БІЗ БІЛМЕЙТІН ҰЛЫ АДАМ

9
4906

Ғарай САҒЫМБАЙ,

Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген экономист,

профессор

.2004 жыл. Менің «қартайғанда», 50-жасымда журналистік жолға түсіп, «Жалын» журналы мен «Жас Алаш» газетінде істеп жүрген кезім. Бұл жыл – ұлы Мұхаң «Әлкей академик емес, академияның өзі!» деп бағалаған Әлкей Марғұланның 100-жылдық мерейтой жылы еді. Мен осы жыл басталысымен-ақ теледидар мен газет-журналдардан кең маңдайы жарқырап Әлекеңнің суреті түспей қоятын шығар деп ойлаған едім. Олай болмады…Олай болмаған соң өзім «Жалында» үлкен мақала жарияладым. Дәл осы жағдай күзге таяу Нұртас Оңдасыновтың да ғасырлық мерейтойы қарсаңында қайталанды. Қазақтың «соңында жоқтаушысы бар ма?» дейтін сөзінің шын мағынасын, адамның соңында өскен-өнген өз ұрпағын айтып тұрғандығын мен дәл сол жылы анық түсіндім. Әйтпесе, сол екі ұлы адамның да, әсіресе Оңдасыновтың аузымен құс тістеген, мемлекеттік барлық марапатты иеленген ақын-жазушы, журналист ағайын-туыс, рулас, тайпаластары толып жатыр. олар үн қатпаған соң амалсыз тағы да өзім Нұрекең жайлы көлемді мақала жазуға отырдым. Сонда байқағаным – біздің осындай бір айтулы азамат өтіпті дегенді естігеніміз болмаса, шын мәнінде бұл адамның ерлікке, тағлымға толы өмірі жайлы түк білмейтіндігіміз. Тек қана соғыс жылдары «Шу-Мойынты» жолын салдырғаны үшін ғана ескерткіш қойсақ жарасар еді. Дәл осы азамат қазақтан басқа ұлттан шықса, олар баяғыда-ақ көп сериялы телефильм түсіріп, оның атын жалпақ әлемге жаяр еді. Біз биттей де болса сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында Оңдасынов тәрбиелеп өсірген бір топ ел басшыларының естелігін жариялап отырмыз.

Қазақстанның білікті экономисі, өз ісіне асқан жаупкершілік және талаппен қараған Ғарай Сағымбаев дүниеден өтерінің алдында осы мақаланы бізге ұсына тұрып: «бір жерін өзгертпей кітабыңа енгіз» деген еді. Ағаның тілегін бұлжытпай орындадық. Бірақ аз тиражбен шыққан кітап қалың көпке жетпей қалды. Н.Оңдасыновтың туған күнінің (26 қазан) алдында сол Ғарай ағаның мақаласын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Өмірі өнегелі азамат

Біздің 35 жьл бойы арақатынасымыз үзіл­мей, Алматыға келсе қосшы бала болып, Мәскеуге барсам әрдайым сәлемдесіп, бірге болуға, көрген-білгенін сұрап, әңгімеге тартып, алуан түрлі сұрақтар қойып, ол кісінің ой-пікірін, көзқарасын түсінуге тырысушы едім. Тіл білімі саласында айтарлықтай еңбек еттіңіз, енді естелік жазып, ел үшін, тарих үшін маңызы бар, біз білмейтін жайларды өзіңізбен ала кетпей, бізге мирас ретінде қалдыруын сұрап, қолқа салғандардың бірі — мен болатынмын.

Ардагер аға жұрттың өтінішіне құлақ асып, естеліктер жазуға кіріскен-ді. Бірақ науқасы меңдеп, бастаған ісі бітпей қалды. Тек балалық шағын жазып үлгерді, ол « Мен Түркістанның түлегімін» деген атпен газет бетінде жария болды.

Нұрекеңнің айтқандарын жинастырып, сол кездегі құжаттар мен анықтамаларды ақтарып, көзін көргендерден сұрастырып, ол азаматтың өмірі мен еңбегін оқушы қауымға баян ету, біздер үшін қазір орындалмайтан арманмен тең. Сондықтан өз аузынан естіген, онда да есте қалған, кейбір жайттарды ғана жазуды орынды деп санаймын.

Үкімет басына қалай келгенін сұрай бергесін, бірде мыналарды айтқан еді. 1937-1938 жылдардағы репрессия қазақтың еті тірі, көзі ашық адамдарын отап кетті. Бір күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.А. Скворцов шақырып, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы боласың деді. Менің Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы болғаныма жарты жыл ғана болды, тәжірибем аз, қолымнан келмес деген сөздерімді тыңдамай, ертең Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде бекітеміз, қарсылық білдіріп жүрме деп ескертіп қойды.

Алғашқы кезде жүктелген міндеттерді атқару өте қиын болды. Қыры мен сыры көп жұмыс, күрделі мәселелер тез және дұрыс шешім табуды талап етіп, мен сияқты жас басшыға көп ауыртпалық әкелді. Оның үстіне кейбір республикалық мекеме бастықтары, наркомдар, менің тәжірибем аздығын пайдаланып, айтқанды орындағылары келмей, Орталық Комитет хатшыларына, бөлім меңгерушілеріне барып, мен айтқан шешімдерді бұздырьп жүрді. Н.А. Скворцов жолдасқа жағдайды түсіндіргеннен кейін, «Нұртас Дәндібайұлы біз түнде де жұмыс істейміз, жұрт аяғы басылған шақта келіп жүріңіз, қиын деген мәселелерді ақылдасып шешейік, сонан кейін ешкімге бұздырмаудың шарасын алайық» деді. Сөйтіп, бірінші хатшымен алдын ала келісілген менің шешімім орындалатын, арыз айтушылар ол кісіден қолдау таппай, амалсыз көнетін болды. Мен де тәжірибе жинай бастадым, арызданушылар да азайды, талас-тартыс тоқтап, қоян-қолтық жұмыс істейтін болдық. Бір-екі жыл ішінде Министрлер кеңесінің беделі артып, нағыз шаруашылық басқару штабына айналды.

Сол кезде Нұрекеңнің қол астында нарком болған Сайлаубай Қайнарбаевпен, Қазтай Едігеновпен, Атымтай Қисановпен қызметтес болып, олардан Ондасынов қандай басшы болды, совминді басқара алды ма дегенімде, бәрі де:

«Нұрекендей үкімет басшысы болған емес, талабы күшті, ісіне тиянақты, айтқан сөзінен, қабылдаған шешімінен танбайтын адам еді. Біз оны төраға демей, хозяин дейтін едік. Алдындағы хатшысынан бүгін хозяин көңілді ме, ашулы емес пе деп сұрап алатынбыз» дегендері бар. Осыған ұқсас мінездемені Димекеңнің аузынан да естідім. Бір барғанымда «Сен 20 минут өтпей, Саяси Бюро мүшесінің қабылдауына келесің, ал, біз Нұрекеңнің қабылдауына 2-3 күн дайындалып, түрлі анықтамаларды жинастырып баратын едік» деп қалжыңдаған болатын. Өз кезегімде, «Саяси Бюро мүшесі менің неше күн дайындықтан кейін телефон соққанымды білмейтін болар» деп құтылғаным бар.

Қазір Н. Ондасынов қауқарсыз, қорқақ, сауаты аз басшы болған деушілер де табылып жүр. Бір өкініштісі, олар өмірінде Нұрекең алдына бармаған, қасына ермеген, істері түспеген жандар. Бірде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Г.А. Мельникпен телефон арқылы ертең сағат 9-да кездесетін болып келісті. Ол бір сағат уақытым бар, сағат 10-да бюро мәжілісіне кетем деп ескерткен болатын. Ертеңіне өзі кешігіп келіп, бізді жарты сағат күттіріп қойды. Мұны жаратпаған Нұрекең, ол кезде Гурьев облысында қызмет істеп жүрген кезі, ештеңе демей, келген шаруасын айтып отырды. Уақыт өтіп, сағат 10-ға жақындаған сайын, анау орнынан тұрып, есікке барып, қайтадан үстеліне келіп, берекесі кете бастады. Нұрекең оған көңіл аудармай, айтатынын айтып отыра берді. Оңдасыновты тастап кете алмай, бюроға кешіккенін айтып қысылған Мельникке «біз өзіңмен келіскен бір сағаттан артық уақытыңды алған жоқпыз, бүгін жұмысқа неліктен кешігіп келгеніңді айтып, бюродан кешірім сұрарсың», деп орнынан тұрды. Қорқақ адамның қолынан олай істеу келмейтіні анық.

Н.Оңдасыновты Димекеңнен артық білетін кісі жоқ шығар. Қазақтың бәрі орысша сөйлейді, сондықтан Д.А. Қонаевтың «От Сталина до Горбачева» деген кітабынан үзінді келтірейін: «С ним проработал свыше 9 лет. Нуртас Дандыбаевич Ундасынов работал в лесном управлении Наркомзема республики, был выдвинут председателем Восточно-Казахстанского облисполкома, а затем председателем СНК и СМ КССР. На этом посту проработал с 1938 по 1951 год. Он часто выезжал на встречи с трудовыми коллективами во многие области республики. Особенно тесные связи у него были с тружениками сельского хозяйства. Все свои возможности и силы он отдавал работе. Собрав нас, своих заместителей, любил повторять: «все, что у меня хорошее — берите, а что плохое — не берите».

С 1954 по 1955 год работал председателем Президиума Верховного Совета КССР. Затем председателем Гурьевского облисполкома и первым секретарем Гурьевского обкома партии. В 1962 году ушел на пенсию» (Алматы, 1994, 77-бет). Осыдан кейін басқалардың өсегі мен өтірігіне сенуге бола ма?

1959 жылдың қараша айынан бастап Қазақстанда облыстық партия конференциялары өтіп, Х-шы съезге делегаттар сайлап, басқа да саяси науқандар жүріп жатқанда, кенеттен біздің облыстық конференция кейінге қалдырылды. КСРО мемлекет қайраткерлері делегациясының құрамында АҚШ-та жүрген Д. Қонаевтың елге оралуын күтетін болды. Кейінге қалдыру себебін өздерінше жорамалдағандар: «Нұрекең кететін болыпты, орнына облыстық атқару комитетінің төрағасы Арынғазы Қайсақанов, оның орньн идеология жөніндегі хатшы Түсіп Әлсейітов алады екен» деген қауесет тарап кетті. Шамасы, бұл хабар Алматыдан келген болуы керек. Өйткені соған сеніп қалған, А. Қайсақанов пен Т. Әлсейітов конференцияда Нұрекеңе орынсыз тиісіп, қисыны жоқ сөздер айтып, оны жамандаумен болды. Н. Оңдасынов қызметіне қайта сайланған соң, Орталық партия комитеті әлгілердің айтқандарын тексеріп, бекер екеніне көздері жеткеннен кейін, орындарынан алып, төменгі жұмысқа жіберді.

Нұрекеңнің тазалығын, әділдігін 16 жасында Министрлер Кеңесіне хат тасушы болып келіп, зейнеткерлікке кеткенше сол бір мекемеде жұмыс жасап, Министрлер Кеңесінің Іс басқарушысына дейін көтерілген, қазір көзі тірі Вадим Петрович Кондратов айтып, өзі куә болған бір жайтты үнемі аузынан тастамайды. 1943 жылдың басында «Известия» газеті өткен жыл қорытындысы туралы көлемді мақала жазуын сұрайды. Жұмысы көп, қолы босамайтын Нұрекең көмекшісі екеуін шақырып алып, мақала жазуды тапсырады. Он шақты күн өткесін, жазғандарын көрсетіп, қос дегенін қосып, ал дегенін алып тастап, қол қойдырып, редакцияға жібереді. Бір күні Нұрекең шақырып, газеттен 45 сом қаламақы келді, әрқайсымызға 15 сомнан тиеді деп бізге 30 сом берді дейді.

Сталинмен, Молотовпен, тағы басқа да мемлекет басшыларымен қалай таныстыңыз, қызметтес болдыңыз деп сұрап қоймаған соң бірде мыналарды айтып еді.

Үкімет басшысы болған соң, көп ұзамай Орталық Үкімет Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету шаралары туралы мәселе қарайтын болды. Айтатын сөзімді, қоятын сұрауларым мен өтініштерімді мұқият әзірлеп, Мәскеуге жүріп кеттім. Үкімет мәжілісін КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.М. Молотов басқарып отырды. Мінберге көтеріліп, сөзімді жаңа бастай бергенімде, мұрты тікірейіп И.В. Сталин кіріп келді. Атағы жер жарған, бұрын көрмеген көсемді осы жиынға келеді деп ойламаған мен қысылып, біраз уақыт тоқтап қалсам керек. Оны байқаған Молотов үзіліс жариялап, мені Сталинге қарама-қарсы отырғызып, Қазақстан Үкіметінің жаңа басшысы, мал шаруашылығын жақсы біледі деп таныстырды. Сәлемдесіп болғаннан кейін, Сталин «Тыңдайын деп келіп едім, Вячеслав артынан өзің айтарсың» деп шығып кетті. Осыны естіген кейбір «батырлар», Нұрекеңді күлкі етіп, қорқақ, дұрыстап мәселе қоймаған деп лақап таратты. Ол кездегі Сталиннің беделі мен қаһарын білмеген, көрмеген бастықтар, кейінгі өздерімен қосылып арақ ішкен, сөздерінде маңыз да, мағына да жоқ Хрущев, Брежнев, Ельцин сияқты болар деп ойлайтын шығар. Нұрекең түгіл, кейін Кеңестер Одағын басқарған Хрущевтың өзі Сталинның алдында құрдай жорғалаған жоқ па еді? Оны неге мазақ етпейміз? Әлде өзімізді кемсіткеннен келер пайда бар ма?

Тағы бірде, жақында В.М. Молотовпен кездескенін, кезекте тұрып, дәрі-дәрмек алғандарын, оның Үкімет берген саяжайда тұратынын, В.И. Ленин атындағы кітапханада отырып естеліктер жазатынын, архивтен керек құжаттарды іздестіру үшін екі көмекші бергенін, жазған беттері нөмірленіп, сол кітапханада сақталатынын айтқан екен.

А.И. Микоянмен көңілдері жақын, үй-іші араласқан, жолдас болғанын айтып, мінезі тік, мәселені тез шешетін, өсекке ермейтін, қызметіне ұқыпты, өресі мен таланты мол басшы дейтін. 1962 жылғы Кариб кризисі кезінде Кубада жүрген Микоянға жұбайын жерлеу үшін Мәскеуге келуге Хрущевтың рұқсат бермегенін қиналып еске алатын. Басы-қасында жүріп, өзім шығарып салдым дейтін.

Қызметке жаңа тұрған біздің бір нарком Микоянмен танысу үшін барғанда апорт алмасын, түрлі шараптарды апарыпты. Микоян жоқта, алдындағы хатшысымен келісіп, апарғандарын оның киім ілетін шкафына қойып кетеді. Микоян кім әкелгенін хатшысынан біліп, әлгіні қаматтырып қояды. Сөйтіп, танысуға барған нарком, Микоянды көрмей, абақтыға қамалғандарды таситын вагонмен Алматыға оралыпты.

Микоянның туған інісі, әуе ұшақтарының атақты конструкторы Артем қызметке бара жатып, жолда жол апатына ұшырап емханаға түседі. Осы суыт хабарды Артемнің баласы Берлин қаласында жүрген атасына тәптіштеп айтып отырғанда, оның шыдамы таусылып, «былжырамай, тоқетерін айтсайшы, өзі тірі ме», — депті.

Нұрекең Мәскеуде тұрғанда қалалық зейнеткерлер ұйымының әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясын басқарды, ал, Микоян болса Одақтық дәрежедегі зейнеткерлерге қамқорлық жасады. Елге беделді, Үкімет басындағылар білетін Микоян көп мәселенің дұрыс және тез шешілуіне ықпал етті деп отыратын Нұрекең.

Д.А. Қонаев та Микоянның беделді, іскер басшы болғанын растайды. Жоғарыда аталған еңбегінде былай деп жазған болатын: «есть предложение, — начал Никита Сергеевич,передать Целинному краю Карагандинскую область. Дело происходило в кабинете Хрущева. Присутствовали Микоян, Козлов, Брежнев, Косыгин, Первухин и другие товарищи. Услышав о предложении Хрущева, я возразил: — никак нельзя этого делать, — говорю, — если ввести в состав края Карагандинский бассейн, то мы хлеб можем потерять. Хлебом краю некогда будет заниматься. Без промышленности мы целину не потянем, — сказал Хрущев, — вы опять что-то не понимаете… Мы ведь Караганду отдаем не капиталистам. Кунаев должен снять свои возражения.

Тут за меня неожиданно заступился Микоян. С Хрущевым, я заметил, он был на «ты». — Не нервничай, Никита Сергеевич, ты не прав. Если Караганду передадим целинникам, мы сами заставим руководство края заниматься углем, а хлеб отойдет на второй план. Я так понимаю, что Целинный край создан для того, чтобы добывать хлеб, а не уголь.

На том порешили. Караганду в подчинение края не передавать. Я был сердечно благодарен Микояну за поддержку» (153-бет).

«Халық айтса қалт айтпайды» деген дұрыс. Микоян жөнінде «От Ильича (Ленин) до Ильича (Брежнев) без инфаркта и паралича» деп тектен-тек айтылмаса керек. Қилы-қилы заман болды, сонда 60 жыл бойы ел басқарып, саяси бюроға мүше болған кісі сирек болар және тегін адам болмас.

Жақында бір жазушы Нұрекеңді «мақтан үшін қайратсыз болыс болған, лауазымды орындыққа отырып, даярлап әкелген қағазға көзді жұмып қол қоюшы, жазып берген жазуды мәртебелі мінберден оқып шығушы» деп кінәлап, өлген кісінің артынан күл шашты. Ондайларға айтарымыз, алдына бармай, бір кағазды даярламай, не қол қойдырмай жүріп, осылай масқаралау кешірілмес күнә, ақиқатты аттап өту, өтірік пен өсекке бой ұрғандықтың нағыз өзі.

Оңдасыновқа қағазға қол қойдыру, жазғаныңның оның көңілінен шығуы мәселенің ең ауыры болатын. Оқымай, түзетпей қағазға қол қойған емес. Басқалар айлап жазатын баяндаманы ол кісі бір түнде бітіретін Н.И. Беляев Қазақстанға бірінші хатшы болғанда, бір пленумда Оңдасыновты «сен ылғи кептірілген сүт (сухой порошок) сұрайсың, мемлекетті емген бұзау сияқтысың (государственный сосунок)» деп сөкті, оның «облыста түйе мен бие сүті баршылық, сиыр ұстауға жер жағдайымыз көтермейді» деген дәлеліне кұлақ асқан жоқ. Сол Беляев бір күні кешкі сағат 5-те телефон соғып, ертең Гурьевке (Атырауға) барамын, сағат 10-ға облыс активін шақыр, өзің баяндама жаса деп тәртіп берді. Жиналыс өтетін орынды белгілеп, шақырылатын кісілердің тізімін жасағанша, баяндамада айтылатын мәселелерді бюро мүшелерімен келіскенше түнгі сағат 12 болды. Жұрт тарағаннан кейін Л.Т. Байкова екеумізді алып қалып, ертең жасайтын баяндамасын айтып отырды, біз үлгеріп жазып отырдық. Таңғы сағат 6-да Беляевты қарсы алуға аэропортқа кетті, сағат 10-ға дейін қаланы, кәсіпорындарды аралатып көрсетті. Біз баяндамасын машинкаға бастырып, қателерін түзеп, мінберге бара жатқан Нұрекеңнің қолына ұстаттық. Ол, әрине, бардым-келдім деген жәй әңгіме емес, бір облыстың атқарған істері мен алда тұрған міндеттерін белгілеген саяси есеп болатын. Көлемі 2 сағаттық баяндаманы Нұрекең аспай-саспай 4-5 сағат ішінде қағаз бетіне түсірген еді. Енді сондай кісінің үстінен өсек айтып, жазып бергенді мәртебелі мінберден оқып шығушы еді деп кінә тағудан да ұялмайтын болдық. Арсыз ауызға қақпақ болу қиын.

1944 жылы, соғыстың ауыр уақытында, Орталық Үкімет алдына мәселе қойып, оларға қажеттігін түсіндіре білген, сөйтіп, Кеңестер Одағында жалғыз, Алматының қыздар институтын ашуға рұқсат алған, қазақ қыздарының оқып білім, тәлім-тәрбие алуына ұтымды жол тапқан Оңдасыновқа ескерткіш тақта қойып, аруағына тағзым етудің орнына, оны жамандап, ел қамын ойламаған деп шындықты бұрмалап жүрміз. Бұл да баяғы, өзінің қолынан келмейтін, басқаны көре алмайтын іші тарлықтың салдары.

Орталық Үкімет өзіне керек Ақмола-Қарталы жолын салып, Қазақстан үшін өте қажет Мойынты-Шу жолын салуға қаржы бермеген соң, Ондасынов пен Шаяхметов «халықтық құрылыс» деп жариялап, республика күшімен салдырған еді. Қазір осы жол екі астананы жалғастырып, ерекше маңызы бар жолға айналып отыр. Осы жол үшін Мәскеумен айтысқан, құрылыс басында қос тігіп жатқан Н. Оңдасыновтың атымен бір станцияны атаса, ескерткіш тақта орнатса артық емес.

Қазакстанда Ғылым Академиясын құрған қазақтың атақты ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев екені баршаға мәлім. Қаныш-аға болмаса сол кезде Академияның ашылып-ашылмауы неғайбыл. Бірақ мынаны да ұмытпаған дұрыс. Сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов Қаныштың газетке басылған бір мақаласын оқып, Жезқазғанда жүрген К. Сәтбаевты Москваға шақыртып кездескені, КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандағы филиалына бастық еткені, Академия президенті В. Комаровқа ертіп апарғаны, бізде академия ашу жөнінде оның келісімін алғаны, екеуі қол қойып КСРО Үкіметіне хат жазғаны, сол хаттың алғашқы жобасын Қаныш Имантайұлы өзі жазғаны, Нұрекең басшыларға кіріп, мәселенің тез шешілуіне жағдай жасағаны шындық. Бірақ, бұл шындықты біреу біліп, біреу білмейді. Өкінішті-ақ. «Академик К.И. Сатбаев» деп аталатын естелік кітапта Қанекең жазған хаттың түпнұсқасы, Оңдасынов, Комаров, Сәтбаев үшеуі академия ашу туралы сөйлесіп отырған тұстары бейнеленген фотосурет басылған (Алматы, 1965, 13 және 19-беттер). Бұл айғақ емес пе?

Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда Академия ғимаратын салуға Орталық Үкімет бір тиын бермегенде, қаржы тауып, сәулетті ғимарат салдырған Қазақстан Үкіметі, оның басшысы Н. Оңдасынов болатын.

Осындай Қазақстан ғылымына сіңірген еңбектерін елеп, Академияның құрметті мүшесі, не болмаса, Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтының құрметті профессоры деген атақ Нұрекеңе орынды және лайықты болар еді.

Ел арасында Н.Оңдасынов пен Ж.Шаяхметов араз болыпты, бірге істесе алмапты деген де қауесет бар. Осы туралы қанша сұрасам да, обалы не керек, Нұрекең бір ауыз жамандаған сөз айтпай кетті. 1938 жылдан 1951 жылға дейін қызметтес болдым, әуелі Орталық Комитеттің үшінші, сосын екінші, 1946 жылдан бірінші хатшы болды. Бірінші хатшы болғанға дейін көп араласқанымыз жоқ. 1951 жылы КСРО Министрлер Кеңесі төрағасы И.В. Сталин қол қойған «Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы Н.Д. Ондасыновтың оқуы туралы» қаулысы шығып, Мәскеуге оқуға кеттім. Үш бөлмелі пәтер беріп, алып жүрген жалақымды сақтап, Үкімет гаражынан автокөлік мінуіме рұқсат етілді. Жұмекеңмен айтыс-тартысымыз болған жоқ, тату-тәтті ажырастық. Қызметін жақсы білетін, талабы күшті, ұйымдастырушылық қабілеті мол, еліне жаны ашитын азамат еді дейтін. Демалыс кезінде преферанс ойнағанды ұнататын, ал, мен болсам соны үйрене алмай кеттім деп отыратын.

Жұмекең Шымкентке қызметке ауысқан соң, науқасына байланысты Мәскеуге көп барып жүрді. Трубников көшесіндегі 10-шы санды үйдің шарбағында бір кішкене бөлмеде тұрды. Бірнеше рет кездесіп, сәлем беріп, сөйлескенімде, Нұрекең, туралы сұрағанымда, ол кісі де Нұрекең ауыр жылдары қызмет етті, әсіресе, Н.А. Скворцов кезінде күн-түн демей, республиканы аралап, нақтьлы мәселелер шешіп жүрді. Қазіргі басшылар ондай емес қой деп сын-ескертпе де айтып қоятын.

Жұмекең жөнінде Д.А. Қонаев та жоғары баға берген болатын. Аталған еңбегінде: «перед самым окончанием войны первым секретарем ЦК КПК стал Барков. Работал он в Казахстане недолго, его отозвали в распоряжение ЦК ВКП (б). Практически он ничего не сделал для республики.

Вскоре первым секретарем избрали Жумабая Ахметовича Шаяхметова, работавшего вторым секретарем ЦК. Он был очень дисциплинированным человеком. И слабость у него была: любил распекать своих помощников, руководителей отделов даже за мелкие оплошности, за недостаточное прилежание. Он часто собирал подчиненных и устраивал производственные совещания. Шаяхметов строго контролировал ход выполнения своих указаний отделами ЦК и руководителями министерств и ведомств. В отличие от предшественников, он был очень аккуратным руководителем и хорошим организатором. Под его руководством еще более высокие темпы стала набирать экономика Казахстана в послевоенные годы. Под началом Шаяхметова я работал продолжительное время, за этот период прошло четыре съезда коммунистов Казахстана» (75-77-беттер).

Өкінішке орай, Жұмекеңе тікелей қоятын кінәләрі мен нақтылы фактілері болмаса да, бұрын Ішкі істер министрлігі жүйесінде қызмет істеген, сірә, қазақ азаматтарын қудалаған болар деген топшылау, оның атын атауға, еңбегін бағалауға кесірін тигізіп келеді. Жұмекең мен Нұрекеңдердің Хрущевтың айтқанына көнбей, көп көлемде жайылымдарды жыртып, егін егу мал шаруашылығына зиянын тигізеді деп қарсыласқаны үшін орнынан алынып, төменгі қызметке жіберілгенін жұрттың бәрі біледі. Димекең 1961 жылы 22 наурыз күні Хрущевты пойызбен ел шетіне дейін шығарып салып бара жатқанда, Хрущев: «…было большой ошибкой, что целиной занялись очень поздно. Это ошибка Скворцова, Шаяхметова, Ундасынова» дегені осының дәлелі.

Тың жерді игереміз деп сылтауратып, қазақтарды атамекенінен қуатынын, ол жерлерді орыстар жайлайтынын Шаяхметов, Оңдасыновтар елден бұрын түсінді, сондықтан да қарсы болды. Ақыры солай болғанын көзімізбен көрдік қой.

Сонда да Жұмекеңнің атын тірілтейін, еңбегін бағалайын деп жүргендер көрінбейді. 16 жыл республиканы басқарған, Сталиннің репрессиясы кезінде, соғыстың ауыр жылдарында экономика мен мәдениетті өркендетуге зор үлес қосқан, жауға атылған он оқтың тоғызын Қазақстан берді деп Орталықты мойындатқан, келімсектер 1946 жылы соғыс бітті, келген елімізге қайтамыз деп әлек шығарғанда, Қарағанды қаласында өткен митингте сөз сөйлеп, оны радио арқылы бүкіл Қазақстан тыңдағанда: (ол кезде теледидар жоқ), «қысылғандарында пана болдық, барымызбен бөлістік, сонымызды бағаламай кетем деп шулағандарға жол ашық, орысша айтқанда «скатертью дорога» деген де осы Жұмабай Шаяхметов болатын. Біз сол ерлігін де ескермей келеміз.

Қазір арамызда жоқ Н. Оңдасынов пен Ж. Шаяхметовты өзара төбелестіріп, араздастырып қойғаннан бізге де, елге де келер пайда шамалы. Көрші ағайындар сияқты өлгенді жамандау жақсы әдет емес, мұны да ұмытпаған жөн.

Қазақстан үкіметін 1938 жылдан 1951 жылға дейін басқарған, П.К. Пономаренко мен Л.И. Брежнев 1954 жылы Мәскеудегі оқуын бітіртпей алып келіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметіне қойды. Бұл қағазбастылық қызмет ұнамай, өзі Гуреьв облысының басшылығына сұранып, оны 8 жыл, зейнеткерлікке шыққанға дейін абыройлы атқарды.

Айталық, 1955 жылғы көктем малшы қауымға тым қолайсыз болып, бірнеше күн соққан күшті желден кейін, Қарабұғаздың кеуіп қалған күкірт қышқылды тұзы мал жайлымдарын басып, жер беті кәдімгі жаңа қар жауғандай аппақ болып кетті. Тұз басқан шөпті жеген мал, әсіресе, жас қозылар, өлім-жітімге ұшырап, мал шығыны көбейе бастады. 150 мыңға жуық малды аман алып қалу үшін жедел шара алуға тура келді. Ол кезде Маңғыстау түбегі жеке облыс емес, Атырау облысының бір ірі ауданы болатын. Облыс орталығынан 50 шақты жүк таситын мәшинелер, азық-түлік, ауыз су, жанар-жағар май алып, 1000 шақырым қашықтықта орналасқан мал отарларына жүріп кеттік. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасын басқарған маған осы қауырт шаруаның басы-қасында болып, тікелей араласу қажет болды.

Маңғыстауға жеткен соң, әрлі-берлі жер кезіп, мал көшіретін жайылым іздестірдік. Түркменстан республикасы бұрынғы Андреев ауданымен шектес өңірден қолайлы жер таптық. Бірақ ол жер Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен уақытша пайдалану үшін түркменшілерге берілген болып шықты. Сондықтан біздің мал көшіруімізге қарсы болып, қаулыны бетке ұстап, біраз әуреге салды. Ақыры жер біздікі, жағдайымыз ауыр, мал шығыны болып жатқанын ескеріп, дау-дамайды қойып, жерімізді қайырып берді. Малды таза жайылымға көшіріп, төтеннен келген апаттан алып қалып, 20 күннен кейін Атырауға оралсақ, үлкен өзгерістер болыпты. Облыстық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне Нұртас Оңдасынов сайланып, бұрынғы төраға Әбжан Жүсіпов Қазақ КСР Мемлекеттік Бақылау министрі болып кетіпті.

Қалыптасқан тәртіп бойынша жаңа басшыға Маңғыстаудың жағдайын және бітірген шаруаны баяндауға тура келді. Айтқанды байсалды тыңдайтын, қажет деген жайттарын дәптеріне түртіп алып отыратын, шаруашылық саласына жетік, көргені мен түйгені бар кісі екені бірден-ақ көзге түсетін. Көп ұзамай, өзімен бір мекемеде, қол астында, облыстық атқару комитетінің жауапты хатшысы болуға шақырды. Білімі мен білігі зор, тәлім-тәрбие алуға болатын басшымен қызметтес болу өмірлік мектеп болатынын түсінген мен сол жерде келісім бердім. 1957 жылға дейін ол кісі төраға, мен хатшы қызметін атқардым. Өзі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанда мені облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындады. Ол кісінің адамгершілік, іскерлік қасиеттерінен үлгі алып, тапсырмаларын мезгілінде орындап, ардақты азаматты ұятқа қалдырмай, сенімін ақтауды әрдайым өзіме міндет, парыз санадым.

(Жалғасы бар)

9 ПІКІРЛЕР

  1. Оңдасынов туралы толық мәлімет бере аласыздарма мәселен Оңдасыновтың мемлекеттік жіне қоғамдық саяси қызмети туралы рахмет

  2. 2014жылы 26 қазанда Н.Оңдасынов атамызға 110 жыл толады, біраз азаматтарға барып осыны қалай атап өтсек «Өлі разы болмай тірі байымас» деген қазақпыз,атқа мінген азаматтарымыз айтады ол кісінің іздеуі жоқ қой деп сонда артында қалған елі, халқы, аттың үстінде жүрген ер қайда, мен айтар едім елдің ел,қазақтың қазақ болып қалғаны сол Н.Оңдасыновтың арқасында.Біз сол заманда Ленинді оқып лағып кеттік емес пе. Ұлыны ұлы өтейік, бір бірімізге топырақ шашпайық, ағайын.Нұртас атамызды келешек ұрпаққа жете таныстыру ендігі жерде біздің еншімізде. Екішара

  3. Тек Н. Оңдасынов қана емес сонымен қатар қиын кезеңде, Қазақ республикасының іргесін қалаушылар Сұлтанбек Қожанов пен Нәзір Төреқұловтардың да есімдері ұмыт болып бара жатқаны өкінішті.

  4. Осы Н. Оңдасыновты қазақтар ұмыт қалдырғанға ұқсайды. Елдің белді азаматы Қазақстан экономикасын ең қиын кезде басқарған. Қазақстанда сол кездегі колхоз, совхоз немесе аудан облыс басшыларын жер көкке сиғызбай мақтап, ал Нұртастай еліміздің ірі тұлғасын ұмытып кетеді. Түсінуге болады, қазіргі трайбалистік қоғамымызды ешкімге белгісіз адамға ескерткіш қойып аттарын көшелерге тықпалап жатыр ғой, әркім өз туысқанына. Әйтпесе Ол істеген Шығыс қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында Өзі туылған Шымкент өңірінде, Астана мен Алматыда ескерткіштер қойып, көше мектеп аттауларын беруге болады емес пе. Бірақ оны реттеп отыратын кім бар дейсің. Бір бала

  5. Әрине, керемет жазылған мақала. Бірақ қазіргі таңда атамыздың туған жері Түркістан қаласында ғана насихаттау жыұмысы жүргізіледі, дегенмен басқа қалаларда, яғни Алматыдағы, құрылуына тікелей атсалысқан «Ғылым ордасы», «Қаз Мем қыз ПУ»-да, ҚазҰлт Консерваторияда насихаттау жұмыстары мүлдем жүргізілмейді, еленбейді. Осылайша бірте-бірте ұрпақ санасынан шығып кете ме деп қорқамын. Осындай көз көрген кісілерді жинап, осы ғимараттардың бірінде неге кездесу ұйымдастырмасқа. Осындай азаматтардың қолдауы бізге өте қажет.
    Мөлдір Оңдасынова, Алматы қаласы.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз