АЗАМАТҚА ЗАР БОЛҒАН ҚАЗАҒЫМ-АЙ...

d0b4d0bed181d0bad0b0d0bbd0b8d0b5d0b2

Сызғанов атындағы хирургия орталығының дәрігері ЕРҒАЛИ МЕЙІРБЕКОВКЕ,

Алматының №12 ауруханасының бас дәрігері ЕСЕНТАЙ ТАЖИЕВКЕ,

медицина ғылымының докторы, ҰҒА академигі КАМАЛ ОРМАНТАЕВҚА арнадым.

«Свобода слова» газетінің №37 санында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Досқалиевтің кеселінің «шын мәнінде симуляция» болып шыққанына кейбір тұлғалардың пікірі жазылыпты. Елбасының коррупциямен күрес жөніндегі тапсырмасын орындап жатқан қаржы полициясының әрекетіне қарсылық білдіруден аулақпыз. Мұндай күресте бірде олай, бірде бұлай болуы әбден мүмкін. Қарсылықсыз қай ұры көне қояр дейсің кісенделуге. Әсіресе, «жақсы хирург еді», «жақсы адам еді» деген ақтауларға қарсымыз – заң «жақсы хирургтар мен жақсы адамдарға» мемлекет мүлкі мен қаржысын ұрлауға әзірге рұқсат берген жоқ. Мәселе осындай жанталас заманда, халықтың тілі әлдеқашан кесілді, қоғам ендігі үнсіз, кез келген зорлыққа көнетін болды деп ойлай бастасаң, қараңғы түнде жарқ еткен найзағайдай, ел ішінен қызметте болса да, өз пікірін айта алатын азаматтар шыға келеді. Әлде, елді мәңгі үнсіз ету қиын ба екен? Әлде, біз Шымкентте өмір сүрген соң, қателесіп жүрміз бе?

Шымкентте бас кеспесе де, тіл кеседі. Мұны көрдік. Мұнда әділет жоқ. Әлдеқашан биліктің шешуші тұтқаларының біразын сұрқайлар басып алған, барлығын басып алуға да көп қалған жоқ. Сұрқай дегеніміз кім? Сұрқай тек өз басын ойлайды. Ол әділетті қорғап, ел алдында ұпай жинап өсуді емес, басшысының ұрлығын, зұлымдығын жасырумен, оған осы істе жәрдем берумен ұпай жинап, басшысының сеніміне кіріп өсуді көздейді. Қоғамды толғандырған, оны кесел еткен ешқандай проблемаға сұрқай өз пікірін айтпайды, барлық дерлік жағдайда оларда пікір болмайды да, себебі сұрқайлар «қоғамға жаны ашу», «елшілдік», «әділетшілдік» сияқты «аурулардан» таза. Олар дүние күйіп жатса да жоғарының айтқанын істеп отыра беруді «саяси шеберлік» деп есептейді. Олар «саясаткер» деген сөзі қалай түсінеді? Әлемде саясаткер деген бүкіл елдің алғысымен өскісі келсе, қазақтың соры - біздің «саясаткер» бүкіл елдің емес, бір-ақ адамның – басшысының алдында ұпай жинап, соның «артын жамап», сонымен сыбайлас болып бірге өскенді «саяси шеберлік» деп есептейді. Әрине, мұндайды «қисық айна патшалығы» деп атайды. Бірақ, қанша қисық дегенмен, сондай сұрқайлардың заманы бүгін. Мемлекеттің қаржылай да, басқа да мүмкіндігінің барлығы сол сұрқайлардың қолында болғандықтан БАҚ соларды мақтап, соларды шынайы саясаткер деуге мәжбүр. Тіпті кейбір сыйлы газеттеріміздің азулы журналистері белгілі бір осы ауылдан шыққан «көке» туралы жаза келіп, «жақында, ол кісіге бір «майлы қызмет» бұйыратын болыпты» деп жазудан ұялмайтын болған. Қызмет абыройлы, қауіпті, қиын, оңай болуы мүмкін, ал майлы болуы... «Майлы қызмет» деген сөздің өзі – коррупцияның тілі ғой. Расында, олар ел ақшасына өмір сүріп, осы елдің арқасында адам болып таққа отырып жүргенін біле тұра, саналы түрде еліне сатқындық жасап, ешқашан ешқандай қиянатқа қарсы шықпайды. Ешқашан Әділетті қорғамайды. Ешқашан ел мүддесі үшін өз мүддесін құрбан етпейді. Бұлар ешқашан Елдің ұлы болмайды, бұлар әрқашан Креслоның құлы болады. Міне, Қазақтың соры. Қазақтың трагедиясы. Бұлар бүкіл билікті басып алып, ендігі «кайтем, қарсы шықсам, қызметімнен айрылам ғой», «осы қызметпен бала-шағамды асырап отырмын ғой» деген «ақтамаларды» айтуға ұялмақ түгілі, кәдімгідей-ақ елдің де етін үйретіп қойды. Ал ел тағдырын шешетін орынға барып алып, қызмет үшін, айлық үшін, өз басы үшін Ел Мүддесін тәрк ету, Әділетті тәрк етіп, Қиянатқа бағыну – бұл Азаматқа лайық позиция емес екенін, бұл бар болғаны Сатқындық екенін, Отанды сату, туған елін сату екенін айтатын адам да қалмады осы күнде. Ал өздерінде ұждан жоқ. Құдайдан да қорықпайды. Өткенде әдейі зерттеп, облысты сараптағанда, бүкіл облыстағы ел басқарған 40-50 әкім мен орынбасарлардың ешқайсысы бес уақыт намаз оқымақ түгілі, аптасына жиырма-ақ минут уақыт алатын жұма намазға да бармайтыны белгілі болды. Өз елінің дінін менсінбеген соң, не үміт, не қайыр? Мұның бәрі қоғамның рухани ауруға шалдыққанының белгісі, бірақ оны байқап, емделемін дейтін науқас та жоқ, емдеймін дейтін дәрігер де жоқ, - рухсыздық пен арсыздық – өмір сүруге ыңғайлы екен деп жүрміз бәріміз. Сөйтіп арсыздықтың шыңырауына, рухсыздықтың құрдымына ата-баба арманы – азат мемлекеттің тағдырын пәпкіге сап, асқақтата «алтын күн аспанын» айтып, бәріміз қол ұстасып ұшып барамыз. Тоқта дер кім бар, тоқтатар кім бар? Ал мұрын астынан алысырақ қарап, елдің ертеңі не болады, бір жыл, қырық жылдан соң не болады деп ойласақ, осылай етер ме едік? Көп сұрқайдың арасында өз пікірі бар, еліне іштей жаны ашитын шенеуніктер жоқ емес, бар. Бірақ олар қалың сұрқайдың зорлап берген «модасы» – басбұғуға, арсыздық пен рухсыздыққа көніп отыр. Осы мақаланы оқыса, ойланар – еліне жаны ашыса, бас бұғып өмір сүруге көнген дұрыс па? Бүкіл қазақтың көңлінде бүгін жоғарыдағы, Қалмырзаев пен Мәмиге, Досқалиев пен Шөкеевке қатысты алып-қашты, бірақ есітсең жан жауратар, жүрек түршіктірер әңгімелер. Тек бізді таңдандырғаны бұл емес. Мынадай, адам басы доптай ұшқан заманда, Елбасының коррупцияға қарсы жариялаған күресін әккі ұрылар, феодалдық-кландық топтар өз жауларын құртуға ептеп пайдаланған зәлім де қанды заманда, жеке меншік дүкеннен екі пәшкі темекі мен бір бөтелке «самопал» ұрлаған алты жарым жыл түрмеге тығылып, мемлекеттен жүз миллион ұрлаған «қорқау» үш жыл «шарттыға» сотталып жатқан арсыз да әділетсіз заманда, ӨЗ ПІКІРІҢДІ АЙТУ – ОҢАЙ ЕМЕС. Әсіресе, финполдың саясатына қарсы шығу – аждаханың аузынан лапылдаған отқа көкіректі тосу деген сөз. Мұнайға да, уранға да, жерге де, металға да, жалпы дүниенің барлық асылына аса бай Қазақ мұқтаж бір-ақ нәрсе бар, ол – АЗАМАТТЫҚ ТҰҒЫРЫ, АЗАМАТТЫҚ ЕРКІ бар АДАМДАР.. Міне, «Свобода Слова» газетіне қызметі бар болса да, сұхбат берген, кейбір кісілердің пікірінен үзінді келтірсек:

Ерғали Мейірбеков, Сызғанов атындағы хирургия орталығының дәрігері:

«Мне думается, что симулировать коматозное состояние, т.е. лежать часами без движения на аппарате искусственной вентиляции легких, нереально».

Камал Ормантаев, Ғылым докторы, ҰҒА академигі:

«Меня тревожит, что рядовых врачей обвиняют в укрывательстве, нечистоплотности, в неправильных диагнозах, угрожают им возбуждением уголовных дел. Если пациент министр здравоохранения, находящийся без сознания, вокруг столько полицейских, то любой врач может ошибиться и поставить преувеличенный диагноз, но все это проверяется обследованием на аппаратах и консилиумом врачей. Ничего страшного в этом нет, и преступления тоже. А создавать «дело врачей», как в сталинские времена, негоже».

Есентай Тажиев, Алматының №12 ауруханасының бас дәрігері:

«Если у человека давление 220/130 – у него гипертонический криз, то я, как врач, категорически запретил бы его допрашивать. Он плохо себя чувствует, не в состоянии вести продолжительный, серъезный разговор. Если разговор идет о министре, то это ответственный человек, никуда не убежит, поэтому никакой необходимости гоняться за ним по реанимациям нет, и следить за ним тоже неэтично».

Міне, біздің батырлар! Қызметі болса да, бөтеннің құқығын, Әділетті қорғап шыға алатын азаматтар бар екен-ау. Тек осындай адамдар көбейсе ғана біз көзбояу емес, шынында да дүние сыйлайтын, нағыз өскелең Қазақ Елін құра аламыз. Шымкенттіктерді осындай азамат болуға шақырамыз. 37-жылғыдай жала жаппайық. Қиянатты өткізбейік. «Подстава» жасамайық. Әділетсіздікке көнбейік. Пікірімізді айтудан қорықпайық. Құл емес, Қазақ Азаматы болайық. Сонда біз бұл сергелдеңнен аман-есен өтеміз. Егер мен президент болсам, айдаладағы үндемес Салидат емес, Азамат, Жүректі, Пікірлі, Тұғырлы, Иманды Есентай Тәжиевті министр қояр едім.

Мұхтар МҰХАМЕДЖАН