Атырауда «Playtcoin» деген қаржылық пирамида құрды деп айыпталған Жеңіс Қанахметов бүгін сот залынан босап шықты деп хабарлайды КТК арнасы.
Ер кісі алтын “Мерседес” қожайыны ретінде ел есінде қалып қойған.
Судья Гүлжиян Мутиева күдіктіге қатысты қозғалған істе қылмыстық құрамның болмауына байланысты оны ақтап, тәркіленген 2 «мерседес» пен 1 «крайслер» автокөліктерін иесіне қайтару туралы шешім шығарды. Ал бұл шешімді естіген 134 жапа шегуші аң-таң.
83 миллион теңгесін сарп еткен 134 адамнан арыз түссе де, судьяның айтуынша Қанахметов тек халықпен бірлесіп, электронды сауда-саттық жасамақ болған. Тіпті айыпталушы жалған жала жабылғанын айтып, мемлекеттен өтемақы өндіріп ала алатындығын да айта кетті.
“Жеңіс Батырғалиұлы Қанахметов Қылмыстық кодекстің 195 бабының 4 бөлігінің 2 тармағымен оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты кінәсіз деп танылып, ақталсын”, – дейді судья Гүлжиян Мүтиева.
Сондай-ақ алтын жалатылған мерседесімен қоса, тәркіленген тағы 2 көлігін де қайтарып берді. Сотқа келген 20 шақты атыраулық жәбірленушінің ұсқындарында таңданыс болса да, ешқайсысы ләм-мим деуге шамалары келмеді. Есесіне, сот отырысына қатыса алмаған өзге қаладағы жәбірленушілер наразылықтарын білдіруде.
“Жеңіс Қанахметовке қатысты соттың шешімі бойынша риза емеспіз. Себебі, біздің ақшамызды қайтарған жоқ, оны босатып жіберу, тәркіленген мүліктерін қайтарып беру – заңның жоқтығы, сатып алып тұр ма, білмеймін”, – дейді жәбірленуші Гузель Тастанова.
Соттан Қанахметовті екі жылға бас бостандығынан айыруды сұраған мемлекеттік айыптаушы да мұндай шешімді күтпепті.
“Ақтау үкімімен келіспейміз. Алдағы уақытта үкімді қолымызға алған соң 15 тәулік ішінде апелляциялық наразылық береміз”, – дейді мемлекеттік айыптаушы Қуаныш Шөмкенов.
Жеңіс Қанахметовтің қаржылық пирамидасынан зардап шектік деп 134 адам құқық қорғау орындарына арыз түсірген. Келген шығын көлемі – 83 миллион теңгеден астам деп бағаланды. Енді наурыз айынан бері абақтыда отырған ол сот залынан бостандыққа жіберілді.