ЗЕЙНЕТТЕ БЕЙНЕТ БЕРМЕСІН

Анасын ардақтай алмаған ел жетім,

Қариясын қаcтерлей алмаған ел жетім.

Қазақ болмысында ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерге деген құрмет ерекше. Әлімсақтан қазақтың ұлттық тәрбиесі ұрпағын ата, әке-шеше, жасы үлкен аға-апаларды сыйлауға, тыңдауға, қауқарсызына қамқор болуға жетелеп келеді. Бұл тәрбие ұлттың аңыз-жырларында, мақал-мәтелдерінде көрініс таба отырып, қазақы ділдің, дәстүрлі ғұрыптың өзегіне берік орныққан. Ежелден алқалы ақсақалдар жүйесімен басқарылған қазақ елі қариясын дана сөздің кеніші деп мойындаған, аталы сөзге жүгінген, асып кетпеген..

Бірақ қоғам бір орында тұра бермейді. Уақыт өте келе заман де, заң да өзгереді. Кейде, өкінішке қарай, елдің ыңғайына қарай емес... Мұндай пессимизмге бой ұруымызға жақында ғана (4 қазан, 2010 жыл) «Әділет» партиясы мен «Поколение» Зейнеткерлер қозғалысы ұсынған Қазақстандағы қазіргі зейнеткерлердің жағдайын жақсарту, ол туралы заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстары себепкер болды. Біз, осыған дейін, айтылған ақпараттарға сүйеніп, еліміздің зейнеткерлік жүйесі ақаусыз деп ойлап келген едік. Бірақ партия мен қозғалыс сарапшылары оның мүлде олай емес екендігін анықтап берді.

Сонымен қатар, «Әділет» партиясы «Поколение» қозғалысымен бірлесе отырып, 13 қазан күні Алматыда ашық жиын өткізді. Онда партияның экономика депар­таментінің директоры Ахмеджанов Мәжит Абдуллаұлы аталған мәселе бойынша баяндама жасап, партияның және мыңдаған зейнеткерлердің ащы ақиқатын алдымызға жайып салды. Мүмкін, төмендегі баяндамашы көтерген мәселелермен келіспеушілер болар, дегенмен, мұндағы айтылған ойлардың көбінің шындық екені талассыз.

Еліміздің азаматтарын зейнет­керлік қамтамасыз етудің қазіргі жағдайы зейнеткерлерді ғана емес, зейнет жасына жетуге таяғандарды, орта жастағы адамдарды (мүмкін, жастарды да деп ойлаймын) толғандыратын мәселеге айналды. Әділдігін айту керек, соңғы жылдарда зейнетақының орташа мөлшері біршама ұлғайды: ол – 2006 жылғы 9898 теңге болса, 2010 жылы 21500 теңгеге өсті. Соған қарамастан біздің зейнеткерлер ең төменгі күнкөріс жағдайындағы тұрғындар қатарында қалып отыр.

Кезінде, 1998 жылдан басталған зейнеткерлік реформасы зейнетке шығу жасын ерлер үшін 60 жастан 63-ке, әйелдер үшін 55 жастан 58-ге көтергені белгілі. Бірақ сол кездің өзінде-ақ Қазақстанда ерлердің орташа өмір сүру жасы 61-ден аспайтын болатын. Ол ескерілген жоқ. Мүмкін соның әсерінен болар, 1997 жылы есепте тұрған 2,85 млн зейнеткерлердің саны 1998 жылы 1,98 млн. адамға қысқарып кетті. Сөйтіп, бір жылдың ішінде зейнеткерлердің саны 900 мың (!) адамға кеміді. Содан бергі уақытта да олардың саны үздіксіз азаюда, ал зейнеткерлік жасқа жетпей өмірден өткендердің саны, керісінше, өсе үстінде. Сонымен, 2007 жылы зейнеткерлер саны 1,63 млн адам болса, қазір 1,7 млн шамасында. Ал 2009 жылы Қазақстанда адамдардың орташа өмірі: ерлерде – 63,6 жас, әйелдерде – 73,55 жас болды.

Еліміз тоқсаныншы жылдары қаржылық қиыншылықтарға тап болды. Осы кезде Үкімет бюджетке түсетін салмақты жеңілдетудің ең оңай жолы ретінде оның негізгі ауыр салмағын жасы келген қарт­тарымызға аудара салды. Әрине, талай қиыншылықты бастан өткерген ақсақалдар бұл ауыртпалықты түсіністікпен қабылдар еді. Бірақ сол қиыншылықтарға қарамастан біздегі билікке жақын жүрген «тепсе темір үзетін» жігіттер ел байлығын ашық тонауға көшті. Қоғамды коррупция шырмап алды. Еліміздің экономикасында жалпы ішкі өнім шіріген байларды тудыруға қауқарсыз болса да, мардымсыз экономика аясында алғашқы миллионерлер, тіптен, миллиардерлер пайда бола бастады. Олар осы байлықты «маңдай терін төгіп» таппағаны белгілі. Сондықтан бұл әділетсіздікті көзбен көрген зейнеткерлердің үкіметтің өздеріне қатысты қабылдаған жаңа заңын «ақылға қонымсыз» деп қабылдағаны әділетті еді.

Дәл сол кезде мемлекет бюджетіне түсетін салмақты азайту үшін бұрынғы әлеуметтік қамсыздандырушы зейнет­керлік жүйе біртіндеп жинақтаушы зейнеткерлік жүйеге ауыстырыла басталды. Оның «Чили үлгісі» деп аталатын үлгісі таңдап алынды. Содан бергі қарай 12 жылда азаматтардың 10% жалақысын жинақтаушы зейнет Қорларына (одан әрі қарай – ЖЗҚ) аударудың нәтижесінде бүгінде ол қорларда 2 триллион теңгеден асатын қаржы жинақталып қалды. Былай, сырт көзбен қарасақ бәрі де тамаша сияқты. Бірақ ресми институттардың деректері мынадай мәселелерді көлденең тартады (www.afn.kz). Енді осыған тоқталайық:

– Қаржылық бақылау агенттігінің (ҚБА) дерегі бойынша зейнеткерлік активтер, қазіргі құнымен алғанда, 55%-ы қауіптілігі аса жоғары активтер қатарына жатады екен. Яғни, бұл дегеніміз елдегі, әлемдегі экономикалық ахуал біздің пайдамыздан кері күрт өзгеріп кеткен жағдайда зейнеткерлік қор­лардағы қазіргі қаржының тек 45%-ы аман қалады деген сөз.

– Барлық ЖЗҚ-да (соның ішінде біреуін ғана атамаймыз) инвестицияланған қаржының өсімі теріс көрсеткішке ие. Сөйтіп, ЖЗҚ-дағы номиналды табыс соңғы 5 жылда 43,35%-ға тең болды, бірақ, дәл осы уақыт аралығындағы инфляция деңгейі – 61,35%-ды құрады. Яғни, жинақталған қаржының көлемі өсуде болғанымен, ондағы қаржының сатып алушылық қабілеті 18%-ға қысқарып кеткен. Осы сандарға мұқият көз жүгіртіп көріңіздер. Сонда не себептен «біздің маңдай терімізбен тапқан табысымыздың бір бөлігін болашақтағы бақытты өмірлерің үшін деп мәжбүрлеп алып алады, ал жеме-жемге келгенде біздің қаржымыздың құнсыздана түсуіне ашықтан-ашық жол берілуде? Неліктен біз тек қана минуста қалып отырамыз?» деген заңды сұрақтар туындайды.

– Әлемдік дағдарыс бізді ЖЗҚ қызметінее басқаша көзқараспен қарауға мәжбүрлеуде. Егер көптеген Қорлар инфляция әсерінен теріс нәтижеге ұрынса, жекелеген Қор­лар инфляцияның «көмегінсіз-ақ» пайда орнына зиянға батуда. Әлемдік ЖЗҚ-ның қызметіне талдау –олардың табысының әлемдік экономикалық дағдарыс жалғасқан сайын қарқынды түрде азайып бара жатқанын көрсетті. Ендігі кезекте ЖЗҚ-лар өз қаржысын қалайда көбейту мақсатында оларды қауіпті активтерге – компаниялардың болашағы күмәнді акцияларына сала бастады. Осындай қаржылық тәсілге барудың қаупі өте жоғары екендігі әлемдік экономикалық дағдарыс күшіне енген сайын анықтала түсуде. Оған бүкіл Еуропаны қамтыған «грек синдромы» куә бола алады. Қазіргі жағдайда компаниялардың өзі тұрмақ, тұтастай мемлекеттің өзі «банкротқа» ұшырауы әбден мүмкін екендігіне бұл «синдром» көзімізді жеткізді. Және де, дағдарысқа дейін­гі қауіпсіз құрал саналған CDO (кредиттік дефольттық своп) және басқа құралдар бұрынғыға қарағанда тартымдылығын жоғалтты.

Сонда не қалды? Әлемдегі қорлардың орасан зор қаржысын қайда орналастыру керек? – деген сұрақ қалды. Оның көлемі сарапшылардың есебінше 10 триллион АҚШ долларын құрайды екен. Енді осы мол қаржы азық-түлік, шикізат пен қымбат металлдарға қарай бағытталады.. Соның нәтижесінде, біз әлемдегі мұнай бағасының жасанды түрде көтерілуін бақылап отырмыз. Бидай мен алтынның да бағасы солай. Тіптен, алтынның бағасы тарихта бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті – трой унциясына 1300 доллар! Соның арқасында ЖЗҚ-лар жарылуға шақ тұрған үрленген қарындардың санын одан әрі көбейтуде, өзі де жарылудың алдында тұр. Бұрындары да орын алғандай – нақты экономика бағасы артқан шикізатты сатып алуға қауқарсыз болғанда – баға барлық жерде жалп етіп құлайды. Ендеше біз ЖЗҚ-лардың осы бағытта жұмсалып жатқан орасан зор қаржысы қашан құнсызданып қалатынын соңына дейін бақылап, сол кезді үнсіз күтіп отыра беруіміз керек пе? Тұяқ серппей, үндемей жатқанымыз – республикалық бюджеттің жартысынан астамына парапар ЖЗҚ ақшасы сол қорлардың басшыларының пайдасына бола жұмыс жасап жатқанын мойындау болып шығады.

Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында ең теріс деген болжаулар шындыққа айнала бастады. Оның ең қауіптісі – зейнетке шыққанда ЖЗҚ-да жинақталған ақшаңыздың түкке жарамсыз болып қалатыны. Ондай қауіп бар. Сол қауіп адамдардың көңіл-күйінде «болашақта баға шарықтап кетеді де, жинақталған ақшаға бір бөлке нан ғана сатып алуға болады» дегендей сенімсіздік тудыруда.

Енді не істеу керек?

Біз, «Әділет» Демократиялық партиясы мына шараларды ұсынамыз:

1. Жинақтаушы зейнеткерлік жүйесінен бас тартып, қамсыздан­дырушы жүйеге қайта оралуды;

2. Қазіргі зейнетақы мөлшерін ең аз дегенде екі есеге ұлғайтуды.

Қазіргі алда тұрған басты міндет – ең төменгі зейнетақы деңгейін өмір сүруге лайықты дәрежегеде көтеру. Қазіргі таңда Қазақстанда төменгі күнкөріс деңгейі, теңгемен есептегенде – 14 952 теңгені құрайды. Соның ішінде: тұтыну қоржынының бағасының 60%-ын азық-түлік, ал 40%-ын өзге тауарлар құрайды. Ал халықаралық стандарттар бойынша бұлай болуы тиіс емес. Онда тұтыну қоржынының 30%-ын азық-түлік, 70%-ын өзге тауарлар мен қызмет түрлері құрайды. Яғни, егер біз осыны негізге алар болсақ, онда күнкөріс деңгейі бізде 29 304 геңге болуы тиіс екен. Сондықтан біз зейнеткерлеріміздің алып отырған ең төменгі зейнетақы осы күнкөріс деңгейінен бір мысқал да төмен болмауы тиіс деп талап қойып отырмыз.

Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысына сәйкес ең жоғарғы және төменгі зейнетақы айырмашылығы 3,5-4 есе шамасында болуы тиіс. Ал біздегі айырмашылық 2,7 шамасында. Еуропалық зейнеткер мен біздің зейнеткерлердің өмір сүру деңгейін тікелей салыстыратын болсақ, әрине, ол біздің пайдамызда емес. Мысалы, Германияда – орташа зейнетақы көлемі 984 Евро, Финляндияда – 1,3 мың Евро, Голландияда – 3,2 мың Евро. Егер төменгі зейнетақыны 30000 теңгеге көтере отырып, біз төменгі және жоғарғы зейнетақы айырмашылығын екі есеге жеткізе алсақ – оны алғашқы кезеңдегі айтулы жеңіс деуге болады.

Біз 2011 жылдан бастап зейнетақыны 30 000 теңгеге көтеруге толық мүмкіндік бар және бұл аса қажет шара деп санаймыз. Осыны жүзеге асырған кезде еліміздегі орташа зейнетақы 45 000 теңгені құрайтын болады. Ал ең жоғарғы зейнетақы – 60 000 теңге болмақ. Зейнеткерлердің басым бөлігі 40 000 – 50 000 теңге көлемінде зейнетақы алатын болады. Олардың 3%-ы ең төменгі деңгейдегі зейнетақыны алса, 7%-ы ең жоғары деңгейдегі зейнетақыға қол жеткізеді.

Сонымен қатар, зейнетақы көлемін есептеудің әдістеріне де маңызды өзгертулер енгізу қажет. Мысалы, қазір зейнетке шығарда зейнеткерлер архивтік және тағы басқа құжаттарды өздері жинайды. Осыны өзгертіп, оларды толығымен Еңбек және әлеуметтік қамсыздындыру Министрлігінің Орталықтарының қызметкерлеріне жүктеген абзал. Олар осы үшін де мемлекеттен айлық жалақыларын алып отыр емес пе?! Ал болашақ зейнеткер ол орталықтарға өзін, өзінің жеке куәлігін және еңбек кітапшасын көрсеткені жеткілікті болуы тиіс. Ал зейнетақыны есептеуге қажет барлық құжаттарды жинау ісімен толықтай осы аймақтағы Орталық қызметкерлері айналысады.

Зейнетақыны көтерудің қаржы көздері қандай?

– Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке 1,2 трлн. теңгені трансферттеу. Біз, осылай, қазіргі республикалық бюджетке бөлінетін жыл сайынғы 1,2 трлн. теңгені трансферттеуді заңдастырып алуымыз қажет. Болашақта бұл қордан 2009 жылы орын алғандай екінші деңгейдегі банктерді (ЕДБ), басқа да экономика субъектілірін қаржыландыруға мүлдем тиым салу қажет. Ұлттық Қордың құрылуын, инвестициялық міндетін және оның қаржысын жұмсаудың ретін қайта қарап, тиісті өзгертулер енгізу қажет. ҚР Ұлттық Қорды өз міндетіне сай ҚР Зейнеткерлік Қоры деп өзгерту қажет. Біз үлгі ретінде алған Норвегияның өзі де қазір Қордың атын осылай деп өзгертті.

– 1,2 трлн. теңге мөлшеріндегі трансферттен республикалық бюд­жеттің әлеуметтік блогын құру қажет.

– ҚР-дағы барлық жұмыс істеушілердің жалақысының 10%-ын Зейнетақы қорларына аударуды міндеттеуді тоқтату қажет. Оның орнына бұл қаржыны тікелей республикалық бюджеттің әлеуметтік блогына аударған дұрыс. Мысалы, бұл қаржы 2009 жылы 300 млрдтан теңгені құрады.

– Қазіргі ЖЗҚ-на қатысушы­лардың барлығына ондағы өз ақшаларын толығымен қайтарып алуға және оны өздерінің қажетіне сай жұмсауға рұқсат ету керек.

– ЖЗҚ-на қатысуды толығымен ерікті ету қажет – қалаған адам оған өз қаржысын аудара алады. Қаламаса – болашақта әлеуметтік қамсыздандыру заңы бойынша зейнетақы алатын болады.

– Өздеріне жүктелген міндеттерді тиімді атқара алмағаны үшін барлық даму институтарын (Самұрық-Қазына, «Даму» Қоры, «Қаз-Агро және т.б.) жабу қажет.

– Ұлттық компаниялар мен мемлекеттің қатысуымен құрылған компаниялардың бюджетін бекітуді ҚР Мәжілісінің отырысында ашық түрде жұргізу қажет. Қазір орын алған тауарларға, қызмет түрлеріне мемлекеттік тапсырысты өзінің нақты бағасынан әлденеше есе көп көрсету, немесе аса зәру емес заттарға, қызмет түрлеріне ақша бөлу арқылы ұлттық байлықты талан-таражға салу үрдісін тамырымен жою қажет. Осы салаларды бақылауды мойнына алған министрлер мен және Ұлттық компаниялардың, жауапты топ-менеджерлердің Мә­жілісте бекітілген бюджет заңын орындамағаны үшін тікелей жеке жауапкершілігін күшейту қажет. Осылай, ұлттық және мемлекеттің қатысуымен құрылған компаниялардың жұмысының тиімділігін арттыру арқылы, ең кем дегенде, жыл сайын 500 млрд тенгені үнемдеуге болады. Біз бұл қаржыны білім беру саласы мен денсаулықты қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсауды ұсынамыз.

–Ұлттық компаниялардың жә­­­­­не мемлекеттің қатысуымен құрылған компаниялардың топ-менеджементінің жұмысының басты көрсеткіші осы саладағы еңбек өнімділігінің жыл қорытындысында артқанымен өлшенуі тиіс. Бұл 2020 – Стратегиялық жоспармен үйлесім табады.

Аталған шаралар қандай нәтижеге қол жеткізеді?

– Ең басты және алғашқы нәтиженің жақсылығын айтып жеткізудің өзі қиын, ол – еліміздегі мил­лиондаған ұстаздардың, дә­рігер­лердің, зейнеткерлердің қуаныш­ының, өмірге деген құлшынысының артуы.

– Қоғамның тұтыну қабілеті жалған ақпар бойынша емес, нақты түрде артады. Оның үстіне, егер тұтынушылардың бұл бөлігі көбіне отандық тауар өндірушілердің пайдаланатынын ескерсек, онда бұл шара отандық кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті қолдауда маңызды ролін атқаратын болады.

– Бүгінгі оқушылардың, студенттердің және жастардың болашаққа деген сенімі артып, олардың өз елі мен жеріне, мемлекетіне деген ынтық сезімі күшейеді. Қоғамның саналылығы мен жауапкершілігі артқан сайын – қылмыс пен заң бұзушылық азаяды. Бұл қоғамның жасампаздық қабілетін оятып, еңбек өнімділігіне әлдеқайда жоғары серпін береді. Осы аталғандардың барлығы да мемлекеттің стратегиялық даму жоспарына толығымен сәйкес келіп тұр. Ендеше бұндай ұсыныстардан үкіметтің бас тартуы дұрыс емес деп ойлаймыз.

– Бүгінде тұрғындарды жалақыны, зейнетақыны көтеру инфляцияны күшейтіп жібереді деумен қорқыта берудің түпкі мағынасында миф екендігі анықталуда. Ал, шын мәнісінде, инфляцияның ұлғаюына Үкіметтің қате саясаты басты әсерін тигізіп жатыр.

Енді, мақала соңында сіздердің назарларыңызға, құрметті оқыр­мандар, Мәжіліс сағатында өткен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың баяндамасынан бірнеше мағлұматтар бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Оны біз келтірген деректермен салыстыра келе, қазіргі жағдайға салыстырмалы түрде қарауға болады деп ойлаймыз.

Мәжіліс сағатында министр күнкөріс қоржыны туралы айта келе жаңа қоржынның құрамына азық-түліктің бұрынғы 20 түрінің орнына 43 түрі енгенін мәлімдеді, бірақ олардың теңгеге шаққандағы бағасы туралы тіс жармады. Ал партия келтірген деректерде бұл көрсеткіш 14 952 тенге (күнкөріс қоржынының бағасы). Ендеше ең төменгі – 12 344 тенге көлемінде зейнетақы алушы зейнеткерлерге өлместің күнін көру үшін ай сайын 2600 теңге шамасы жетіспейді екен. Әрине, құдайға шүкір, оның орнын балалары еселеп толтырып жатқан шығар. Ал балаларының өзі әке-шешенің зейнетақысына жармасып отырса ше?..

Жалпы, Қазақстандағы орташа зейнетақы көлемі 21,5 мың теңгені, немесе, 146 АҚШ долларын құрайды. Бірақ оның өзі де комуналды төлемнің өсуіне, баға қымбаттауына ілесе алмай барады. Ендеше «барды – бар, жоқты – жоқ» десе несі кетер еді министрдің? Осындайда, «жауырды жаба тоқи сөйлеу министрге не үшін қажет?» деген сұрақ туады, әрине. Ал қарттардың тілегені – министрдің айтқандарыны шындыққа айналса деген тілеу ғана.

Дәл сол уақытта, ресми деректер бойынша, Ресей зейнеткерлері 250 АҚШ доллар, әзербайжандар – 200 АҚШ доллар, белорустар – 176 АҚШ доллар көлемінде зейнетақы алып жатыр. Біздегі ең төменгі зейнетақы бар болғаны 12,3 теңге болса, ең жоғарғы зейнетақы – 33,4 мың теңге. Осындай жағдайда өмір сүріп жатқан бүгінгі 1,7 млн. зейнеткерлердің 2,7%-ы, немесе, 38 мыңы ең төменгі көлемдегі зейнетақыны, ал 52%-ы, немесе, 900 мыңға жуық зейнеткерлер орташа мөлшерден кем зейнетақы алуда.

Міне, осы сұрақ мыңдаған қарттарымыздың жүректерін сыздатып отыр...

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

«Әділет» баспасөз орталығының директоры.