Дос КӨШІМ: РАС, МЕН САҚ САЯСАТКЕРМІН және айқайлап істеген істі жек көремін

1
864

– Саясатқа, оның ішінде ұлттық бағыттағы саяси-қо­ғамдық жолға қалай түскеніңізді айтып берсеңіз.

– 80-жылдардың соңында «қайта құрудың» самалы бізге де келді. Орталықтың езгісі, ұлттық мәселе, коммунистік идеологияның жағымсыз жақтары ашық айтыла бастады. Меніңше, осы уақытта көптеген азаматтар ояна бастады. Ал біздің алдымызда оянғандар (Хасен Қожахмет сияқты азаматтар) нақты іс-әрекеттерге баруды қолға ала бастады. Әрине, нақты бір оқиға, немесе бір кездесу, не бір іс-әрекет мені оятып, саяси күрестің жолына алып келді деп айту қиын болар, бірақ үш нақты мәселе менің намысымды оятып, осы жолға салды деп айта аламын. Біріншісі – анамның сөзі. Алматыға келген анам біз жұмыста жүргенде дүкенге барыпты. Кешке үйге келсем, «Балам, сен не істеп жүрсің?» деп сұрақ қойды. «Не істейін, институтта сабақ беріп жүрмін» дедім. Анам бетіме қатулана қарап, «Мен бүгін дүкенге барып едім, қазақша сөйлеген сөзіме ешкім жауап бермеді, қайта, «апа адамша сөйлеңіз» деп маған күлді. Қазақтың тілі малдың тілі емес, осындай жағдайға жеткізіп, неге жетісіп жүрсіңдер», – деп жерге қаратты. Екінші әсер – Желтоқсан көтерілісі болды. Әрине, топтың ішінде көптің бірі болып біз де жүрдік. Бірақ мені оятқан Желтоқсаннан кейінгі жағдайлар болатын. Аудармашы, тілмаш болып Қайрат Рысқұлбековтің сотына қатыстым… Мен сабақ беретін факультеттің бірінші курсынан, ұмытпасам 5 қыз оқудан шығарылды. Бар кінәлары – сабаққа келе жатып, алаңнан өтіп бара жатқан жерлерінен ұсталғандары. Үшінші – «Ақиқат» теле клубының мүшесі болуым, көп жағдайда жүргізуші қызметін атқаруым да саяси-қоғамдық жолға түсуіме қатты әсер етті деп ойлаймын. Бұл хабардың халыққа, қоғамның өміріне тигізген әсері зор болды. Сонымен қатар біз үшін де үлкен саяси мектеп болған сияқты.

– 1991 жылдың күзінде М.И.Есенәлиев ағамыз үш жігітті – Дос, Хасен, Жасаралды «Азатқа» шақырып жас күштер істі қолға алсын деп жол ашып еді. Осы жоспар неге жүзеге аспады?

– Меніңше, Есеналиев ағамыздың жоспары белгілі бір деңгейде жүзеге асқан сияқты. «Азаттың» сол кезеңінен бастап жұмысы нақтыланып, жандана бастады. Бізді билік те, қоғам да мойындап санаса бастады. Халықтық қозғалыс – саяси күшке айналды. Айта кету керек, бұл уақытта мен Қазақстанның социал-демократиялық партиясының төрағасы қызметін атқарып жүрдім. Сондықтан «Азатқа», оның дамуының, не ыдырауының екінші кезеңіне ашық араласа алмадым. Камал Ормантаев пен Батырхан Дәрімбетовтың бастамасымен «Азат» қозғалысы саяси партия құруға кіріскен уақытта, басқа партияның өкілі ретінде мен бұл мәселеден алшақ тұруыма тура келді. Бірақ қозғалыстың мүшесі болып қалдым. Мен «Азатта» басшы не көсем болған жоқпын – төрағаның орынбасары ретінде орындаушының қызметін атқардым.

– Келер жылы 20 жыл толатын үш ірі оқиға бар: 1991 жылғы 17 наурыздағы Одақты сақтау референдумы, Тамыз төңкерісі және Орал оқиғасы. Неге біздің билік осы оқиғаларға келгенде күмілжіп, бұғып осы оқиғаларды «ұмытып» қала­ды? Аталған оқиғалар аталып өтіледі деп ойлайсыз ба?

– Ол билік тарапынан аталынып өтіледі деп ойламаймын. Қалай атап өтетінімізді біздің өзіміз ойлануымыз керек. Аталған оқиғалар билікті масқара қылған, олардың бет пердесін ашып берген нақты жағдайлар. Сондықтан оны тойлап не жындары бар. Бұл жерде мен билікті жақсы түсінемін. Қазақ елінің билігі тойды да саясатқа айналдырған: бір ғана қаланың тойын (Астана) атап өту мен Қазақ жеріне тәуелсіздік әкелу үшін көтеріліске шыққан Желтоқсан оқиғасын тойлаумен қатар қоюға болмайды. Керек десеңіз қаланың күнін Президенттің туған күніне де ауыстыра салады… Кейбір жағдайда, билік бұғып қана қалмайды – тойды қазақ мәселесіне қарсы да пайдаланады. Мысалы, былтыр ұлттық бағыттағы азаматтар Алматыда «Мемлекеттік тілдің» мәселесін көтеріп, жиын жасайын деп еді, қала әкімшілігі «Қала күнін» тез арада өзгертіп, сол жиын болатын күнге алып келіп қойды. Бұл мені еріксіз езу тартқызады. Кейде биліктің жұмысы – бес жасар баланың жұмысына ұқсайды. Екіншіден, сол оқиғалардың ішінде масқара болып, егемендікке қарсы шыққан сабаздардың көпшілігі қазіргі биліктің ішінде жүр. Өкінішке орай, Алматы қаласының әкімі Храпунов мырза дер кезінде қашып үлгерді. Оның тамыз оқиғасы кезінде «Алматы қаласына төтенше жағдай енгізу туралы» дайындаған құжатын ұстап алып, қалалық депутаттармен демократиялық күштер біріге отырып, үш күн бойы тексеріс жасағанымыз есімізде. Нәтижесінде оның қылмысы толық дәлелденді, бірақ …ГКЧП-ға қарсы жиын жасаған біздер сотқа берілдік те, төңкерісті қолдаған Храпунов депутат болып кетті.

– Саясаткер С.Жүсіп сіз жайлы: «Өзін-өзі жасаған» және қазақ топырағының саяси ағарту жұмыстарына алғаш түрен салған саясаткер, оның бұл еңбегі бағаланбай келеді» деп жазыпты бір кітабында. Соңғы кездері саяси-ағарту жұмыстарын тоқтатқан себе­біңіздің мұнда шеті жоқ па?

– Сәкең – менің жақсы да, жаман да жақтарымды жақсы білетін ағаларамыздың бірі. Екеуміз талай құрылымдарда иық тіресіп, қатар жұмыс істедік. Мен ешқашан өзімнің жасаған саяси-қоғамдық қызметтерім бағаланады деп ойлаған адам емеспін. Біреулер жақсы бағалайды, енді біреулер өздерінің сыни бағасын береді. Жамандайтындары да бар. Қазақ «Алладан қайтсын» дейді емес пе мұндайда. Ал, саяси-ағарту жұмысын тоқтаттым деп айта алмаймын. Шамамның жеткеніне дейін жұмысымызды жалғас­тыра береміз. Ал кейбір жағдайда жұмысымызды бәсең­детуі­міздің нақты себептері де бар. Мысалы, биылғы 25 сәуірде біздер «Қазақ құрыл­тайын» ұйымдастырдық. Осы құрылтайды өткізуге өзі­міз­дің танымал ұлтшыл деген ағаларымыздың ішінде қарсы болғандар да болды. «Біздің жасап жатқан жұмыстарымызға бөгет болады» деген сылтаулар да айтылды. Осыған орай, «басқаларға бөгет болмайық, біреулер ұйымдарын құрып алсын, енді біреулер жоспарланған басқа да жұмыстарын жүзеге асырсын» деп бес-алты ай белсенді жұмысты тоқтата тұруға тура келді. Өз басым біреулермен таласып жатқанды жақсы көрмеймін. Бірақ, өкінішке орай, сол адамдар құрамыз деген ұйымдарын әлі де құрған жоқ….

– Саясаткер Дос Көшімнің өте сақ, қауіпсіздікті бірінші орынға қоятындығы жайлы әңгіме аз емес. Дос айтыпты деген мынадай сөз бар: «Мен танымайтын жерге барсам, ең әуелі шығатын есік пен тесіктің қайда екеніне назар саламын». Бұған не дер едіңіз?

– «Батыр – аңқау, ер – күдік» дейді қазақ. Мен батыр емеспін, саясаткер ғанамын. «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз тағы бар. Менің сақтығым – саясаткердің бойында болуға тиісті қасиеттердің бірі ғана. Саясаткердің аңдаусызда айтқан бір сөзі, асқынып кеткенде – қоғамның арасына от салады, орнында қалды дегеннің өзінде, жау тауып береді. Сондықтан мен әрбір сөзіме сақпын. Қауіпсіздік де саяси өмірде аса қажет мәселе. Біз өзіміздің саяси күресімізді Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде бастадық. Сондықтан да қонақ үйге орналасқанда бірінші қабаттан бөлме алатынымыз, оның терезесінің қай жаққа шығатынын, терезеде темір шыбықтың бар-жоқтығына назар салатынымыз – өмірдің қажеттілігінен туған қарапайым заңдылық. Мені «сақ» дейтіндердің тағы бір айтпағы – «Дос айқай салып, ұран көтеріп шықпайды» деген пікір. Шынында да, айқайлап жасаған істі жек көремін. Саясат – мақсатқа жету жолындағы сан түрлі тәсілдің жиынтығы, мен оның мәдениетті жолдарын жақсы көремін. Қамшының сабындай қысқа өмірде пікірім үйлеспейтін адамдармен жауласып, бет жыртысып жатқым келмейді. Олар менің жауларым емес, саяси қарсыластарым ғана. Егер менің қойып отырған мәселелерім шындық пен әділдікке сүйенсе, оны халықтың басым көпшілігі қолдаса, менің тәсілдерім қарсыластарымның әрекеттерінен асып түссе, мен сөзсіз жеңіп шығамын! Өзімнің үш рет істі болғанымды, екі рет жұмыстан шығарыл­ғандығымды батырлық емес, балалық деп білемін.

– Тіліміздің сөз емес, іс жүзіндегі күрескері ретінде осыдан 14 жыл бұрын шыққан «90-ы жылдардың қара сөздері» кітабыңызда: «Ешқан­дай заңның керегі жоқ. Әр қазақ ана тілінде жазып, сөйлесе (бұл – адамның табиғи құқығы), бір жылдың ішінде-ақ қазақ тілі жүз жылға тең секіріс жасайды. Бала­ларын орысша оқытып, немерелерін ағылшын тіліне бере отырып, «қазақ тілін қадір­леңдер!» деп жар салатын зиялылардан қашыңдар. Біздің ұлтымызды құртатын ау­рудың аты – екіжүзділік!» деп едіңіз. Не өзгерді? «Баяғы жартас – сол жартас» емес пе?!

Толық қосыламын. Бірақ біздер қазақ 40 пайызға жетпеген уақыттың өзінде қазақ тіліне мемлекеттік мәр­тебе бергіздік (оны бүгінгі басшылар берді деп адаспайық, олар орыс тілінің үстемдігін сақтап қалуға бар күшін салды), енді 70 пайызға жақындағанда ана тілінің жағдайын шенеуініктердің қолына беріп қояды деп ойламаймын.

– Досеке, қазақтың ұлт тағдыры жолындағы күресі­нің ұзаққа созылары көрініп тұр. Осы күресте жеңіс пен жеңіліс қаупі қандай қа­тынаста деп ойлайсыз?

-Күрестің ұзаққа созылары анық. Себебі – біздің қарсыластарымыз аттың үстінде жүр, ал біздер жаяу шай­қасудамыз. Олардың қо­лында билік бар да, біздің қолымызда ешнәрсе жоқ. Бірақ біздің жүрегімізде ұлттық рух пен намыс бар да, оларда қарынның қамы мен байлық туралы пендешілік ой ғана бар. Қазақ мемлекеті – Керей мен Жәнібектен бастап, кешегі Кенесарыға дейін әрқашан ұлтшылдар басқарған ұлтшыл мемлекет. Қазіргі басқару – коммунистік номеклатураның соңғы сарқыншақтары. Олардан соң біздерді Америкадан оқып келген, қазақтықты ұмытқан бір жандар басқарады дегенге сенбеймін. Үндемей жүрсе де, бейсаясатшыл болса да әр қазақтың жүрегінде «мен – қазақпын!» деген сөз бар. Әрине, тарихтың бір бұры­лысында, 300 жылдық отаршылдықтың әсерінен біздің менталитетіміз де бір­шама өзгерді, оның әсері әлі де аяқтан мықтап тартып тұр. Бізге осы менталитетті және өзіміздің бойкүйездігімізді жеңу ғана қалды.

Әңгімелескен

С.Есмаханұлы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз