Газ секторындағы түйткілді мәселелер
2015 ж. 02 желтоқсан
1698
0
Бейсенбі күні Маңғыстауда БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Газ орталығы жұмыс тобының инфрақұрылым, жеткізілім және нарық мәселелері бойынша 11-ші отырысы өтті.
Халықаралық Газды Одақтың құрметті бас хатшысы Торстайн Индребо, шетелдік мұнай-газ компаниялары, жергілікті өндірістік мекемелері және облыс әкімі Алик Айдарбаев қатысқан мәжілісте инвестиция тарту, екі жақты ынтымақтастық, халықаралық байланыс тәрізді газ секторындағы өзекті мәселелер көтерілді.
– Маңғыстау экономикасының басымдығы – мұнай-газ секторы болып табылады. Оған жалпы облыс өнімінің жартыдан астам әрі өңір өндірісінің ортақ көлемінің 92 пайыздан астам үлесі тиесілі,-деп мәжілісті ашты аймақ басшысы Алик Айдарбаев. – Бүгінде Маңғыстау аймағында кен қазушы өнеркәсіп саласында техникалық қызметтер көрсететін 94 және 30 мұнайгаз өндіруші компания жұмыс істейді. Және табиғи газ шығаруға бағытталған 8-ден астам компания қызмет етеді. Аталған компаниялар күшімен 2 млрд. астам текше метр табиғи газ өндіріледі. Егер 2011-2014 жылдар аралығында газ кен орындарында табиғи сарқылу салдарынан жылдық газ өндіру көлемінің 6-15 пайызға төмендегені байқалса, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап «Шағырлы-Шөмішті» ірі кен орнын пайдалануға бергенде өндіру қарқыны артып, ағымдағы жылы 10 айда өндіріс өсімі өткен жылмен салыстырғанда 23,1 пайызды құрады,-деді ол.
Облыс әкімінің сөзінше, қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ геологиялық қоры 4,3 млрд. текше метр газ құрайтын «Қансу» газ кенорнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. «Қансудың» барлық теліміндегі газ ресурсы – 159,8 млрд. текше метр деген болжам бар. Бұл жоба бойынша «Қансу» кенорнының геологиялық-гидродинамикалық үлгісін құрып, кенорнын пайдалануға беруге дайындау жоспарланған.
– Атырау қаласында мұнай химиялық кешені дамып жатса, біздің өңірдің мүмкіндіктері мұнай химиялық саласының дамуымен және мұнай қызмет көрсету кластерінің дамуымен байланысты болуы мүмкін. Кластер саясаты мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Сондықтан облыс әкімшілігі тарапынан Ұлттық кластер шеңберінде мұнай қызмет көрсету кластерін құру бойынша жұмыстар белсенді жүзеге асыры-луда. Кластердің мақсатты дамуымен Ақтау Каспий аймағында №1 аймақтық мұнай қызмет көрсету кластерін құру мүмкіндігі бар. Өңірдің мұнай-газ секторында жұмыс істейтін және құрылатын мекемелер шағын және орта бизнестің көп субъектілерін көлемді жұмыстармен қамтамасыз ететін болады. Облыс тұрғындарына жаңа жұмыс орындары құрылады. Сондықтан біз инвесторлардың ұсыныстарын қарастырып, олардың кәсібінің дамуына және жүзеге асырылуына барлық жағдайлар жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз,-деді Алик Серікұлы.
Мазмұнды мәжіліс барысында сондай-ақ «Энергетиканың жаһандық мәселелерін шешуде Газды индустрия мен БҰҰ рөлі», «Тунистегі газдың дамуы: нарық, инфрақұрылым және жаңа жобалар», «Тунисте газды өндірістің дамуы» баяндамалары оқылып, энергетика саласындағы көкейтесті тақырыптар талқыланды.
– Облыс әкімі бізге қолдау білдірген соң мәжілісті Ақтауда өткізуді шештік. Отырыста жаңа әлемдегі газ рөлі қарастырылып, энергетиканың түйткілді мәселелері төңірегінде сөз қозғалды. Бұл мәжіліс министрлік кездесу дайындығына қадам десек те болады. ҚР Энергетика министрлігі мен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Газ орталығы арасындағы келісім бойынша, Астана қаласында «ЭКСПО-2017» аясында Энергетика министрлерімен кездесу жоспарланған. Оған 28-ден астам Энергетика министрі қатыспақ,-деді Жаһандық Энергетика бойынша БҰҰ бас сарапшысы Тогрул Багиров.
Ханым ҚУАТ,
qazaquni.kz