Террористер тыныш болсыншы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев Астанада өткен лаңкестікке тосқауыл бойынша ЕҚЫҰ-ның жиынында Қазақстанда террористік топтардың пайда болуына тікелей алғышарттар жоқ дейді. Ал нақты деректер бойынша елде терроризм үшін сотталған жүздеген адам бар екен.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген ЕҚЫҰ төрағасы – Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев «лаңкестікпен күресуде және өзге де трансұлттық сипаттағы қауіпсіздік мәселелерін шешуде ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту Қазақстанның бұл ұйымға төрағалық етудегі маңызды артықшылығы» болғанын жеткізді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтің пікірінше, Қазақстанда терроризмнің қаупі болғанмен өкінішке орай, онымен күресетін «иммунитет» қалыптаспаған көрінеді.

Ал құқыққорғаушы Андрей Гришин: «Полицияның «лаңкестермен күресінің» нәтижесінде көп жағдайда діни ұйым өкілдері зардап шегіп жатады. Қазақстан жағдайында бұл тіпті әдетке айналғандай.

Олар шын мәнінде шынайы террорис­терге емес, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бақылауында жүргісі келмейтін тәуелсіз мұсылмандарға шүйліге қалады» деген пікір білдіреді. Әрі осы пі­кірдегілер абақтыда жатқан«террористер­дің» санының өсіп келе жатқанын айтады.

Десе де, аурухананың аурудан кейін салынғанын, қылмыс туғаннан кейін абақтының жасалғанын ескерсек, терроризм болған соң террористер болды дейтін шығармыз. Екеуі де болмай-ақ қойсын. Алла бетін ары қылсын. Осындайда қазақ: «кәпір тоқ болса мұсылман тыныш» деп жатушы еді ғой. Террористер тыныш болсыншы!