Президенттің немере інісі енді банк саласында белсенді қызмет атқармақ

​Президент Назарбаевтың немере інісі, бұған дейін ҰҚК-дегі және саясаттағы қызметімен белгілі Қайрат Сатыбалдыұлының есімі енді банк саласына қатысты жаңалықта да айтылды. сатыбалды Биліктегі «Нұр Отан» партиясының хатшысы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы (45 жаста) осы айдың 10-ында Kaspi акционерлік қоғамы холдингінің акционерлері құрамына кіріп, Kaspi Bank-тің жанама акционері атанды. Көпшілік үшін бұл аса бір тосын жаңалық болмады. Қайрат Сатыбалдыұлының биліктегі қызметі 1991 жылдан – ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) келген кезінен басталған. Ол бұдан кейін Астана қаласы әкімінің орынбасары (1998-2000), «Қазақ ойл» компаниясының вице-президенті (2000-2003), ҰҚК кадр департаментінің директоры (2003-2005), «Қазақстан темір жолы» компаниясының вице-президенті (2005-2006), «Дүние» корпорациясы» акционерлік қоғамының директорлар кеңесі төрағасы (2006-2010) болған. Ал 2010 жылдың мамырынан бері – «Нұр Отан» партиясының хатшысы. Қайрат Сатыбалдыұлы 2005 жылдан бастап жұрт көзіне түсе бастаған. ҰҚҚ генералы сол жылы ұйымдастырған «Ақ орда» атты қоғамдық қозғалысқа өзі басқаратын ұлттық спорт түрлері ассосациясы мен «Қайрат» қайырымдылық қорын қосып, «Орда и К» атты бизнес құрылым жасаған. Сарапшылар оппозициялық «Ақжол» партиясы бөлінген тұста пайда болған жаңа қозғалысты ел президентінің қызы Дариға Назарбаеваның әуелі қозғалыс ретінде құрылып, 2005 жылдары белсенді партияға айналған «Асар» партиясымен салыстырып, алдағы саяси тартыстарға қатысатын күш деп білген. Қайрат Сатыбалдыұлы «Ақ орда» қозғалысы құрылар қарсаңда берген бір сұхбатында 17 кесене мен 25 мешітті жөндеуге демеушілік жасағанын да айтқан. Бұл сөзден кейін кейбір сарапшылар 2005 жылға дейін Меккеге жеті рет барып, екі рет қажылық парызын өтеген Қайрат Сатыбалдыұлының қозғалысы діни бағытты көбірек ұстауы мүмкін» деген болжам жасаған. Ал Сатыбалдыұлы мұндай болжамдарға «мақсатымыз – экономикалық және қоғамдық реформаларды жеделдету» деп жауап берген. Бірақ «Ақ орда» қозғалысы құрылғаннан кейін де бірнеше рет сайлау өтсе де, Сатыбалдыұлы саяси белсенділігімен көзге түскен емес. 2010 жылы «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметіне тағайындалған Қайрат Сатыбалдыұлы бұл қызметінде «айтыс өнерінің демеушісі» ретінде көбірек аталды. Ол 2011 жылы сәуір айында 50 айтыскер мен он шақты жазушы және журналист – жиыны 60 адамды кіші қажылыққа да жіберген. Қайрат Сатыбалдыұлы – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың лауазымды қызмет атқарып жүрген жалғыз туысы емес. Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева– премьер-министрдің орынбасары, Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев – Астана қаласы әкімінің орынбасары, президенттің тағы бір туысы Самат Әбіш (Қайрат Сатыбалдыұлының туған інісі) – ҰҚҚ төрағасының орынбасары.

Дереккөз: Азаттық