Қос боздақтың өліміне кім кінәлі?

Басқа өңірлерде түрлі қылмыстар белең алып жатқанда, Тұздыбастаудағы бірінен кейін бірі орын алған жас жеткіншектердің өлімі дүйім жұрттың жанын түршіктірді. Жақында мұндағы №31 мектептің оқушысы Сержан Тұрысбеков өз үйінде асылып тұрған жерінен табылды. Қайғыдан қан жұтқан боздақтың туыстары болса, өз ұлдарының өліміне мектептегі ұстаздарын кінәлауда. Тіпті олар Сержанды базбіреулер басқа жерде өлтіріп, үйге әкеліп асып кеткен дегенді айтуда.

Туыстарының айтуынша қайтыс боларының алдында Сержан мектептегі басқа бір оқушымен, анасының атын айтып, боқтағаны үшін төбелесіп қалыпты. Ал, онымен төбелескен оқушы есінен танып қалған көрінеді. Осы оқиғадан кейін Назым және Ольга атты ұстаздарының тарапынан Сержанға қысым көрсетілген дейді марқұмның туыстары.

Кім баласын өлімге қисын. Жанбай жатып өшкен жас жеткіншектердің өлімі тек тұздыбастаулықтардың ғана емес, бар қазақтың жанын жаралағаны сөзсіз. Жан ауыртар мұндай қылмыстар жабулы қазан жабулы күйінде қалмай, кінәлілер анықталып, өз жазасын тартқанда ғана азаятын шығар...

Дайындаған Г.САДЫҚОВА