«Күретамыр» және өз ұлтына жаны ашымайтын өкімет
2009 ж. 21 желтоқсан
1483
0
Танымал қазақ ақыны және қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаева басшысы болып табылатын «Күретамыр» Қоғамдық қоры 2008 жылдың маусым айында құрылған. Құрылған күнінен бастап Қор өзінің қызметін - ұлтаралық келісім ұстанымын бекіту, мемлекеттік тілді насихаттау мен оның тұғырын күшейту, жерге қатысты мәселені зерттеп және жерді халыққа қайтару туралы пікірталас тудыру, еліміздегі қоғамдық-саяси жағдайды бағамдау, адамның азаматтық санасы мен өмірге белсенді түрде араласуын ояту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Бұндай іс-әрекеттер Қорға тәжірибе жинақтауға көмектесті, осының өзі оның мақсат пен міндетті дұрыс таңдағанын көрсетеді. Бұл мақсат-міндет ауқымды болғандықтан Қор қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың арасынан өзіне әріптестер іздей бастады. Оның әріптестерінің бірі - «Табиғат» экологиялық одағы. Одақпен бірге Қор біраз шараларды жүзеге асырды, оның ішінде «Бесшатыр» тарихи-этнографиялық кешенін қалпына келтіру жобасы да бар.
Еліміздің экологиясы, жер мен суын тонауға ұшыратып және тоздырып тастап, келесі ұрпаққа не қалдырамыз деген мәселе - Қор қызметкерлерін қатты толғандырады. Қарнымыздың қазір тоқ болғанын ойлап қана қойсақ, еліміздің болашағына балта шаппаймыз ба? Бұл мәселе Қазақстанның ең бай өлкесі болып табылатын батыс аймақтарда өзекті мәнге ие. Шылқыған мұнайға «шомылып» отырған халық басқа аймақтарға қарағанда кедейшілікті көп көруде. Ал экологиялық жағдайы мүлдем асқынып кеткен, өйткені мұнай мен газды өндіру – «бізден соң топан су қаптаса да, бәрібір...» деген ұстанымда жүргізілуде.
Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында құрт ауруымен ауыратындардың саны, ана мен баланың өлімі өте көп, халықтың көбісі еңбекпен қамтылмаған. Жергілікті жұмысшылардың кәсіптік деңгейі төмен деген желеумен шетелдік өндіріс басшылары өз елінен жұмыс күшін тартуда. Оған тосқауыл қояр қазақта мемлекет жоқ...
Аймақта соңғы уақытта қоғамдық-саяси процестер біраз қозғалысқа келгенімен, А. Қадырбаева бұл әлі де жеткіліксіз деп есептейді. Лайықты өмір сүру үшін халықтың белсенділігін арттыру қажет, өмірді өзгерту мүмкін екендігіне халықты сендіруіміз керек. Ал мұнайдан түсіп жатқан ақшаны Астана мен оның лауазымды тұрғындары үшін ғана емес, ел игілігіне жұмсалуына күш саламыз.
Қор өзінің аймақтағы өкілдері арқылы, біріншіден, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерді шешуге ықпал етуге, бірлескен жобаларға қатысуға ынталы. Қор мүшелері заңнамалық және нормативтік құжаттарды даярлауға қатысады, қоғам мүддесін белсенді түрде қорғайтын болады.
Неге болса да немқұрайлы қарай алмайтын, өзінің өлкесін жанындай жақсы көретін азаматтар үшін Қордың есігі әрқашан да ашық. Қор бейүкіметтік ұйымдар және мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтасуға дайын.
К.БАЙСЕЙІТОВА
«Күретамыр» қоғамдық қоры