Мұхтар Әуезовті «қожа – араб» деуден не ұтамыз?!

d0bcd183d185d182d0b0d180-d0b0d183d0b5d0b7d0bed0b2

Жақында Алматыда «Мұхтар Әуезовтің ататегі» деп аталатын кітап жарық көрді. Кітапта жазушының Орталық Азияға ислам дінін тарата келген арабтардың, яғни қазақ арасына қожа деген туыстық атаумен сіңген атаның ұрпағы екені баяндалады.

Кітап авторы Сейітомар Саттаров Мұхтар Әуезовтің шыққан тегі туралы шежіре кітап жазу идеясын жазушының баласы Мұрат Әуезов ұсынғанын айтады. Сейітомар Саттаров кітап жазу барысында Мұхтар Әуезовтің туған жері Шыңғыстау өңіріне бірнеше рет сапарлап барып, ондағы жер-суды, зират-қорымдарды, көне жұрттарды аралап көріп, көне көз адамдармен әңгімелесіп дерек жинапты.

Алайда, Мұхтар Әуезовтен қалған мұраларының ішінде өз ататегі туралы жалғыз ғана дерек бар. Мұқаңның Сәдуақасовқа жазған хатында: «Менің тегім – Қаратаудан найманның ішіне келген қожалар. Найманның ішінен Бердіқожа бір топ ағайындарын ертіп, тобықты ішіне көшіп келді деген сөз бар. Бақшайыш пен менің атам Омарханның арасы он сегіз ата болады екен. Тым әрі сияқты» деген жалғыз ауыз сөз бар екен.

Демек , ата-тегін айтқызбаған деп, бар пәлені заманға жапқанымызбен ұлы тұлғаның «қожа – араб» болғысы келмей, қазақтықта қалғысы келгенін аңғару қиын емес қой.

Дәл осылай арғы жағымыздағы аталарымыздың жетпіс-жеті атасын қаза берсек, «таза қазақ» таппай қалармыз-ау. Ал, тіпті мықты болсақ, көршілес моңғол, өзбек, қырғыз тіпті венгрлерге сіңіп кеткен «қазақтарымызды» - қыпшақ, керей, найман, арғын, мадиярларды неге қайтарып алмаймыз.

Баяғыда Шәкерім Құдайберді Өр Алтайдағы әйгілі би Мәми бейсі Жұртбайұлының әжесінің моңғол қызы екенін тұспалдап хат арқылы: «түп төркініңіз кім болады» деген сауал қойған көрінеді. Сонда Мәми: «Мұхаммед пайғамбармен қарын бөле боламыз» деген көрінеді. «Менің әжем түгілі пайғамбарымыздың шешесі де кәпір қызы болатын» деген сөз мәнісін тез түсінген Шәкерім сөзден тосылыпты деседі.

Ендеше, өз Мұхтарымызды, өзін өзгеге емес, өз қазағына байлап ғұмыр кешкен абыз қаламгерді ары итерсек, марқұмның рухын мазалай берген болар едік. Ол – Қазақтың ғана Мұхтары!