күн шығады қызарып» атты екі томдығы жарыққа шықты. Ханбибінің шығармашылығымен етене таныса келе, оны өзгелерді таңқалдыру үшін жаралған жан ба деп қаласың. Ол өзінің ойлы оқырманын ғана емес, әдебиеттің талай тарландарын да таңқалдыра білді. Әрине, өлеңімен, өнерімен.... «Ханбибі «Найзағайлы түн» деген өлеңін: «Дірілдетіп, дүбірлетіп көк белді, Нөсер алып келе жатты көктемді. Ару аспан асығыстау көктейді Алтын жіппен жыртық қара шекпенді», - деп бастапты. Адал шыным, мен осы өлеңді өзім жазбағаныма өкіндім. Бір шумақ өлеңде қанша эпикалық қуат, көркем сурет бар. Алтын жіппен жыртық бұлттарды көктеу – табиғат құдіретінің, табиғатты қуатты ақынның ғана қолынан келеді...». Бұл - халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың пікірі. Хан апамыз қара өлеңнен тау тұрғызған талант ғана емес, сонымен қатар ол проза жанрының хас шебері. Олай болмағанда қарымды қаламгер Мархабат Байғұт Ханбибі Есенқарақызының жақында ғана жарық көрген алты томдығының 3-томы турасында: «Өлеңі өзгеше өре-өрісті өрнек. Өрімі бөлек, өркені ерек дүние. Алты томдығының мына кітабы қара сөз. Қарындастың қара сөзі. Қайран қалар ғажайыптар да бұл жанрда жетерлік. «Әйел жаны» дейтін фантастикалық әңгімесін оқып қараңыз. Әгәрки, Ханбибі қарасөзге шындап ден қойып, жазу үстелінде шаншылып ұзақ отыруға шыдамы жетсе бар ғой ә, талай-талай жазбагерлеріңізді жолда қалдырайын деп тұр. Стиліне адал, іздемпаздығына берік, астар-тұспалы тәнті етер Есенқарақызын егжей-тегжейлі оқып отырып, базбір жазбаларында кейіпкерлерін аямай «сойып-салыпты-ау» «мені» менмұндалаңқырап кетіпті-ау, деп ойлай бастауыңыз мұң екен, өзін де «сойып салып», келемеждей жөнеледі. Ал, өзін-өзі кекетіп күле білетін адам – керемет адам деген пікір бұрыннан белгілі» деген пікірді айтпаған болар еді. Ханбибідей қара өлең мен қара сөзді қатар алып каеле жатқан қаламы қарымды қарындасының жазған естеліктеріне Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Оның естеліктерінен, ақындығын ғана емес, қара сөзді қатар алып жүретін прозашы екендігін аңғардым. Күні кеше қол алысып, араласып жүрген батырлар – Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновті, жанымыздағы Фариза Оңғарсынованы, елден алыста қазақы қанынан айнымаған Кемердегі губернатор Аман Төлеевті бітім-болмысымен көз алдыма әкелген бұл кітапта, белгілі тұлғалардың басынан өткен, біз біле бермейтін оқиғалар шынайы баяндалыпты. Өлең деген өлкеге ақын қыз болып аяқ басқан Ханбибі бүгінде алпыстың асқарына шығып Хан апа атанды. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі өнер және мәдениет саңлақтарының Астана, Алматы сынды ірі қалаларда мерейтойын атап өтуі соңғы уақытта сиреп қалған болатын болса, Ханбибі асқаралы алпысын ару Алматының төрінде тойлап, оңтүстік жұртының ғана емес, қазақ деген халық елдің адуынды ақыны екендігін бүгін тағы да бір дәлелдей түсті. Ханбибі Есенқарақызының алпыс жылдық мерейтойы Оңтүстік Қазақстан облысында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей атсалысуымен үлкен дәрежеде аталып өтілді. Ал, бүгінгі Алматы қаласындағы Орталық кітапханадағы ақынның алты томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі сол тойдың заңды жалғасы іспетті. Поэзиялық туындылары енген жинақтың 1-2 томы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан, ал прозалық дүниелерге арналған 3-6 томдары Шымкент қаласындағы «Ордабасы» баспасынан жарық көріпті. Тұсаукесер рәсімінде жазушы Смағұл Елубай: «Ханбибі көрмей қалуға, байқамай қалуға болмайтын тұлға. Қолынан қаламы түспеген қазақтың адуынды ақын қызы – Ханбибі адам баласы Алла алдында қандай адалдық таныту қажет болатын болса, ақ қағаздың алдында да сондай адалдық таныта білді. Сол адалдық оның тырнақ алды туындыларынан бастау алған. Оның шығармашылығына деген құрмет осыдан келіп туса керек» - дейді. Адуынды ақынды алпысымен құттықтаған ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің немересі Саят Жансүгіров: «Ханбибі ең алдымен ойы таза ақын. Оны биіктерден көрсеткен де осы қасиеті» - деген пікір білдірді. «Ханбибі Есенқарақызының алпыс жылдығы Алматыда өтеді», - дегенді естіп, кешегі зұлмат замандағы қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары да осы жиынға арнайы келіпті. Солардың бірі – Батыр Баукеңнің ұстазы Тәңірберген Отарбаевтың қызы Ұлжан апа болатын. Тебірене тұрып сөйлеген ана: «Мен Ханбибіні алғаш рет Шымкенттегі саяси қуғын сүргін мұражайына барғанымда көрдім. Оның жайдары жүзі мен жылы сөзі жан жүрегімді жылытты. Мұражайда тұрған әкемнің суретін көріп жанарымнан сырғанаған тамшы жасты тоқтата алмадым. Тура бір әкем тіріліп келгендей. Мұражайда атқарылып жатқан тындырымды тірліктердің барлығы Ханбибінің іскерлігімен тікелей байланысты. Сондай иігі ісінің бірі деп әкем Тәңірберген Отарбаевтың 115 жылдығын атап өтуге мұрындық болғанын айтар едім. Ханбибі өлең өлкесінде шындықты бетке алған өзен секілді. Алпысың құтты болып, сол өзеннің ағысы тоқтамасын, дәйім», - деп түйіндеді сөзін. Халықтың шынайы ықылас-пейіліне ризашылығын білдірген Хан апамыз жақында саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ұжымы Ташкент қаласынан «Шолпан» журналының сегіз нөмірін, «Ақ жол» газетінің 25 нөмірін анықта қанық етіп түсіріп әкелгендігін жеткізді. Қазіргі таңда мұражай қызметкерлері сол бай қазынамызды қазіргі қаріп бойынша қайта жасау, игеру, айналымға түсіру мәселелерімен айналысып жатыр екен. Мұның өзі екінің-бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ұжымда осындай ауқымды істің атқарылуы Хан қызындай Ханбибінің іскерлігімен тікелей байланысты екендігі даусыз. Ақынның алпысында дүниеге келген алты томдығының тұсаукесер рәсімі Әдебиетшілер үйіндегі жыр кешіне ұласты. Мұнда да ақжарма көңілдің иелері ақтарған ақ тілектер аз болмады. Сахна төрінен табылып, ақынның қуанышын бөліскен Қазақстан мемлекеттік сыйлы¬ғының лауреаты, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың айтқан ағалық ақ тілегі мен әдемі әзілі көрермен қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Әуелете шырқалған әсем әндер кеш шырайын аша түскендей. «Аспандағы ай ма дедім, Жастық шағым қайда менің? Жүрегімді елжіреткен, Жаным неткен жайдары едің. Нұрикамал, Камалымай, Күндей ашық жамалың-ай. Қолым жетпей, сөзім де өтпей, Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай», - деп төгіле түсетін «Нұрикамал» әні орындалғанда залға жиылған жұртышылық мөлдір сезім мен тәтті қиялға бір сәт ерік берген еді. Бұл әнді ақын жан жарының ғашығына арнайды. Ақынның ерге бергісіз осындай азаматтығына деген таңданысын ақын сіңлісі Маржан Есжанова «Сіз тұңғыш ақын қызсыз қазақтағы, жарының ғашығына жыр арнаған», - деген өлең жолдары арқылы жеткізеді. Ал, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, ақын Иран Ғайыптың оқыған жырлары залды сілтідей тындырса, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Тұрсынбек Кәкішев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай айтқан ақ тілектер қайта жібіткендей әсер қалдырды. Әнші Құралай Сәтмұқамбетова салған «Алтынай» әні, мәнерлеп оқудың шебері Білбала Әбілованың ақынның жыр дәптерінен оқыған жүрекжарды жырлары кештің көрігін аша түскендей. Ат үстіндегі атпал азаматтармен қатар ауқымды істерді атқарып жүрген ақын апаның ел алдындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі болып табылатын Ханбибі Есенқарақызы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, С.Ерубаев атындағы әдеби сыйлықтың иегері. Ақын еңбегі ешқандай атақ-абыроймен өлшенбесе де, Хан апаның кеудесіне таққан «ҚР-сы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медальі, «Парасат» ордені аруын әлдилеген алаштың ақын қызға көрсеткен құрметі екендігі айқын. «Алпыс – тал түс» дейтін болсақ, Хан апаның алар асуы алда. Сол жолда тек сәттілік серік болсын деп тілейміз! ХАНБИБІНІҢ ЖЫРЛАРЫ Жыр додада – шоғырланған, тайпалған, Озбасам да, сол дүбірде бармын мен. Кеудемдегі көк теңіздің жайқалған, Тамшысына бұл күндері зармын мен. Жол таппады – көзсіз көбім сағырым, Күнін кешіп қайраңдағы балықтың. Ұғына алмай дербестіктің қадірін, Ұқтырмады қатар келген нарық бұл! Бәрі-бәрі жекеленген заманда, Бірін-бірі жетелеген заманда – Құнсызданған ақшасындай Кеңестің Құның жоқ деп айту қиын адамға! Асау тұрмыс – салып тізе бөктерге, Күн кешуде салмай назар жақынға. Ғажап екен бейімделгіш бектерге, Азап екен айтары бар ақынға! Көңіл көзі керек мұны көруге – Жоқ, қайыршы! Бар алақан жайғандар! Бүгінгі өмір атпай, аспай өлу де, Бүгінгі өмір мылтығы жоқ майдандар. *** Біреулердің алдында төмендедім, Жарқылдап-ақ тұрғанмен өлеңдерім. Мойындатпақ түгілі қорғана алмай, Үгі шықпай, тұншықты дәлелдерім. Ойпаңдардың алдында биіктедім, Ойсыздардың алдында иықты едім. Сонда-дағы көңіл пәс өзгелерді, Аспандату үшін тек туып пе едім?! Белсенді – ақпын. Біреуді қорғағанда, Қарамастан жар-құзға, орға маңда. Одан артық бақыт жоқ, мен сияқты, Одан артық бақыт жоқ сорлы адамға. Бір шуақ жоқ. Жан-жағым бәрі мұздай, Суып қалған бойдағы қанымыздай. Тағдырым бар көп ғашық өліп талып, Үйленбеген ешбірі кәрі қыздай. Арсыздыққа санамды билетпеген, Пысықайлық жолдарын үйретпеген. Ащы өлеңнің көзінен жас парлатып, Жетектегкен жетімдей сүйреп келем. Саған сенем алмас жыр торыққанда, Тұман түннен бастайсың жарық таңға. Ақ берендей қорғаның болар ма едім, Менен басқа авторға жолыққанда. *** Мақсат емес, мансап пен атақ атың, Халқым сенің сүйейді шапағатың. Жапырлама қоғадай, жетер маған, Іштен тынып сүйетін махаббатың! – Қара халқым қолыңнан не келеді, Жұлдыздарға теңейсің неге мені? Арты диірмен тартатын мықтылардың, Ұшады екен әуелеп дегелегі. Сөзі - жақын. Өздерін әрі ұстайтын, Айтқаны мен тірлігі қабыспайтын. Сенесіңдер ешкіге қой бастаған, Қасапшыға бұлт етіп табыспайтын... Қарайсыңдар кездессем жылылықпен, Әлі өліп бітпеген тірі үмітпен. Менің дағы қолдағымкеп тұрады, Көрінбейтін ешкімге ұлылқпен. Өздеріңмен өтеді азы-күнім. Өздеріңе жетеді нәзік үнім. Жыр әнім де, тұрағым өздеріңсің, Ат айналып табатын қазығының. Ықыласқа азды-көп иемін мен, Сендер барда сөйлеймін киелі үнмен. Өліспейтін, өлсе де беріспейтін, Халқым сені сүйемін, сүйемін мен! *** Айтатыным, жазатыным – тек шыным, Елден, жұрттан жасыратын жоқ сырым! Аялайды, - бірі демеп, - ал бірі Ұнатады қайрылғанын топшының. Күліп көрдім. Жарасқан соң қонымды, Жылап көндім. Жасырғам жоқ онымды. Жармасқам жоқ, тұлпарлардың жалына, Жалғасқам жоқ сақтау үшін орынды! Құлагерді тұяғынан қақпадым, Тентек болсын, Ақандарды жақтадым. «Мынау ісім, қалай болар екен?» деп, Мықтылардың қасы-көзін бақпадым! Кейбіреулер судан шығып құғақ-ақ, Екі шоқып, жан-жағына бір қарап... «Елім, жерім, тілім», - дейді көлгірсіп, Жайлы орынға жеткенінше сырғанап... Бояулардың көбін көрді бұл басым, Шындықты айтсам – кетті өкпелеп құрдасым. Өзге ьілге жалға берген ауыздың, Күні бітпес, Құдай шындап ұрғасын! Сұрауы жоқ, «жергілікті халықтың», Құрғақ сөзді, айта-айта жалықтым. Нарқоспаққа бағалаған ағалар, Кетті айналып, артын бағып әліптің! Қасиетін мойныма ілген тұмардың, Қасіретін туған елдің ұғармын! Өз ұлты үшін құрбандыққа бас тікке, Сәкендерден әулие емес шығармын!!! Гүлмира САДЫҚОВА