КЕЛІМБЕТОВ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНА ҚОЛ САЛДЫ
2015 ж. 25 қазан
2740
2
Жұрттың жылдар бойы тірнектеп жиған зейнетақы қорындағы миллиардттаған қаржы қайтып келу-келмесі белгісіз несиеге берілмекші.
Қаржы бірінші кезекте коммерциялық банктерге үлестірілетінге ұқсайды. Сөйтіп, бюджет кірісі 40 пайызға азайған Үкімет тұралай бастаған экономиканы әлдендірмек. Ұлттық банк әлемдегі мұнай бағасының құлдырауынан болған дағдарысқа қарсы тұруға зейнеткерлердің қалтасына түсуінен басқа жол таппағандай. Әншейінде Келімбетовты жағадан алатын депутаттар бұл жолы неге екенін үнсіз қалды. «Қуа берсең қоян да батыр болады» демекші, депутаттардың «дүресіне» еті өліп кеткен Ұлттық банк төрағасы дағдарыс кезіндегі қаржылық қиындықтарды қарапайым адамдардың есебінен шешпек ниетте екенін халық қалаулыларынан қорықпай, ашық білдірді.
Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы:
– Үкіметпен бірлесіп экономиканы несиемен қамту мәселесін қарастырып жатырмыз. Биыл, келесі жылы Біріңғай зейнетақы қорынан алынған қыруар қаржы банк, тұрғын үй құрылысына және басқа да секторларға жұмсалуы мүмкін.
Бірақ, бас банкир қордан нақты қанша қаржы несиеге берілетінін ашып айтпады. Бұған қарап, ертеңгі күні жұмыстан кеткен зейнеткерлер мүлдем ақшасыз қалуы мүмкін екендігін аңғаруға болады. Өйткені банктердің барлығы бірдей сенімді деп айту қиын. Әлде бас банкир теңгені тағы да бір «еркіндікке» жіберіп, несие алған банктерді жарылқамақшы ма? Бұл мәселенің қай қырынан қарасақ та, айналып келгенде салмақтың бәрі қатардағы қарапайым халықтың иығына түсетіні көрініп тұр. Сонда билік пен банктер не үшін керек деге заңды сұрақ туындайды емес пе? Банктің ешқашан ұтылмасы баяғыдан белгілі. Валюта бағамының құбылуынан-ақ қыруар қаржы тауып жатқан бұл банктер Келімбетовты өмірінде ұмытпайтын шығар. Халық есебінен ақша табуға келгенде тәжірибесі мол бас банкир жұрттың жылдар бойы тірнектеп жиған теңгесін банктерге таратып берген соң оны кімнің қайтаратынын да жауапсыз қалдырды. Үкіметтің бұл бастамасы немен аяқталады екен? Айтпақшы, депутаттардың «дүресінен» аман-есен құтылып, Мәжіліс залынан қуанышты шыққан Келімбетов сыртта күтіп тұрған журналистерге «Мұнай бағасы 4-5 жылда көтеріліп, теңгеміз де тұрақталады» деп көріпкелдік те білдіріп қойды. Көтеріңкі көңіл-күй не дегізбейді десеңізші. Бірақ, бас банкирден бірнеше алданған жұрт бұған сене қоюы екіталай...
Зейнолла АБАЖАНОВ,
"Қазақ үні" газеті