ӘНҰРАНДЫ БІЛМЕЙТІН СПОРТШЫЛАР ЕЛ НАМЫСЫН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙДЫ?..

Қазақстан шаңғышылар қауымдастығының басшысы Өмірзақ Шөкеев 17 қазанда Астанадағы доңғалақты шаңғышылар базасында Қазақстанның шаңғышылар құрама командасымен жиын өткізді. Құрама Ресейдің шаңғышылар құрама командасы ма дерсің. Әңгіме арасында бұл спорт түріне өзге ұлт өкілдерін қасақана жолатпайды деген әңгімелерді де құлағымыз шалып қалды. Дәл аталған уақытында федерация президенті келіп өзінің ұқыптылығын көрсетті.

Шаңғышылар базасын аралап, барлық проблемаларды көзімен көріп, шешу жөнінде елорда әкімдігіне тапсырмаларын беріп жатты. Шаңғышылармен кездесу кезінде жеке-жеке жағдайларын сұрап, әлеуметтік мәселелерін қарастырды. Австрия, Финляндия, Швеция, Германия, Италия мемлекеттерінде өтетін бірқатар дайындық жиындары мен жарыстарға қатысуға жолға шығып бара жатқан құрама командаға сәттілік тіледі. Жиын барысында тек қана Астана қаласында ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірлерінде шаңғышылар мектебін және клубтарын құру; барлық жалпы білім беретін мектептерді шаңғы спортымен айналысуға қажетті бұйымдармен жабдықтау; қыс мезгілінде жарыстар өткізуді ұйымдастыру; Щучинск қаласындағы доңғалақты шаңғышылар жоларнасын қайта жаңғырту; Риддер қаласындағы доңғалақты шаңғышылар жоларнасын салу; шаңғыны және шаңғышыларды насихаттау мақсатында медиа-бағдарлама жасау; құрама командаға қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Қауымдастықтың демеушілігіне Қазақстанның жетекші төрт компаниясы – «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі, Қазақстанның астық одағы, «BI Group» ЖШС, «Иволга холдинг» ЖШС тартылған екен. Әрине, бұл шаңғышылар қауымдастығына жақында ғана басшы болып келген Ө.Шөкеевтің еңбегі екені рас. Десек те осы арада ерекше ескерер жайт, жиын барысында «Жас қазақ үні» газеті тарапынан екі өзекті мәселе көтерілді: 1) осыншама қыруар қаржылар мен жағдайлар тек орыстар үшін ғана жасалмауы керек; 2) құрама команданың жаттықтырушылары мен спортшыларынан «Қазақстанның мемлекеттік әнұранын білетіндеріңіз бар ма?» деген сұраққа бәрі бірауыздан «жоқ» деп жауап қайырды және оған ұялып, қысылмайтындарын да байқатты. Сұмдық қой!. Бұл жайында Спорт комитетінің төрағасы Е.Қанағатовтан мардымды жауап аламын ғой деп сұрағанымда соншалықты өзекті мәселе еместей ыңғай танытты. Егер де спортшы әнұранды білмесе қандай патриоттық сезім болмақ? Спортшы түгіл әрбір азамат білуі керек. Ұлт рухының үні болып жеткен әнұранымызды құрметтеу, айту бәрімізге міндет. Әнұранымыздың өзі шетелдерде көп орындала бермесі белгілі ғой. Елдің президенті барғанда және спортшылар жеңіс тұғырына көтерілгенде ғана. Ал осындай әлем елдерінің көз алдында тұрып еліміздің әнұранына құрметсіздік көрсетіп жатсақ, елдігімізге сын. Бұл намыссыздық. Намысы жоқ спортшы қалай еліміздің беткетұтары болмақ. Тұғырда тұрғанымызда әнұранымызды айтпай шетелдіктер алдында күлкі болып келгеніміз жетер енді. Дамыған елдер тұрмақ, қырғыз депутаттары әнұранға қосылмаған азаматтарға айыппұл салу мәселесін қарастырып жатыр. Әнұранға құрмет көрсетуді қырғыздардан үйренгеніміз жөн болар.

«Жас қазақ үні» газетінің

Астана бөлімшесі