АРУАҚТАРДЫ ардақтайық!

d0b1d0b5d0bad0b5d182-d0b0d182d0b0

Бекет Атаның 260 жылдығы қыркүйек айының ортасында Маңғыстау облысында үш күн тойланып еді, енді, міне, Оңтүстік Қазақстанда қазанның 29-30-ында екі күн тағы да тойланбақшы. Яғни, батыр да әулие бабаның биылғы тойын тойлау күнгей елінде басталып, күнгей елінде аяқталмақшы. Ешқандай іс те, әрекет те кездейсоқ жасалмайтындықтан, философияда «кездейсоқтықтар заңдылығы» деген ұғым да бар, бұл да бір заңдылық деуге болады.

Ал, жалпы, осы той дегеніміз тым көп емес пе? Жоқ дер едік біз. Керісінше, халқымыздың жалпақ тілімен айтсақ «құдай сүйер қылығы аз» қазақты әлі де болса ұстап тұрған мықты бір ұстын оның осы ас та төк кең пейілі дер едік. «Малымды алсаң да пейілімді алма» дейді халықтың өзі де. Ауызбіршілігі кемдеу қазақтың басын қосатын да, оны аз уақытқа болса да баталастырып басын біріктіретін де осындай ұлы жиын, ұлы тойлар. Ал, біз әзірше бүгін аты аталып жатқан бабаның тойы арқылы адам, оның ішіндегі қазақтың өміріндегі әулиелер кімдер деген тақырыпқа сәл-пәл тоқталып өтсек дейміз.

Қазақтан шыққан әулиелер дегенде ең алдымен ауызға Бабай Түкті Шашты Әзіз ілінеді. Ол кісі қазақ жеріне ислам діні енді келіп тарап жатқан сонау 8-9-ғасырларда өмір сүрген, осы дінді дәріптеуші, таратушы «Ысқақ бабтың досы, жолдасы, үзеңгілес серігі, көмекшісі ретінде халық санасына сіңді». (Жарылқасын БОРАНБАЙ). Бұдан 2 мың-3 мың жыл бұрын-ақ бүкіл әлемді жаратушы құдірет біреу ғана екенін танып-біле алған санаулы ғана ұлттың бірі болған, оны Тәңірі деп атаған дана қазақтың ата-бабасын сол себепті де ислам дініне өзгелердей күштеп кіргізудің онша қажеттігі болмай қалды. Сондықтан да қазақ жерінде діни соғыс орын алды деген аңыз да болса деректер жоқ, есесіне мәмілегер, ғұлама діндарлардың есімі де, мазары да жақсы сақталып қалған.

Екінші ауызға ілінер есім – Қарабура. Қарабура түріктің, дұрысы сол заманда-ақ ұлы күшке айналған «қас сақ» деген (теңдессіз білімдар Әлкей Марғұлан болжамы, оған біз де қосыламыз), яғни қазақ деген халықтың тұтас бір үлкен тайпасының көзі тірісінде көсемі, кейін аузындағы ұранына айналған дара тұлға. Ол Қожа Ахмет Яссауимен тұстас өмір сүрген, оның дін жолындағы ізгілікті еңбегіне шексіз көмек көрсетіп, сол үшін «хазіреттердің сұлтаны» атанған адам «менің сүйегімді арулап жуып қоятын Қарабура болсын» деген өсиет қалдырған.

Үшінші есім – пір Бекет. «Пірдің соңы – Бекет» атанған. Неге? Себебі, біріншіден, «ақтабан шұбырындыдан» кейін үш жүзге ұлы хан сайлану іс жүзіне аспай қалды, ұлы ханмен бірге үш жүзге пір сайлау рәсімі де үзілді, екіншіден, ілімі мен білімі арқылы Бекет Атаның деңгейінде небір керемет көрсеткен жандар да азайды. Біздің қазақ кейде «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет» деп те ардақтап жатады. Адамзаттың асылы, Батыстың осы заманғы озық ойлыларының өзі «адам баласының тарихына ең үлкен бетбұрыс әкелген жан» деп бағалаған Пайғамбарымызға, Алланың елшісіне – Мұхаммедке, қала берді ислам дініне тұтас арна әкелген Яссауи теңегеніміз, әрине, дұрыс емес. Дұрысы - ардақтағаны. Одан да дұрысы – бұдан гөрі кеңірек, бұдан гөрі тереңірек ардақтауымыз.

Осы жерде «онсыз да Алладан емес, әулиеден тілеушілер, соларға табынушылар мен сыйынушылар көп, мынадай ұсыныс-тілек осы теріс үрдісті одан бетер өршітіп жібереді» деген уәж айтылуы мүмкін. Олар өз сөзінің дәлелі ретінде «Үмбетей жырау былай деп жырламап па еді?» деуі де мүмкін. Шынында да, жырау не дейді?

«Анау бір жылы аттанған,

Ғаскерді қырғыз қырғанда,

Ол хабарды ел біліп,

Көп батырмен сен жүріп,

Көзіңнің жасын көл қылып,

Қырылған ғаскер басының,

Қасына барып тұрғанда,

Ақ боз атты шалғанда,

Мойныңа кісе салғанда,

Бабай Түкті Шашты Әзіз,

Сауап бата алғанда,

Тілеуің қабыл болғанда,

Басыңа қыдыр қонғанда,

Ұмыттың ба соны, Абылай?!»

Абылай сонда жәрдем-медетті әулиеден сұрап тұр ма? Жоқ! Олай десек қатты жаңылысамыз. Солай деп ойлап жаңылысып та жүрміз. Әулие өзі ешнәрсе бізге бере алмайды. Әулие дегеніміз кім? Әулие дегеніміз күнәдан пәк кіршіксіз тазалығы үшін, елге деген, дінге деген ықылас-ниеті үшін Алла-тағаланың құдіретімен қарапайым адам дәрежесінен көтеріліп, адам мен Алланың арасындағы дәнекер көпірге айналған жандар. Әулиелер, олардың атасы саналатын Қызыр (ғ.а.) жайында қасиетті Құранда да айтылады. («Қаһф» сүресі, 61-81 аяттар). Адам баласының сұрағанын берерлік өздерінің құдырет-күші жоқ болғандықтан олар біз үшін Алла-тағаладан сұрайды, біз үшін өтініш жасайды. Істің мәні шынында да дәл сондай екендігін ескерту үшін, адам баласы пенде болғандықтан жоғарыдағы айтылып өткендей жаңылысушылыққа жол беріп алмауы үшін жазылғанына 1000 жыл болған «Алпамыс батыр» жырында бұл жөнінде өте жақсы айтылып кеткен. Байбөрі мен бәйбішесі Аналық бір перзентке зар болып әулие аралап кетпейтін бе еді?

«...Әзіреті Қаратау,

Әулиенің кені еді.

Өзен сайын тастамай,

Бәріне бір-бір түнеді.

Осымен өтті тоқсан күн,

Ешбір аян бермеді.

Күдер үзіп бәрінен,

Одан әрмен жөнеді».

Олар осыдан кейін Жылыбұлақ деген жерге келеді. Шеңгелі маңдайына иіліп кеп қадалып жібермегенен кейін бір кереметі барын біліп, екеуі сонда түнейді.

Сарғайып таң атқанда,

Көк есегі астында,

Ақ сәлдесі басында,

Сырлы асасы қолында,

Өзі Хақтың жолында,

Бір диуана келді де,

Асамен түртіп оятты.

«Ей, бишара, мүгедек!

Жаныңызға не керек?

Дейсің ғой «маған ұл керек!»

Әулиені қыдырдың,

Жердің жүзін сыдырдың,

Маңдайыңды төбелеп.

Әрқайсысының әртүрлі,

Мәртебесі әр бөлек.

Сен үшін бәрі қиналды,

Бір жерге тегіс жиналды,

«Бір ұл бер» деп «осыған!»,

Бір жаратқан Құданың,

Тура өзіне жылады.

Мен де тұрдым ішінде...

Жаратушы жалғыз Хақ,

Дәргейіне ұнады.

Ұнағанын содан біл,

Бір қосып сыйлады.

Сексен сегіз серулер,

Тоқсан тоғыз мың машайық,

Бәрінің көңілін қимады.

Менің атым – Шашты Әзіз,

Қыламын десең ықылас,

Жарылқады Жаратқан,

Ей, бишара, көзіңді аш!

Ұлыңның аты – Алпамыс,

Қызыңның аты – Қарлығаш.

Атса мылтық - өтпейді,

Шапса қылыш – кеспейді,

Қалмақтармен болар қас.

Түрегел де қолың жай,

Болады өзі өмір жас!»

Міне, мәселе осында! Байбөрі мен Аналық әруағын тербеген барлық әулие бір жерге жиналып, жандары қиналып, Раббысынан адам үшін тілек етіп сұрап тұр! Біз жаңылысып «әулиеден сұрадық, бізге әулие берді» деп ойлаймыз. Және жөнді-жөнсіз, орынды-орынсыз әулиелерді мазалай бергеніміздің өзі дұрыс емес екенінің де байыбына жетпейміз. Біздің бала кезімізде Дәу-ата атанған Қартабай, оның немере інісі Болсынбай секілді қара суды теріс ағызар аталарымыз әңгіменің үстінде «айналайын аруақтар, орынсыз тербетсек кешіре көріңдер» деп қайта-қайта айтып отырушы еді. Біз болсақ, әсіресе адай ағайындар орнынан көтеріліп тұра алмай қалса да «Иә, пірім, Бекет!» деп жатқаны. Әулиенің атын адам қысылғанда, жаны мұрнының ұшына келгенде ғана, немесе бір перзенттің зары секілді таршылық яки тұтқынға түсіп қорлық көргенде ғана аузына алған абзал болмақ. Онда да «бере көр!» демей «жәрдем, ықпал ете көр!» деген ғана жөн.

Екінші жағынан, біздің сол әулиелердің өзін ардақтауымыз әлі де жеткіліксіз. Мүлдем жеткіліксіз! Ол бұл өмірде батыр болып өтті ме, би болып немесе ақын яки қолбасшы болып өтті ме, бәрібір, өмірден өткенен кейін олар әулиеге айналды, оларды ардақтау, әлпештеу, құрметтеу, кие тұту – біздің борышымыз бен міндетіміз.

«Сол кезде ел қорғаған Абылайдың,

Қанша тәу етсең де аз моласына!» деп (Абылайдың жеке моласы да жоқ!) қазақтың маңдайына сыймай кеткен Мағжан Жұмабаев жырлағандай, бізге ұлтымыздың ұйысуы үшін «түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған», «қызыл қанын төккен, қара терін ағызған» (Күлтегін жазуы) бұрынғы өткен батырларымыздың, билеріміздің, хандарымыздың, данышпандарымыздың, әулие-әнбиелерімізідң басына барып қанша мал сойсақ та, қанша құран оқысақ та аз. Өйткені, біздің шындап келгенде олар үшін бұдан басқа қолымыздан келер ешнәрсеміз де жоқ, «Тірі – малға, өлі – құранға тоймайды» дейді дана қазақ. Біз бәріміз Алла-тағаладан сол «елім!» деп еңіреп өткен ерлердің, өздерінің ешқашан өлмейтін рухымен бізді желеп-жебеп жүргендігі үшін жаратушы Жаппар Иеден «аруақтарға шапағатыңды төге көр, бізге солардың жолын бере көр, біздің бойымызға да солардың түпсіз терең білімін, бір өзі мыңға қарсы шапқан күш-қуатын, елі үшін отқа да, суға түскен көзсіз ерлігін, ары мен жанының, қолы мен жүзінің кіршіксіз тазалығын бере көр!» деп бар жан-тәнімізбен, адал жүрегімізбен тілегенімізден абзал тірлік жоқ. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» дейді, біздің көзіміз ашық болғанмен көкірегіміз бітеу, соны оятайық. «Адамның көңілі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі» демейтін бе еді Абай. Сол мақсатта қызмет етіп жүрген әрбір азаматтың өзі мақтау-мадақтауға лайық! Сонау Маңғыстаудағы Қырымбек Көшербаев бастаған әкім-қараларға, атыраулық Төкен Жұмағұлов, жаңаөзендік Майлыбай Өтебаев, Шамалғанда Тама Есет батырдың атында мешіт ашқан Хайролла Ғабжәлилов секілді кәсіпкерлерге, Өмірзақ Озғанбаев тәрізді ғалымдарға, заңгер Бекет Тұрғараев мұрындық болып Бекет Атаның тағы бір тойын Шымкентте өткізіп жатқан ел ағаларының деніне саулық, басына байлық тілейік, аты аталғаны бар, аталмағаны бар, олардың барлығы да «халқымның отын көп жақтым, кәне, қолымның қарасы? Халқымның жүгін көп арттым, кәне, арқамның жарасы?» деген өзі батыр, өзі шешен Сырым бабамыздай елі үшін қабырғалары қайыспай қызмет ете берсін, оларды қолдайтын-қуаттайтын әріптестері, соңынан еретін ізбасарлары көбейе берсін, сонда ғана еліміз жарыққа шығады демекпіз.

Өмірзақ АҚЖІГІТ