Қайрат Келімбетов несімен есте қалды?
2015 ж. 03 қараша
2290
3
Ел есінде тек уәде беруімен қалатын Қайрат Келімбетов Ұлттық банкті 2 жыл басқарыпты. Осы мерзімде екі мәрте теңгені құлдыратқан бас банкир халықтың маңдай терімен жиналған зейнетақы қорына да қол салуымен ерекше есте қалады.
Осыдан соң, арада ай өтпей бас банкир қызметтен босады. Ақпандағы “ақша құнсыздануын ұйқыдан тұрып естідім” деген сөзі Келімбетовтің халық арасында танымалдығын арттырды.
Әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген, қызу талқылауға ұшыраған ол биылғы тамыз айындағы девальвацияны да байқамай қалды.
Ұлттық банк төрағалығына келгелі тек уәде беруден жалықпаған Қайрат Нематұлы халықтың әбден келемежіне де ұшырады. Түрлі демотиваторларды көңіл көтеру құралы деп қабылдаған ол, қанша сәтсіздікке ұрынса да өз еркімен орын босатпады. Тіпті, халық сыны өз алдына, депутаттардан да ауыр сөздер естіп жүрді.
“Сіз халыққа ғана емес, ресми орган, Қазақстан Республикасының сенатына да жалған сөйлеп шатастырдыңыз. Сізді кезінде тағайындауға келісім берген едік. Енді парламентке қай бетіңізбен келдіңіз. Сөзіңіздің құны қалған жоқ. Бұдан кейін сізге қалай сенуге болады? Меніңше, сіздің кәсіби біліктілігіңізде не этикаңызда проблема бар”, – деді сенатор Светлана Жалмағамбетова.
Екі жыл бұрын Ұлттық банкке басшы болып тағайындалған Келімбетовке кей сарапшы мамандар оның қаржы саласында тәжірибесі жоқтығын айтып сенімсіздік білдірген. Ал бас банкир ретінде қызметі үздіксіз сынау мен сәт сайын сәтсіздікке толы болған Келімбетов әр кез жымиып қана құтылатын.
Оған қоса, әр құнсызданудан кейінгі долларға шаққандағы теңгенің тұрақсыз бағамын үнемі ел экономикасы үшін оңтайлы деп есептейтін. Ал мынау Келімбетовтің ұлттық валюта үшін жасалған соңғы сәуегейлігі еді.
“Егер мұнай бағасы арзандап, көршілес елдердің экономикасы құлдыраса, біз дайынбыз. Бұған дейін қабылданған валютаны еркін айналымға жібергеннің арқасында халыққа қатты сезіле қоймас деп ойлаймыз. Ал мұнай бағасы қайтадан өссе, теңгенің бәсі артып, бәрін қуантатыны артық”, – деді Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Қайрат Келімбетов.
Сол қуанышты күтпей төрағалықтан кеткен Келімбетов Зейнетақы қорына да қол салып, халықтың жиған қаржысын екінші деңгейлі банктерге үлестіріп берді. Жарты триллионнан астам қаржыны таратып берген Қайрат мырза салмақты қалпын сақтап, елді де сабырға шақырған еді.
Дереккөз: 31 канал