СОҚЫРЛАР

0
1317

(ӘҢГІМЕ)

Жұрт не болғанын өздері де білмейді. Күннің көзін бұлт торлап қарауытып тұрғандай болып еді. Кенет бар әлемді қап-қара түнек басты. Көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнады.

Жоқ, жұрт қате ойлапты. Қараңғылық емес, бүкіл жұрттың көзі түк көрмейтін су қараңғы болған, халық өздерінің соқыр болғанын кеш сезінді.

Үйлеріне сипалап кіріп, сипалап шығып жүрді. Амалсыздан радио-теледидардың құлағын бұрады. Естімегір құлақтары не естіді дейсіз ғой. Барлығы:

– Бүкіл адамзат әлемі соқырлық күй кешті. Біз енді тек қана радио толқындары арқылы ғана хабарласа аламыз. Бірақ, техника көздері үзіліп кетсе, оны жасауға дәрменіміз жоқ, – дейді.

Не керек, жұрт, соқырлықпен өмір өткізуге де үйрене бастады. Көз көрмесе құлақтың сақтығы да күшейеді екен. Соқырлардың пысықтары көшелерге шығып машина жүргізуге дейін тырысып бақты. Ондайда бір машинаға төрт адам мінгесті. Біреуі рөлге отырса, оның қасындағы қолына ұзын құрық алып оң-солы мен арт жағын түрткілеп байқайды. Бірақ мұның нәтижесі де оң болмады. Пысық соқырлар көбейе келе, көшелердің қақтықысы жиілеп, жол апаттары жүз берді. Жол бақылаушы қызметкерлер кернайлардан айқайлап:

– Өңкей соқырлар, көшені былықтырдыңдар. Мүбәда көзіміз ашыла қалса, бәріңді қойша көгендеп түрмеге тыға­мын, – деп байбалам салды. Оны тыңдайтын жұрт қай­да? «Басқаның көзі ашылса да, сендердің көздерің мәңгі ашылмай қалсын», – деп қарға­нады. Көлік соқтығысында жараланғандарды ащы дауыстарынан айырып сипалаған әлде біреулер:

– Ойбай құтқарыңдар, қан, қан ағып жатыр. Жедел жәрдем шақырыңдар! – деп зар илейді.

Телефонды сипалап, жедел жәрдем шақырушылар да болды. Олардың естігені:

– Сендерді құтқармақ түгілі, бүкіл дәрігерлер өз көзімізді сақайта алмай жатырмыз, – деген сөз болды.

Оған наразы болғандар:

– Көздерің ашық күнде де жырғатқандарың белгілі болатын. Өздеріңе де сол керек, – деп табалап жатыр.

Мұнан да сорақысы енді шықты.

– Ойбай, өлгендерді ит жеп жатыр екен…

– Иттердің көзі бар сияқты.

– Менің итім қайда? Га, га, келе ғой.

– Ақ күшігім, ақ күшігім көзің бар болса бізді құтқара көр.

Міне сұмдық! Иттер сөйлеп жатыр:

– Әрине, біздің көзіміз бар. Көзі жоқтар сендер – адам ғанасыңдар. Адамнан басқаның бәрінің көзі бар.

Осы кезде тағы біреу бақырып жіберді.

– Ойбай, көзім-ай, көзімді қарға ма бірдеме шоқып жатыр. Төбеме қонып алыпты. Желкеме саңғырып жіберді. Маған көз керек, көз керек. Құтқарыңдар, құтқарыңдар!

– Әне – деді әлгі ит сөзін жалғастырып, – сендер жер бетінің қожасы өзіміз ғанамыз деп өздеріңнен басқа жан иелерін мүлдем ұмытқансыңдар. Енді олар сендерден кек алады. Бұл алғашқы жорықтың басталғаны ғана. Көресісін алда көресіңдер.

– Ойбай, қолымды мысық па бірдеме тістелеп жатыр! – тағы біреудің шошына бақырғаны естіледі.

– Мыш, мыш, мияу-мияу, мысығым, мені үйге ертіп апара көрсеңші.

Төменнен мысықтың мияуына қосылып, сөйлегені білінді:

– Біз сендерге көмектесе алмаймыз. Сендер қаншама ғасыр бір-бірімізді жауластырдыңдар. Соның әсерінен біз тышқан бауырларымызды қан қақсатып келдік. Енді олар еркіндік алады. Біз сендердің башбайларыңды кеміріп күн көреміз.

– Неткен жауыздық! – деп айқайлады адамдар, – өзіміз бағып-қағып, бауырымызға тартқан ит пен мысықтың істегені мынау – қолымызға сойыл алып, оларды жазалайық! Мә, ендеше!

– Ойбай-ай, ойбай, ой ақымақ сен итті ұрамын деп мені ұрып жатырсың. Өлтіретін болды, мына соқыр!

– Соқыр болсаң өзің соқырсың. Саған да сол керек.

– Мә, ендеше таяқтың дәмін сен де татып көр.

Адамдар бірімен-бірі қыр­қысты. Иттер мен мысықтардың мысқыл күлкісі естіледі:

– Мыналарда көз жоқ болса бізден де бетер сұм екен ғой. Қарашы қылықтарын бірін-бірі өлтіре соғып жатыр.

– Бұлар әлемдегі ең ақылды өзіміз деуші еді. Шын мәнінде жер бетіндегі ең ақымақтар осылар. Олар көзі барда басқа жан иелерін аялағанды қойып, өздерін аямаған. Жердің бетін сызықтармен бөліп алып, өзара қырқысып, өз бауырларын өздері қынадай қырды ғой, көзі барда соны істеген бұл мақұлықтар енді соқырлық күймен не істемесін?! Қызықтың көкесі әлі алда. Бірнеше ақылды иттер хайуанаттар бақшасын ашуға кетті. Аздан кейін қаланың ішін арыстан, аю, жолбарыстар жаулап алады. Олар ендігі жерде бір-біріне тиіспейді. Тек қана адамның етімен қоректенеді. Екі аяқты малғұндардың өнерін сонда көрейік.

– Ойбай, милицияға хабар­лаңдар! – адамдардың ащы айғайы естілді.

– Милиция деуін. Мили­цияның еті жұмсақ, тәтті болады екен. Елдің зарын тыңдамайтын майлы құлақтарын тышқандар кеміріп жатыр.

– Хайуанаттар бақшасын ашса, бәрімізді құртады ғой. Тауға қарай қашайық.

– Тау, тау. Сендердің аңшылық арамдықтарыңнан тұқымы тұздай құруға айналған аю, қабылан, қасқырлар енді етекке түсіп жатыр. Оларға да азық керек. Тауға қарай қашсаңдар сауап болатын еді ғой.

Адамдардың ішіндегі пысы­қай соқырлар әуелде жан бағу харекетін жасаймыз деп ойлаған. Ал мына сұмдықты естіген соң әркім өз үйлерін тауып, сонда тығылуға ұмтылды. Өз үйін тапқандар өте аз еді. Көбі адасып бірінің үйіне бірі кіріп ұлар-шу болды.

– Есікті қағып тұрған кім?

– Мен ғой, менмін. Ашыңыз, кім болсаңыз да аша көріңіз. Хайуанаттар жеп кетпесін.

– Үйде еркек жоқ. Бөтен еркекті қалай кіргіземін. Күйеуім келген соң өлтіреді ғой.

– Ойбай, не деп тұрсыз. Күйеуіңізді ит жеп кеткен шығар. Енді маған да зар боласыз?

– Аузың не деген жаман адамсың. Сол ит өзіңді жесін! Кіргізбеймін ендеше!

– Көзің бар болса менің сымбатты тұлғамды көріп өзің-ақ естен танар едің. Мына жау-жалам заманда не деп тұрғаныңды белгенің жөн еді ғой. Кіргізші тезден, аш есікті.

– Сендей қаңғыбасты кіргізіп жынды болды дейсің бе? Көзім бар болса, сені не қыламын? Өзімнің таныс әкімдеріммен-ақ жүре бермес пе едім.

– Саған әкім керек болса, бір ауданның білдей әкімімін. Мына Таудала ауданының әкімі Әбумін ғой.

– Ә, Әбу әкім сен бе едің! Онда өлем қап! Бүкіл жер мен үйді жалғыз өзің иелеп алып, халықты қан жылатып едің. Сол үйлерің мен жеріңді неге арқалап жүрмейсің? Соның біріне кірмей менің есігімде не ғып тұрсың? Алдыңа талай барғанымда жұмысымды бітіріп берудің орнына төменгі жағыма көзіңді сатып, көрпелес болуды қаламап па едің. Мен мақұлдығымды бермеген соң жұмыстан қуғызып едің ғой. Обалың өзіңе, ит жей ме, мысық жей ме маған бәрібір.

– Көзім ашыла қалып орныма қайта отырсам, көзіңе көк шы­бын үймелетермін бәлем. Жаңа ғана басқа бір әкіммен кө­ңіл­дестігіңді айтып қалдың ғой. Бәлем күйеуіңе айтып сазайыңды берермін. Бәлем сені ме…

– Ә, мына әкімді қараңдар, әкімдер қатты жұмыс істеп көрмеген ақ алақандар ғой, еті жұмсақ болады.

– Ойбай, құтырған иттер…

Әкімнің ащы үні шықты. Оны құтқарушы болған жоқ. Иттердің ырсылдағаны мен сүйек-шеміршектерді күтірлетіп қатты-қатты шайнап жатқаны білінді.

Осы кезде көше орталығынан арыстанның ақырғаны естілді. Арыстан болса аузын арандай ашып, әскери бөлімшенің алдында тұрған болатын.

– Ойбай арыстанның дауысы шығады. Атыңдар!

– Қане қай жақтан шықты, мен атайын.

– Генерал жараланды. Оқ атқан кім, бәлем көзіміз ашылса көресіңді көретін болсыңдар.

Генералдың ыңыранғаны естілді.

– Түге, арыстан жесе, жесін бірде-біреудің оқ шығаруына болмайды. Ойбай мұрныма сасық иіс келеді. Мына жүн аяқ кімдігі. Арыстанның тұяғы!

– Иә, мен арыстанымын. Сендерге бірінші келген себебім – сендер мені иен орманның арасынан ұстап алғансыңдар. Ата-анамды атып өлтіріп, мені қаншама жыл торға қамадыңдар. Енді жаза жорығын жасаймыз. Қарным әбден ашты. Сендердің сұмдықтарың сонша бізге берілуге тиісті күнделікті етті ұрлап оны бала-шағасына беріп жүрген қанша ақымақ бағушы бар. Бізге сүйегін тастап, қызыл етін өздері сылып алатын сол жемқорлардан есе қайтаратын кез келді. Қане қайсың семізсіңдер?

– Ойбай, солдаттар түгел арық. Солдаттар да хайуанаттар бақшасындағы өздерің сияқтымыз. Бізге бөлінетін еншіні езуімізден жырып алатын генералдар. Офицерлер мен генералдарды жей беріңіз?

– Кім ана тіл-жағына сүйенген. Бәлем, көзім ашылса, алдымен дәл сені атар едім. Ойбай арыстан мырза, тырнағыңыз батып барады… Менен де семіз министрлерді неге көрмедіңіз… Аяңыз жанымды, қасықтай қанымды қия көріңіз.

Жақыннан түлкілердің күлкісі естілді:

– Кеше ғана жаудан қорық­паймын, отанымды, елімді, же­рімді қорғаймын деп ант берген генералдарды көрдіңдер ме. Арыстан мырзаның аяғына жы­ғылып жатыр. Арыстан да оны жайдан жай өлтіре салғалы тұрған жоқ. Қаны тәтті сияқты. Алдымен жарадан шыққан қанды жалап тұрғанын қарашы?! Арыстан мырза тойып алсын. Бізге іш майының өзі-ақ жетеді. Айтпақшы, қасқырлар қайда кеткен?

– Қасқырлар Үкімет үйіне кетті!

– Ә, олардың аяғы жеңіл, жүгіріске мықты. Басқаларымыз қара халықпен айналысқанда нақ майдың көкесін солар көреді десеңші. Жүр, біз де солай барып келейікші. Әскерилерге қарағанда үкімет кеңсесінде өтірік күліп отыратындардың еті дәмді болады.

Көп өтпей Үкімет үйі жақтан шу шықты.

– Ойбай мен арықпын. Анау семіз. Алдымен ананы жесеңші. Бізде түк жоқ. Бәрін басқарып жіліктің майлы басын ұстап отырған қаржы полициясы мен салық комитеті. Солардың іші майлы, еті жұмсақ болады.

– Жоқ, үкімет үстелінде отырғандардың арығы жоқ.

– Кеше ғана миллион соманы қылғып алған ананың сүбесі қалың…

– Май шелпектің үлкені мұнайдың құлағын ұстаушы­ларда…

– Үй басқармасы мен жер комитетіне барыңдар. Бүкіл қазақтың қанын ішіп, сорпасына семіріп отырған солар.

– Банк бастықтары аппақ май болады. Соларды алдымен жеңдер.

Қасқырлар қарқ-қарқ күледі:

– Кеше ғана түйені түгімен, биені бүгімен жұтып жүріп, бізді «жауыз, жыртқыш»-қа балаған сұмдардың қылығын қарашы, жандары мұрнының ұшына келгенде бірін-бірі ұстап бермекші. Кенеттен көздері жарқырай қалса бұл шіркіндер бір-біріне қарай алар ма екен деші…

Осылайша бүкіл қала қан сасыды. Көшелер адам сүйегіне толды. Жан-жануарлардың тойы таңнан-таңға ұласты.

Тірі қалғандар үйлерге қама­лып алып ақыл құрады.

– Алланы ұмытып едік, енді соның жазасын тартып жатырмыз.

– Бізді кім құтқарады?

– Жаңа туатын нәресте ғана құтқара алады.

– Екіқабат әйел бар ма?

– Бар. Мынау келіншек екіқабат екен,

– Ол өзі таза ма екен. Дәреті бар ма?

– Таза-пазасын кім біледі. Соның тууын күтейік. Мүмкін жаңа туған баланың көзі бар болар. Барлығымызды сол құтқарар.

Сөйткен жұрт ақыры сәби үнін де естіді. Ол жылап туған жоқ. Сөйлеп туды.

– Менің көзім бар, – деді ол.

Жұрт қатты қуанды.

– Біздің қасіретімізді жеңілдетер бір ұл туды. Көрдің бе, оның ерекше жаралғанын, туа салып сөйледі. Бізді осы бала ғана құтқарады, енді барлығымыз соның есеюін тілейік. Оған жер бастырмай төбемізге көтеріп өсірейік, – десті.

Бірақ олар жаңа туылған нәрестенің маңдайына біткен жалғыз ғана көзі бар екенін білмейтін еді.

Жади ШАКЕН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз