Елімізде тағы 9 отбасы жаңа пәтерге ие болды
2015 ж. 27 қараша
2126
0
«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында сәтімен жүзеге асуда. Осы кезеңге дейін әлеуметтік жағдайы аз қамтылған топтар, жетім балалар, бюджеттік сала қызметкерлері, үйлері авариялық жағдайда тұрған адамдар үшін 55 тұрғын үй салынып, баспана кезегінде тұрған адамдар үшін 218 жаңа пәтер пайдалануға берілген.
Осы игілікті істің жалғасындай күні кеше тағы да тоғыз отбасына жаңа пәтердің кілті табыс етілді.
Қуанышты сәтте аудан әкімінің орынбасары Кенжеғали Машырықов құттықтау сөз сөйледі. Жыл сайын халқы көбейіп, іргесі кеңейген Бейнеудің Атамекен шағынауданында аталған жобаны жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Ауызсу» бағдарламасына сәйкес көшелерге су құбырлары тартылып, тағы бір жаңа мектеп салынуда. Жол құрылыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа балабақша салу жоспарлануда.
Жаңа пәтер алып, шат-шадыман болған тұрғындар арасынан Айтгүл Рызбағанбетова, Садулла Ізтұрғанов сөз сөйлеп, қамқорлыққа шексіз ризалық лебіздерін айтып, Елбасына, ел азаматтарына алғыс жолдады.
Жаңадан салынып, сыңғырап, жарқырап шамы жанып тұрған пәтерлер жасампаздықтың, жақсы тұрмыстың үлгісіндей. Қоныс тойларың құтты бол-сын, ауылдастар!
Айнахан ЕСЕТ, Бейнеу ауданы.
qazaquni.kz