ҚХА 20 жылдығына орай Маңғыстауда зияткерлік ойындары өтті
2015 ж. 27 қараша
1824
0
Жуырда Жастар орталығында «Маңғыстау аудандық жастар саясаты орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен, аудан әкімдігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Не? Қайда? Қашан?» атты зияткерлік ойындары мәресіне жетті. Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығын ойыншыларға түсіндіру, жастарға қазақстандық патриотизмді насихаттау, бойына жауапкершілігі мол, ой-өрісі кең, қисынды пайымдап қоймай, маңызын ерекшелейтін жастар мен ойыншылардың көшбасшылық бейнесін қалыптастыру.
Жыл бойы ойналған ойындар екі лигадан құралды. Олар ересектер және оқушылар деп аталды. Алғашқы лигаға яғни ересектерге 29 бен 35 жас аралығындағы ересек командалар қатысса, ал 14 пен 17 жас аралығындағы лигаға оқушылар командасы қатысты. Жыл бойы ойнатылып ең мықты деген төрт команда финалға жетті. Олар «Ересектер» лигасы бойынша Ұштаған ауылы мен Онды ауылының командалары, ал «Оқушылар» лигасы бойынша Онды ауылындағы орта мектеп пен Шетпедегі Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің командасы болды.
Шешуші сайыс ойындары өте қызық өтті. Ойыншылар міндеті тек көшбасшылық қасиетін көрсетіп қана қоймай, командалық жұмысын көрсету еді. Бәрі де ойдағыдай ұйымдастырылды. Бірнеше сағатқа созылған ойында ересектер лигасында ең көп сұраққа жауап берген Онды ауылының «Достық» кұрама командасы жеңімпаз атанса, оқушылар лигасында шетпелік Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің «Берекет қырандары» командасы жеңімпаз атанды. Іс-шара нәтижесіне сай жеңімпаз командаларға сондай-ақ финалға жеткен барлық командаларға естелік сыйлықтары табыс етілді.
Ардақ ОРДАБАЕВА,
Маңғыстау аудандық жастар саясаты орталығының маманы.
qazaquni.kz