Жезөкшелікке енді жол жоқ?..

Таяуда Алматы қалалық Ішкі Істер департаментінің қызметкерлері «Маяк» қонақ үйінің осы уақытқа дейін жезөкшелердің жұмыс орны болып келгендігін анықтады. Өз қарамағында 50 шақты жезөкшені ұстап келген Д. К. деген азамат болып шықты.Бұл аз болғандай қожайы сымақ түнгі көбелектердің қызметін жасырын камераға түсіріп алған.

Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы осы уақытқа дейін аталған қонақүйде қырғыз, өзбек, тәжік сияқты ұлттардың 18-20 жас аралығындағы қыздары қызқұмарларға қызмет көрсетіп келгендігін әшкереледі. Аталған орында 48 жезөкше жұмыс істесе, олардың тоғызы қазақтың қаракөз қыздары екен.

Жезөкшелердің әрқайсысы қонақ үй әкімшілігіне күніне 5 мың теңгеден беріп отыруға мәжбүр болған. Мұндағы қыздардың төртеуінен жыныстық жолмен таралатын ауру анықталса, ал енді бірі СПИД-тің ауыр түріне шалдыққан екен.

Қыздардың әр қадамын қатаң бақылауда ұстаған қонақ үй қожайынының бөлмесінен 1,5 сағаттық 27 кассета тәркіленіпті.

Жезөкшелерді жыныстық қатынасқа жегіп келген Д. К. 5 жылға бас бостандығынан айрылса, қонақүйдің басқа үш қызметкері де тиісті жазасын алатын болды. Жыл аяғына дейін полиция қызметкерлері осы бір харам кәсіптің тамырына балта шабуды көздеп отыр...