ДАҒДАРЫС ДОСАЕВҚА ЖЕТПЕПТІ
2015 ж. 25 қазан
2079
1
Әлемдік дағдарыстан бүкіл дүниежүзі дүрлігіп жатса да, ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев оны әлі де сезінбеген сияқты. Елбасымыздың өзі әрбір теңгені үнемдеңдер деп қайта-қайта қадап айтқанымен, біздің министрлердің жағасы жайлауда, төбесі қыстауда.
Министр Досаев тағы да депутаттардың алдына алақан жайып келді. Экономика министрі бұл жолы тұрғындарды бизнеске үйрету үшін халықаралық ұйымдардан 40 млн. доллар қарыз алайық деп өтінді. Мұны естіген депутаттардың біразы өз құлақтарына өздері сенбей, кейбірі тіпті есеңгіреп қалды.
– Бүгінгі осындай қиын жағдайда осыған баруға бола ма? Жол салуға, мектеп салуға, амал жоқ, алсақ, бұл қажет. Ал, біреулерді оқытуға қарыз алу қажет пе? - деді елден бұрын есін жинаған депутат Розақұл Халмұрадов. «Ораза, намаз – тоқтықта» дегендей, шынында министрдің мұнысы буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей болды. Жиырма бес жылда еске алмаған бұл неғылған оқу? Оқытудан кенде емеспіз, тіпті мақтаулы деген шетелдерге де шығарып білім бердік. Содан тапқан пайдамыз қайда? Бұл әдеттегідей ақша шашудың бір амалы. Сол арқылы кейбіреулер өз қалталарын қалыңдатып қалатыны да құпия емес. Осыны жақсы түсінген депутат Нұртай Сабильянов та қарап қалмады.
– Болашақта министрліктер жалпы қарыз алуды тоқтату керек. Ұрламау керек бюджеттегі ақшаны, өз мүддесіне жұмсамау керек. Сонда бәрі жететін болады бізде. Министрліктерде ар-намыс деген болу керек қой, - деді әрқашан әңгіменің ашығын айтатын халық қалаулысы.
Осылайша сырттан қарыз алуға қарсылық білдіріп, депутаттар біраз қызыл кеңірдек болғанымен соңында заң жобасын тағы да әдеттегідей бекітіп берді. Біздіңше министрлер біздің депутаттардың кеңпейіл, мейірімді мінезіне әбден үйреніп алған. Олар депутаттарды ұрсып-ұрсып балмұздақ алуға бәрібір ақша беретін әкесі секілді есептейтін болуы керек.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті