Назарбаев Жаңа еңбек кодексіне қол қойды
2015 ж. 24 қараша
3195
23
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа еңбек кодексіне қол қойды деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
“Мемлекет басшысы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруға және мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды”, – деген хабарламада.
Еңбек кодексінің жаңа жобасын 5 қарашада Қазақстан парламенті қабылдаған деп хабарлайды Азаттық.
Кодекс жобасында еңбек келісім-шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзуге болатын негіздер кеңейтілген. Жоба бойынша, жұмыс берушінің бастамасымен келісім-шарт «өндіріс және орындалатын жұмыс пен көрсетілетін қызмет көлемі азайып, ұйымның экономикалық жағдайының нашарлауына» әсер еткен жағдайда үзілуі мүмкін.
Жұмыс берушіге кәсіпорын жұмысы тұрып қалғанда жұмысшыларды олардың денсаулығына зиян емес кез-келген басқа жұмысқа өздерінің келісімінсіз ауыстыра алатындай құқық беру көзделген. Бұдан өзге жобада жұмыс берушіге зейнет жасына жеткен жұмысшымен келісім-шартты тоқтату құқығы берілген. Жаңа еңбек кодексінде мұндай негіздердің пайда болуын жоба авторлары «экономикадағы қазіргі ауыр жағдаймен» түсіндірген.
Бірқатар кәсіподақ жетекшілері еңбек кодексі жобасын сынап, қарсылық танытқан. Мұнайшылар кәсіподақтарының өкілдері президент Нұрсұлтан Назарбаевты даулы заң жобасын қабылдамауға шақырған.