ОРАЛМАНДАР КӨКЕЙІНДЕГІ он екі тілек

Еліміз егемендік алғалы алыс-жақын шетелдердегі қандас­тарымыз өзінің тарихи отаны – Қазақстанға орала бастады. Қазірге дейін сырттан келген қандастарымыздың саны бір миллионға жақындады десіп жүрміз. Десе де, шетелде әлі де болса бес миллион қазақ отыр. Олай болса олардың бұдан кейінгі отанына оралу мәселесі қалай болады? Орала алмаған қандастарымызға Қазақ мемлекеті қай деңгейде рухани көмек көрсете алады? Көші-қон ісіне және шеттен оралған ағайындардың атажұртында өмір сүруіне қандай кедергілер жасалып отыр?

Бүгінде қазақ көшінің тоқырай бастағаны туралы ақпарат құралдар жиі дабыл қағуда. Ендеше көшті қайта қозғау үшін саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер және жекелер(????) бұл істі шешудің жолын қалай қарастыру керек?

Осы және басқа да қордаланған мәселелердің шешімін қарастыру мақсатында Руханият-Жасылдар партиясы бірнеше мәрте шеттен келген ағайындардың өкілімен арнайы бас қосып, мәселенің мәніне үңілген еді. Енді сол бас қосуларда ортаға қойылған он екі ұсыныс-пікірді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Құзырлы органдардың құлағына тисе шешіліп қала ма деген үміт қой. Елбасының көші-қон төңірегіндегі саясатына салқын қарайтын билік тізгінін ұстаушылардың «бүйрегін бүлк еткізерлік» әсер жасай алсақ қуанар едік. Әрине, ұлт мүддесі деп ұрандаған ұлдарымыздан ешқашан үміт үзгіміз келмейді. Оралмандарды ойға салған он екі мәселе төмендегідей:

Бірінші, Халықтың көші-қоны туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу керек. Балама заң жасау, бағдарлама жасау ісін де қолға алған жөн. («Халықтың көші-қоны туралы заңға» өзгертулер мен толықтырулар туралы құзырлы органдарға арнайы хат жолданғандықтан, оған кеңінен тоқталмадық).

Екінші, шеттегі ағайындар қоныстанған елдермен көші-қон, білім алмасу, еңбек келісімі секілді нақтылы келісім шарттар жасалу керек. Мысалы: Қытай мен Қазақстан арасында қазірге дейін ешқандай көші-қон, білім алмасу, еңбек келісім шарты жоқ.

Келісім-шарттардың жоқты­ғы­нан ондағы ағайындар Қазақ­станға нақтылы көші-қон жолымен келе алмайды. Тек жекесапар жолымен келіп, квотаға немесе «Нұрлы көшке» құжаттар тапсырады. Азаматтық немесе ықтиярхат алып осында тұрып қалудың жолын қарастырады.

Білім алмасу келісім шартының жоқтығынан Қазақ­станға келіп оқуға ниет білдіретін этникалық қазақтардың талап­керлерімен нақтылы байланыстар жоқ (әсіресе Қытайдағы, Еуропадағы қазақтармен тіптен солай). Тек қана келіп өтініш тапсырған үміткерге ғана ие болу дәстүрге айналған.

Қытаймен Еңбек келісім-шартының жоқтығынан Қытайдан келіп азаматтық алған зейнет жасындағы қарттарға Қазақстан жағы зейнетақы тағайындамай отыр.(Қытай мен Корея арасындағы еңбек келісім-шартына орай жылына бірнеше жүз мың корей азаматы шетелге шығып жұмыс істейді. Бір жағынан өз бауырларының жұмыссыздығын шешсе, екінші жағынан ұлттық болмысын сақтауына немесе отанына оралуына сыртқы ықпал жасайды).

Шетелдік еңбек күшін тартуда ұлты қазақ өзге елдегі этникалық қазақтар ерекше ескерілуі керек.

Үшінші, Сыртқы істер ми­нистр­лігінің Қытайдағы консул­­дығының Үрімжі қаласын­дағы виза және төлқұжат бөлімінің құзырлығын бекемдеп, жұмыс істеу көлемін кеңейту керек. Қазір ондағы 2-3 айлық кезек және делдалдық мәселесі әлі шешілмей отыр.

Төртінші, тұрақты тіркеуге тұру, тіркелу, азаматтық алу, ықтиярхат алу сияқты мәселелерде Ішкі істер органы ұлты қазақ азаматтарға ерекше жеңілдік қарастыру керек. Кейде туристік, оқу және жұмыс істеу мақсатымен келген қандастарымыздың тіркелуінде қиындық көп. Және де үй кітапшасын таба алмағандар тіркеуге тұра алмай жатады. Қытайдан келгендерде туу туралы куәлік және әскери билет болмайтындықтан оның да әуресі аз емес.

Бесінші, Бос қалған елдімекендер мен аудан-қала орталықтарында қаңырап қалған құрылыстарды оралмандардың жөндеп-пайдалануына тегін ұсынуды қарастыру керек.

Оралмандарға тұрғын үй және егістік-шаппалық жерлер беру заңда қарастырылғанмен, жергілікті әкімдер жердің сатылып кеткенін, қорда артық жердің жоғын айтады. Немесе өмір сүру мүмкіндігі жоқ - шөл, суық, татыр -жерлерді көрсетеді. Әкімдер мен Көші-қон мекемелерінің арасында оралмандарға жеңілдіктер жасау және жер телімдерін шартсыз беру жайында белгілі қызметтік қарым-қатынас болуы керек.

Алтыншы, Көші-қон және оралмандарға қатысты құзырлы органдарда оралмандардан шық­қан зиялы қауым өкілдерінен алынған арнайы қызметкерлер болуы керек. Мысалы Көші-қон комитетінде, парламент депу­тат­тығында, Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығында оралман өкіл­дері болу керек. Кем дегенде орынбасарлық орындарды қарас­тырған жөн. Және де белгілі мерзім ішінде президент немесе құзырлы минстріліктер оралман өкілдерін қабылдап, олардың нақты жағдайын өз аузынан ес­тіп, сақталған мәселелерге дер ке­зін­де шешім жасап отыруы керек.

Жетінші, шеттен келген ағайынның құқықтық мәртебесін өсіріп, бұрынғы «Оралман куәлігінің» құқықтық аясын барынша кеңейтіп, жарамдылық мерзімін 3-5 жылға ұзарту керек. Айталық, бүгінде шет­елден келген этникалық қа­зақ азаматтық алған жағдайда оралман мәртебесін иелене алмайды. Сондықтан, көптеген қан­дастарымыз квотоға ену мақ­са­тында азаматтық алмайды. Қа­зақ­станға келіп шетел аза­маты ретінде тіркеліп жүреді. Оның нәтижесінде көптеген құ­қық­тық және құжаттық кедер­гілерге жолығады. Олай болса «Оралман куәлігінің» құқығы негізінде мемлекет тарапы­нан салықтық жеңілдіктер жасалуы тиіс. Мысалы, оралман жұ­мысқа ор­наласқан жағдайда еңбек­ақы­сынан, шағын кәсіпкерлігінен, моторлы көліктерінен 3-5 жылға дейін салық алмау немесе азайтуды қарастыру керек.

Сегізінші, балалардың мектепке, университетке түсуі, жас­тардың жұмысқа ораналасуы қайта қарастырылуы керек. Этникалық қазақтар мен оралмандарға Қазақстан Республи­касының Үкіметі белгілеген квотаға сәйкес тех­ника­лық және кәсіптік білім беру, ортадан кейінгі және жоғары білім беру оқу бағдарла­ма­ларын іске асыратын Қазақ­стан Республикасының білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін білім гранттарын бұрынғы жыл­дардағыдан 3 есе көбейту керек.

Тоғызыншы, Көші қон комитетін минстрлік дәрежесіне көтеру керек. Және де Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мемлекеттік мекеме етіп құру немесе Мәдениет министрінің құзырлығындағы шеттегі ағайынмен жұмыс істейтін орган етіп қайта жасақтау керек.

Оныншы, квотаның сандық шектемесін алып тастап, шеттен келген қазақ болса болды оған кезексіз және өте қысқа мерзім ішінде квота беру және кезексіз «Нұрлы Көш» бағдарламасына кіргізуді қолға алу керек. «Нұрлы Көш» бағдарламасының атқарылуында толып жатқан кемшіліктер бар. Бағдарлама кемелденіп, халыққа шынайы жұмыс істеу аясы кеңейсе, елдің көшін қозғауға септігі тиер еді.

Шетелден көшіп келетін этникалық қазақтардың мемлекеттік квотаға қара­май, өз бе­тімен көшіп келуіне барынша жағдай жасау қажет. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қолында оралман куәлігі болмаса да мүлікті шекара арқылы кеден төлемдерін алмай өткізуі керек.

Он бірінші, шетелде жалпы білім беру мекемелерінде оқып жүрген этникалық қазақтарды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен тегін қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға ән-күй, кино-театр таспалары мен газет-журналдарды тегін жеткізіп беруді іске асыру керек. Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі құзырлы органдары этникалық қазақтармен барыс-келіс жасау жағында дәрменсіздік танытып келгендіктен оларға мәдени жақтан көмек көрсетіп, көшіп келгісі келетін немесе көшіп келгісі келмейтін ағайынмен жұмыс істейтін Мәдениет орталықтарын құрған жөн. Әсіресе Қытайдағы қазақтардың арасында міндетті түрде арнайы Мәдени орталықтар жұмыс істеуі керек. (Кеңес Одағының 1956-1957 жылдардағы және 1962 жылғы Қытайдағы қазақтарды көшіріп алудағы ішінара тәжірибе-сабақтарын пайдаланған жөн)

Он екінші, оралмандарға қатысты құқықтың бұзылған­дығын арнайы қадағалайтын заңдық мекеме болуы керек. Немесе Бейімделу орталықтарының жұмыс аясын барынша кеңейтіп, заңнамалық істерді қадағалауды да атқарғаны жөн. Қазақтар көп көшіп келіп жатқан Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарына мұндай орталық тіптен қажет.

Жұрт тілегін қағазға түсірген: Ж.Шәкен