ШЕКАРАДАҒЫ шылық пен шындық

«Іргесі мықты елдің – келешегі мықты»

(Халық нақылы)

Ассаламуалейкум, алты алаштың арқалы оқырманы! «Мың естігеннен бір көрген артық». Айтайын дегенім, көрген жанға күдігі мол күрделі мәселе. Өздеріңіз білетін көрші ел Қытаймен шекараласатын Қорғас өткелі осы күнде бағы жанғанның базарына айналды. Адам аяғы үзілмейтін бұл шекараның бергі бетін қоя тұрып, арғы беті туралы сөз қозғайтын болсам, қазіргі сәтте көші баяу, көңілі қаяу 2 миллионға жуық Қытай қазағының арасында «Отаным!» деп оралған әр азаматтың оралман салауатына ие болуының өзі біз көп біле бермейтін бір-бір романға барабар. Қалай дейсіз ғой? Қытай елінен қазақ топырағына өту – сол жақтағы бауырларымыздың паспорт жасатып, виза аштыруы талай есікке бас сұқтырып, талай жерге табан тоздыратын тылсым шаруасы.

Яғни анау мектеп бітірмеген, мынау 18 жасқа толмаған, ананың заңдық құжаты жоқ, мынаның кепілдік төлемі жоқ дейтін бітпес кедергілердің кей қазақты кері қайтарып, кей қазақты түңілдіріп бітетінін көзіміз көріп жүр. Көрші екі ел достығы жақсарған сайын, мұндай кедергілер азая ма десек, тіпті асқынып келеді. Бұл аз болғандай Қытай шекарасынан кіре берісте әрбір оралманның қалтасын қағып, қанын сорып алатын денсаулық қағазы оңай олжаның төте жолы болды. Таңқаларлығы, Іле қазақ облысының орталығы Құлжа қаласында арнайы медициналық тексеруден өткіземіз деп әр жыл сайын жергілікті әр оралманның қанын қадағалағанмен, басқасына келгенде кейде атүсті тексеріп, көзбояушылыққа бір салынады, тексеру ақысы деп қомақты ақшаға тағы бір қол салады. Жалпы бұл екі жеп биге шыққандық емес пе?! Мұндай ұтыс жолы жылжып отырып шекараға келгенде және бір жалғасын табады. Мұндағы табыс – кезек күтіп, босқа тексерілуді әуре көргендер мен жыл сайын қағаз алудан жалығып, оқуына асыққан оралман студенттердің денсаулық қағазын алмағаны үшін шекарашы Қытайға тамыр-таныстық арқылы түрлі мөлшерде пара беріп өтетін екінші өткел. Шекара сыртындағы бұл өткел тек ақша берумен бітсе жақсы ғой, ере жүретін жамандығы сол, адам шоғыры мол негізгі күндері мен күз айларында шекара түбінде теңге алмастыру немесе делдал болып пайда түсіруге келгенде ішкен асын жерге қойып, түстен бұрын өз қазағын, түстен кейін бірін-бірі алдайтын елпек жігіттерді қоспағанда, Қытай шекарасының қара қақпасынан «обедке қалмайық» деп ішке жанталасқан түрлі қазақстандық пен «көштен қалмайық» деп тұра ұм­тылған өзгеше оралмандардың бет-бейнесін тамашалап тұрған Қытай шекарашыларының алдында топырлап тұрған қазақ, қысылып қалған ана, жылап жатқан бала, иленіп жатқан сөмке, бәрі-бәрі бас ауыртып, балтыр сыздатады. Содан қойшы, Қытайдың қыл көпірінен өтіп, «шіркін-ай!» деп қазақ шекарасына келгенде және сол былық. Ортада делдал, бір шетте шенеунік. Оралман екенін бірден танитын олар екі туып, бір қалған туысқанның жүгі ауыр болса сүйреп өткізіп, тауары болса тығып өткізіп ақшасын бір қымқырады, «келесі жолы және осылай» деп сыбайлас жемқорлыққа тағы үйретеді. Бұндайға еті үйренген оралман бауырларымыздың Қазақстан азаматы болып квота алу, оқуға түсіп қызметке тұру барысында әне сондай төте жол іздемейтініне кім кепіл?! Демек, осындай ой арқалап жүріп шекара делдалынан құтыласың, бірақ қазақ жеріне шыға берісте «Қайда барасыз? Машина дайын, сөмкеңізді беріңіз!», деп алдыңнан ағатайлап шығатын жүргізуші делдалдарына жолығасыз. Бұлардан құтылу – қиынның қиыны. Тізілген қалың машина, кімнің жүргізуші, кімнің делдал екенін білмейсің, әйтеуір жабыла жұлқылағанда, шетке алып шыққан мықты біреуінің машинасына еріксіз отырасың да кетесің. Қалған әңгімені соңынан естиміз, біреуінің сөмкесі жоғалған, біреуін алдаған, біреуін қорқытқан, баяғы сол бітпес әңгіме.

Сонымен Қазақстандағы жұмы­сыңыз­ды бітіріп, Қорғас өткеліне қайта оралдыңыз. Амал қанша? Тарихи отанымен жылы қауышып, сағанасы сарық, қағанасы қарық болып қайтқан кей қандас бауырымыздың тасыған көңіл күйі қазақ шекарасына келгенде бір, қытай шекарасына келгенде екі бұзылады. Бұған дәлел жолау­шылардың саны көбейіп, өз кезегіңмен тез өтуге асығып тұрғаныңда кей қазақ шекарашыларының қаймана біреудің болмашы ақшасын місе тұтып немесе «татулығы» жарасқан ішкі байланыстың әсерімен оларды кезек күттірмей алдыңа салып өткізіп жатқанын көргенде, «Әй, осылар сыбайлас қамқорлықтын шыңына шықпаса игі» деп күрсінесің де қоясың. Бұл бір, ал бұған қыспағы көп қытай шекарасындағы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін оралман бауырларымызды қызғана қабылдап, қолындағы қоржынынан, аяғының қонышына дейін түк қалдырмай тексеріп алатын темірдей қатал заңын қосайық. Сондағы көзі ашық, көкірегі ояу оралман жастарымыздың жеке меншігіне тән компьютер (ноутбук), фотоаппарат, DVD, VCD, CD табақшасы (дискі), тағы басқа электрондық сақтама бұйымдарын көргенде , теңіз ішінен тебен тапқандай тексеру бөліміне тезден әкетіп, бүге-шігесіне дейін анықтап келгенше, кінәсіз жастар кемінде жарты сағат, болмаса жарты күн телміруден басқа шарасы жоқ. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң осы! Сонымен қоса өзге де оралман бауырларымыздың қазақ елінен «Қазақпыз ғой!» деп алып қайтқан қазақша кітап-журналдарын, «мұсылманбыз ғой!» деп сатып алған діни бұйымдар мен кітапшаларын қайда тығарын білмей, сасқанын көргенде «Шіркін, қытай саясаты-ай!» деп тамсанудан басқа шараң не?

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» демекші, айтар сөзімнің тоқтамы, осы мәселелермен бір жағынан билік, бір жағынан елшілік айналысатын болса шешілмейтін түйін жоқ. Сонда ғана Қазақ – Қытай шекарасы ашық достыққа айналып, қазағымның қарасы көбейіп, Қазақстан Республикасы Қазақ Республикасына айналар еді!

Елдос Батырхан