СӘБИЛЕР ЖҮРЕГІНЕ – 50 операция!

0
1151

«Егер бауырыңа жәрдем беру үшін сапарға аттансаң, бұл күндерің мешітте 10 жыл өткізгеніңнен артық болып саналады, ал егер кімде-кім Аллаһтан жәрдем сұрап, ең болмағанда бір күнін мешітте өткізсе, оны Аллаһ Тағала әрқайсысының ені шығыстан батысқа дейінгі созылатын үш ормен жанған оттан бөледі», – деп айтқан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде.

Сол сияқты мұсылман бауырларына көмек беру арқылы Аллаһтың разылығына бөленгісі келген жандар да аз емес. Солардың бірі, «Әл Уақф» қайырымдылық қоры. Бұл ұйым Голландияда құрылған, бас кеңсесі Сауд Арабиясында. Ұйымның негізгі мақсаты – жетім-жесірлер мен қаріптерге қаржылай қол ұшын беру арқылы Аллаһтың разылығына ие болу.

Осындай бір іс-шара – салмағы 10 кг-нан аспайтын, жүректерінде туа біткен ақауы бар ауру балаларға операция жасау болды. Бағасына шаш жетпейтін шетелдік қаржымен есептегенде 30 000 доллардан асатын бұл операцияның 50 шақтысын тегін жасау арқылы мұсылман бауырларымыз қазақстандық балаларға орасан қуаныш сыйламақшы. Бала десе бауыр еті езілетін ата-ана үшін баласының қайғысынан артық қайғы жоқ. Баласы қит етсе, жүрегі ауыратын ата-ана үшін баланы бағып-қағу, оларды тамақтандырып және денсаулығына көңіл бөлуі – Аллаһтың аманаты. Ал, қолында қаражаты жоқ, баласын емдетуге еш шарасы келмейтін әке-шеше үшін баласының ауруға шалдығуы үлкен бір сынақ болады. Анасының баласына жасаған дұғасы Аллаһтың алдында қабыл болатынын еске салсақ, Аллаһ оған тікелей Өзі не біреуді себепші қылып дұғасына жауап қайтаратынын да білеміз. Сол сияқты Әл Уақф қорының Қазақстандағы филиалының Бүкіләлемдік ислами құтқару ұйымымен бірге ұйымдастырып отырған қайырымдылық шарасын Аллаһтың балалары үшін қайғырып, көз жасын төккен ата-аналардың дұғасына жауап қатқаны десек те болар.

Тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге, сонымен қатар жетім балаларға деген мейірім мен ізгі шапағатты сыйлаған бұл іс-шара Алматы қаласында 25 қыркүйек пен 9 қазан аралығында А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия Орталығында өтті. Туғаннан біткен жүрек ауруы бар балаларға жасалатын қиын операцияны арнайы шақырылған Таяу Шығысқа атағы кең жайылған ханзада Султан бин Абдул Азиздың кардиохирургия орталығының жүрек дәрігерлері, Оман, Канада және Германиядан келген даңқты мамандар жасап, баласы үшін қайғырған ата-аналардың алғыс, батасын алды.

Әл Уақф қайырымдылық ұйымының кеңселері әлемнің ондаған елдерінде орналасқан. Ал, еліміздегі кеңсесі 1995 жылдан бері оннан аса қайырымдылық іс-шараларын өткізген. Әл-Уақфтықтар әр уақытта қазақстандықтарға араб тілін жетік меңгеруге атсалысып, дін жолында халыққа мешіт салу құрылыстарына көмек беріп, жағдайы төмен отбасылар мен жетімдерге қолғабыс етіп, медициналық жәрдем көрсетіп, тағы сол сияқты көптеген қайырымдылық шараларды іске асырып келеді.

«Сен жер бетінде мейірімділік көрсете білсең, саған аспандағы құс та мейірімділік көрсетеді», деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үнемі ескертіп отырған екен. Сондықтан мұсылмандарға мейірімді болып бір-біріне жәрдем көрсету әр адамның борышы іспеттес. Ислами тәрбие алған әрбір мұсылман қарым-қатынастарда ізгілік танытып, өзінің мейірімділігімен, жүрек жылуымен, әдептілігімен кімнің де болсын жүрегіне жол табады, мейірім шуағын төгеді.

Тұрмысы төмен отбасылар­дың балаларына қамқорлық танытатын осынау қайырымдылық қоры бүгінде көптеген мұсылман мемлекеттерімен достық қарым-қатынас орнатып, барынша келер ұрпаққа көмек қолын созып жүр.

«Аллаһ Тағала сен мұсылман бауырыңа жәрдем беруіңді тоқтатқанша, жәрдем береді», – деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Бауырларына жәрдем еткен Әл Уақфтықтарға Аллаһ разы болсын!

Әр балаға – 30мың доллар!

Қыркүйектің соңғы күнінде А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия Орталығында жағдайы төмен отбасыларынан шыққан қазақстандық туған­нан жүрек ауруына шалдыққан балаларға тегін операция жасау қайырымдылық шараларына байланысты өткен баспасөз мәслихатында «Мұсыл­ман» журналының арнайы тілшісі Абай Темірханов «Әл Уақф» қайырымдылық қоры Қазақстандағы филиалының директоры Алаэддин Әлбадри мырзамен жедел сұхбат жүргізген еді. Сұхбат төмендегіше өрбіген болатын.

Осындай қайырымдылық шараларын нешінші рет ұйымдастырып отырсыздар?

Жалпы Қазақстанда бұндай шараны алғашқы рет қолға алып отырмыз. Ал жалпы әлем бойынша, көптеген елдерде болдық. Мыңнан астам сәбилердің жүрегіне тегін операция жасалды.

Қазақстанда нақты неше балаға операция жасалынады деп күтілуде?

Нақтырақ айтсам, 40 балаға операция жасалады деп күтілуде. Егер үлгеріп жатсақ, 50 балаға дейін жеткіземіз деген ниет бар.

Ал, күніне неше балаға жасалынады?

– Егер тек қуыс түтік (катетеризация) орнатылатын болса, онда күніне 3-4 балаға, ал операция жасалынатын болса, 2-3 балаға жасалынады.

Шетелде осындай операция­ның құны қанша тұрады?

– Шетелде 30 000 доллар тұрады.

Осындай қайырымдылық акцияларды тағы қай елдерде өткіздіңіздер?

Бұндай қайырымдылық шараларды Африка елдерінде, Пәкістан, Иордания, тағы да көптеген елдерде өткіздік.

Қазақстанда қазіргі заманға сай құрал-жабдықтармен жұмыс жасайтын білікті мамандар бар ма?

Әрине бар. Біз жоқ нәрсеге келіп отырғанымыз жоқ, керісінше бар нәрсеге келіп отырмыз. Егер де заманауи құрал-жабдықтар болмаса, біз операция жасай алмас едік. Бірақ өзімізбен алып келген жаңа құрал-жабдықтарды осы елге сыйға тартып, қалдырмақшымыз.

Сұхбатыңызға рахмет, Аллаһ сіздерге разы болсын! Сауабы мол осындай игі шараларды көптеп өткізулеріңізге тілектеспін!

Қарлығаш САРЫБАЙ

«Мұсылман» журналының редакторы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз