«Самұрық-Қазынаның» Қазақстанға қажеті жоқ»

«Самұрық-Қазынаның» Қазақстанға қажеті жоқ»

Ақшаны судай шашып, күнде жиын, күнде той жасап жүріп, дағдарыс жағдайында «дамылдағандай» болып отырмыз. Миллиардтаған қаржының обалы жібермейтінін, жақсылық болып оралмайтынын ішіміз сезіп жүретін, бірақ осылай есеңгіремейінше есірігіміз басылар болмады. Ақшаны Қазақстанда тауып, шетелде жұмсайтын әдетті «Самұрық-Қазынаның» 36 мемлекетте орналасқан өкілдіктеріндегі алтынбас-тар түгілі осындағы орта дәулеттілердің өзі де әлдеқашан үйреніп, даңғойға айналып болған-ды. 

«Қисық айналар патшалығы» деген бар еді ғой, біздің қоғамның қазіргі сиқы осы. Билік пен бизнесті бірдей түсінікке теңеп, ұятсыз ұрының бәрін халық қаһармандарына айналдырып алғандықтан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратудан қалғанбыз. Жыл сайын министрліктерді қысқартып, агенттіктерге айналдыру тапсырылады, агенттіктер комитетке ықшамдалады, комитеттер департаменттермен қосылады, алайда осынша оңтайландырылып жатқанда, осы жерде жұмыс істейтіндердің саны еш қысқармайды. Күні кеше ғана Ақордадағы үлкен жиында Президенттен ескерту алған «Самұрық –Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің тізгініндегі мекемеге бұған дейін де бірнеше мәрте қысқарту жүргізді.

Мұнда бір ғана адам жұмыс істейді, қалғандарының соның мойнына мініп алған масыл екені мың рет айтылып, мінелумен келеді. Бірақ пайдасыз адамдар кетпек түгілі, мызғымайды, керісінше, «СамКаның» өзі түгілі, «дочкаларына» дейін шетелден өкілдіктерін ашып, пәрменді қимылдайтын болған. Нәтижесінде, Шөкеевтің сөзін шыбын шаққан құрлы көрмей, тыңдамауға айналған. Сол өкілдіктерді жабуға, таратуға бұйрық берілген, шешім шығарылған, алайда Естайұлы екі емес, неше айтса да, айтқаны аяқасты болып қала береді. Ал, бұл дегеніңіз соншама кеңсе, сонша айлық, сонша көлік, сонша пәтер деген сөз. Айлығынан бөлек, әр адамға шаққанда 31 млн. бонус алады дегенді естігендер жағасын ұстамасқа амалы жоқ. Халықтың ақшасымен жұмыс істеп отырғандардың дағдарыс кезінде басқаны қойғанда министрлердің өзінен 2-3 есе көп айлық алғаны ұят қана емес, қылмыс екені осы қор құрылғалы бері айтылып жүр.

«Сен жассың, білімдісің, күшің тасып тұр, саған өкілеттілік берілді, қызметің бар, сен мені тыңдамайды деп шағымданбақшысың ба? Тыңдаудың өзі ыңғайсыз. Кім сені тыңдамайды, ал, айт? «Самұрық-Қазынада» Өмірзақты кім тыңдамайды?» дегенде, жауырыны қақпақтай, әншейінде айбарлы Өмірзақ мырзаның өзі жас баладай жаутаңдап-ақ қалса да, ұрымтал тұсын қалт жібермеді. «Ол жерде мүдде жетерлік, маған сіздің бір ауыз сөзіңіз керек, болды»,– деп шынын айтты Шөкеев. Мүдде. Мәселенің осы мүддеде жатқанын бәрінің іші сезеді. Жеке мүдделер қақтығысында биліктің алдыңғы шебінде жүріп әбден шыңдалған, салмақты Шөкеевтің өзі де олардан лауазымына сәйкес талап ете алмай, жалпақтау айтқанда, шамасы келмей, құлақ шекесіне дейін қызарып шағымданады деп ешкім ойламаған еді. Сөйтіп Өмірзақ Естайұлы «Самұрықтың» шетелдегі өкілдіктерді шетінен қысқартып, тек Бейжің, Лондон және Мәскеу секілді негізгі үш қалада ғана қалдыру туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ, активтерді оңтайландыру, қордың және оның еншілес компанияларының стратегиясын жетілдіру, жаңа индустрия құрылысын дамыту үшін әлемдік деңгейдегі топ-менеджерлерді жалдау жөніндегі ойын да жеткізді. «Халықаралық компанияларда тәжірибесі бар кәсіби мамандарды басты бағыттағы қызметтерге шақырғандарың дұрыс. Олар жұмыстарын дұрыстап атқарса жақсы, ал тек кеңес беріп, ақыл айту үшін ғана келетін болса, онда олардың өзіне қолайлы жұмыс тауып алғандары абзал», деді Президент. Өмірзақ Шөкеев – ықпалды шенеунік. Мәскеуден жоғары экономикалық білім алған Шөкеев қаласа қаржыға да, қарсыласына да әсер ете алатынын дәлелдеген. Шынында да, Шөкеев шақырғысы келіп отырған топ-менеджерлер «дағдарыс менеджерлері» бола ала ма? Өз экономикамызды өзімізден артық кім біледі, шетелден маман тарта бергеннен шатқаяқтаған тірлігіміздің оңалып, шешімін тапқаны қане? Біз бұл сұрақты қоғамдық проблемаларды анализ жасау орталығының директоры Меруерт Махмұтоваға қойған едік. Экономика ғылымдарының кандидаты Меруерт ханым: «Топ-менеджерлердің үшеуін емес, нешеуін әкелсе де Шөкеев қазіргі дағдарыс түйінін шеше алмайды. Өзіміздің менеджерлердің біліміне сеніп, оларды билікке келтіріп, соларды дайындау керек. Әйтпесе сырттан біреу келіп біздің проблемаларымызды шешіп береді дегені, Шөкеевтің өзінің біліміне сенбегеніне байланысты айтқаны шығар. Өзімізде де білімді экономистердің бар екеніне сенемін. Меніңше, «Самұрық-Қазынаның» Қазақстанға қажеті де жоқ, оның экономикаға беретін пайдасы да шамалы. Бұрын бұл әл-ауқат қоры жоқ кезде министрліктер экономикамен, ұлттық компаниялармен, өндіріспен тікелей қарым-қатынас жасай беретін. Үкімет алдымен «Самұрықты» жасақтады, артынан «Қазынаны» құрды, ізінше екеуінің басын біріктірді. Кейін «Самұрық-Қазынаның» өзі сегіз деңгейлі компанияның тізбегін жасады. Шетелден өкілдіктерін ашты. Ал, мынадай дағдарыс кезінде сол «Самұрық-Қазынаның» өзін қысқартып жіберсе, экономикамызға пайдасы болмаса, зияны болмайды». Шынында да, «Самұрық-Қазына» қорының ұйымдастырушылық құрылымында 2 төраға орынбасары, 12 басқарма директоры, 28 департамент пен дирекция және 36 өкілдігі бар. Мынаны көргеннен кейін, жер қайысқан қызметкері бар бұл дәу құрылымның кірісі көп пе, шығыны көп пе деген сұрақ та өз-өзінен туындап, дағдарыс кезінде миды да дал қылып қояды екен.

Асқар Әділжан,

Korrespondent.kz