Жетімнің ақысын жегендер
2010 ж. 29 қазан
1230
0
Жақында Солтүстік Қазақстан облыстық балалар үйін тексерген СҚО прокуротурасы біраз былықтың бетін ашты.
Яғни, тендер дер кезінде өткізілгенімен, балаларға алынған киімнің көпшілігі Қытайдың сапасыз тауары болып шықты. Ал, өлшемі сәйкес келмейтін киім-кешек өз алдына.
Прокуротура қызметкерлері болса, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылардың қызметтің орындалуын жіті бақыламағандығын айтады. Ал, тендерді жеңіп алғандар өтпей жатқан тауарын өткізудің амалын ғана ойлаған.
Жетім балалар тәрбиленетін енді бір мекемелерде тәрбиеленушілердің құжаттары уақытында жиналмай, төленуі тиіс әлеуметтік төлемдер мерзімінен кешіктірілген.
Мұнымен қоса балалар үйі тәрбиеленушілерінің есепшоттарынан заңсыз ақша да алыныпты. Тексеру барысында демеушілер қаржысының орынсыз жұмсалғандығы анықталған. Ендігі жерде тексеру жұмыстарына қаржы полициясы да атсалыспақ.
Басқаның емес, жанары жәутеңдеген жетімдердің ақысын жегендердің жазасы да жеңіл болмағаны жөн.