Банкир жоғалды

Бұл күнде біреу жоғалды десе болды жұрттың көңіліне күдік ұялап, «ақша жеп шетелге қашып кеткен шығар» деуі «модаға» айналды.

Енді, міне, «Нұрбанктың» Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы басшысына іздеу жарияланғаны туралы ақпар тарады. Жарты миллиардтан астам теңге жымқырған деген күдікпен «Нұрбанктың» Шымкенттегі филиалының директорына іздеу жарияланғаны туралы ақпаратты полиция растады. Банкирдің отбасымен қайда кетіп қалғаны белгісіз. «Нұрбанк» басшылығы бұған қатысты әзір ешқандай түсінік бермеген.

«Нұрбанк» басшылығының Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департа­ментіне жолдаған ресми хатының негізінде, соңғы екі жылдан бері осы банктың Шымкенттегі филиалының директоры болып жұмыс істеген Асқар Көшербаевтың үстінен «өте көп мөлшерде ақша жымқырған» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болып отыр. Полицияның хабарлауынша, күдіктіні қамауға алу жөнінде сырттай санкция берілген екен. Қылмыстық істі ОҚО ІІД бастығы қатаң бақылауға алғаны да айтылып жатыр.

Іздеу жарияланып отырған банкирдің Қазақстан аумағынан шығып кеткені туралы да өсектер шықты.

Қазақстандағы екінші деңгейлі коммерциялық банктердің бірі – «Нұрбанк» акционерлік қоғамының топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің 2007 жылы қаңтарда із-түссіз жоғалуы осы банкке қатысты ең шулы оқиғаның бірі болған еді. Олардан күні бүгінге дейін еш дерек жоқ.

Енді міне, «жаңа қашқынның» хикаясы шығайын деген түрі бар. Осыған орай әлде кімдер: ««Нұрбанкты» жағалағандарды «ұшық шалатыны» несі екен? Есі дұрыс адам босағасынан сығаламайтын «қауіпті аймақ» екен ғой» десіп жүр. Кімнің аузын жабасың?»