Шымкент әкімінің кеңесшісі қазақша сөйлегісі келмесе - Ресей мэрлеріне жалдансын
2015 ж. 27 қараша
6076
29
Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Данат Жумин қазақша білмегені үшін шудың ортасында қалды деп хабарлайды rgmedia.kz.
Жаңа қызметке тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаған 32 жастағы Данат шымкенттік журналистер және блогерлерді жақынырақ танысу мақсатында кездесуге шақырған. Өз сөзін орыс тілінен бастаған әкімдіктің штаттан тыс өкілінің бұл әрекеті қазақ тілді блогерлер мен журналистердің қытығына тиген. Қонақтар мемлекеттік тілде сөйлеуді өтінгені сол еді, Данат Есболұлы өзінің шетелде білім алғанын және өзіне ыңғайлы тілде сөйлейтінін айтқан.
«Данат Жумин өз сөзін сәлемдесуден бастады. Орыс тілінде. Біздің қазақ тілінде сөйлеу туралы өтінішімізге құлақ аспады. Қайта керісінше, «мен шетелде оқыдым, маған өзім білетін тілде жауап берген ұнайды» деп ашуланып кетті», – дейді блогер Айгүл Орынбек.
Кездесуге келгендердің бірқатары осы сәтте орындарынан тұрып шығып кеткен. Блогерлер қала әкімінің баспасөз қызметіндегілерге хабарласып, мән-жайды түсіндіріп беруін талап еткен. Бір қызығы, әкімнің баспасөз қызметіндегілер бұл кездесуден бейхабар болып шықты. Кездесу орнына қалалық әкімдіктің аппарат басшысы Рашид Аюпов пен әкімнің баспасөз хатшысы әрі кеңесшісі Нұрлыбек Жеңісбек келіп, шығып кеткен қонақтарды ішке қайта алып кірген. Қазақ тілді мемлекеттік қызметкерлер келген соң кездесу әрмен қарай жалғасқан.
«Өз тілін білмеген соң керегі не?.. Қайта әкімдіктің аппарат басшысы Рашид Аюповтың көрегенділігіне риза болдым. Ол да шетелде білім алған ғой», – дейді блогер.
Қонақтар ұйымдастырушыларға сұрақтар қойып, жауаптар алды. Кездесу соңында Данат Жумин Шымкентте жүріп қазақша үйренетінін уәде етті.
Айта кетейік, Данат Есболұлы “Болашақ” бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Монтана штатында білім алған.
Дереккөз: NUR.KZ