АҚТӨБЕДЕ ӨТКЕН АЙТУЛЫ ДОДА

d0b8d0b7d0bed0b1d180d0b0d0b6d0b5d0bdd0b8d0b5-757

2010 жыл 12-17 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Спорт және туризм министрлігі Ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдыұлының және Ақтөбе қаласы мен облысы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы А.Құлмағанбетовтің қолдауымен көкпардан, аударыспақтан, теңге ілуден, қыз қуудан ҚР 1989-1994 жылғы жастар арасында чемпионаты өтті .

Жарыс Ақтөбе қаласының Орталық атшабарында жүргізілді. Көкпарға Астана қаласының, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызыл-Орда, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облысының командалары қатысты. Ең мықты шабандоздар: Оңтүстік Қазақстан облысынан Сырым Ізбасаров 12 салым, Арсыланбек Сейдулла 11 салым, Ақмола облысынан Ерлан Канафин мен Астана қаласынан Данияр Гайнуллин 9 салымнан салды.

Әдетте ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтеді десе, ел Оңтүстікке қарай елеңдейтін. Ал биыл қарулы да, шыдамды, епті де жігерлі жастар Ақтөбеде бас қосты. Жас шеберлерге тәнті болдық.

Мұндай ауқымды жарыстар басқа облыстарда өтіп жүргенін білеміз. Ал Қазақстан чемпионатының бірінші рет Ақтөбеде ұйымдастырудың себебін Ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығының Ақтөбе филиалының атқарушы директоры, чемпионаттың бас төрешісі – Аманғос Дербісалин қашан да ат спорты түрлеріне көңіл бөлініп келе жатқанынан, әсіресе Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Ақтөбе филиалының президенті болып табылатын облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың оң көзбен қарауының арқасы деп түсіндірді. Әсіресе, Ақтөбе жерінде тұңғыш рет кең көлемде болған көкпар сайысы жерлестерімізді қатты қызықтырғаны анық. Еліміз бойынша ұлттық спорты түрлері жүйелі дамып келеді. Бұл жерде батыс өңірінде кең тарай бастағанына қуанамыз. Ақтөбе командасының түлектері Нұрлан Додай аударыспақтан ересектер арасында, ал Мейрамбек Әлиев жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс медалына қол жеткізді. Баубек Әлібек осы чемпионатта үшінші орынды иеленді.

Жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты халыққа қызық болғаны хақ. Өйткені ақтөбеліктер мұндай спорттың бірнеше түрінен тұратын жарысты көрген емес. Айта кету керек, чемпионатпен қатар жарыстың соңғы күндері Ақтөбе облысы бойынша биылғы ат жарысы маусымының жабылуы өтті. Осыған орай 20 шақырым аламан бәйге,15 шақырым тоқ бәйге, 7 шақырым жорға жарыс, 5 шақырым ұшқыр бәйге ұйымдастырылды. Сонымен қатар бірінші рет тай жарысы өткізілді. Облыс бойынша ат жарысы бәйгесінің жабылуында Ақтөбе қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынды. Жалпы соңғы жылы бәйгеден ақтөбеліктердің мерейі үстем болып жүр. Өткен жылы Марат Көшеровтің аты елімізде өткен жарыста оза шапты. Ресейде өткен жарыста бірінші келді. Қазақстаннан тыс Францияда, Англияда болған жарыстарға қатысып жүр. Жақында ғана Францияда өткен үлкен жарыста Қазақстанның арғымағы 4-орын алды.

Ат спортының алдымен ауылда дамуына баса назар аударымыз қажет. Бұрын Шалқарда әкім болған Жеткерген Оралмағамбетов ат спортын қолға алып, жақында Ойылда көкпардан жарыс өтті. Ауылдарда талантты жастар көп. Бірақ ұлттық спорт түрлері әлі күнге кенже қалып отыр. Сондықтан аудан әкімдері мән беріп, спортымызды көтерсе, талай мықтылар шығатыны анық дейді мамандар. Сөздің орайы келгенде айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын менің бажам Кәдірбек Бестамақта (тама Есет батырдың елі) маңында көкпар берген. Көкпар өте тәртіпті, өте тартысты, қызық өтті. Жастардың құлшынысы жоғары. Осы жерде ақтөбеліктер қандай деңгейде деген ой келеді. Ақтөбе командасының ойыншыларының дайындығы жақсы, 5 жылдың ішінде жоғарғы деңгейге қол жеткізгендігін айтуға болады, бірақ аттары нашар..

Ақтөбеліктер көкпарды қазанға лақтырғанда, серкемен бірге өзін де лақтырады, сондай ерлік қадамдар жасайды. Сондай салымдардың бірнешеуінің куәгері болдық. Әзірге көкпардан Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы обылысының спортшылары мықтылығын дәлелдеп келеді. Өйткені оңтүстік облыстарда ат спорты дәстүрі бұзылмаған. Бұл облыстарда қандай той болсын қалада да, ауылда да көкпарсыз өтпейді. Сондықтан олардың шеберлігі батыстықтарға қарағанда көп жоғары. Бірақ, қазақта «бап шаба ма,бақ шаба ма» деген де бар ғой.

Командалық көкпар шабандозға да, атқа да байланысты. Мысалға командадағы аттың мінезі әртүрлі болып келеді. Бір ғана көкпардың өзінде аттар бірнеше түрлі бағытта бапталады. Жарыс басталғанда бірі серкені алып кетуге жаттықтырылса, бірі ала қашуға, орынан жұлып кетуге икемді болса, енді бірі қорғанышта, ығыстырып шығаруға бейім аттар болады. Әбден жаттыққан аттар адамның қозғалысына қарап, еңкейіп алу керектігін түсініп, ыңғайлайды. Көкпардың аттарының саудадағы бәсі де өте жоғары болып тұр, соңғы кездері қымбат қомақты сомаға (бірнеше ондаған мың долларға) сатылып жатыр. Осындай көкпардан Ақтөбе жерінде чемпионат өтуі жастарға құлшыныс, құмарлық, серпіліс береді деген ойдамыз. Ұлттық спорт десе делебесі қозатын жастарымызға: «Күш-қуат, тақымдарың талмай, жеңіс тұғырынан көріне беріңдер! Ұлттық спорт түрлері – аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, командалық көкпар көркейіп, кеңінен қанат жая берсін!» -дегіміз келеді.

К.С. Әбішев,

Қазақтың Спорт және туризм акадамиясының доценті, п.ғ.к.