ҚАЗАҚСТАНДЫ «ИНСУЛЬТИЗМ» ЕЛЕСІ КЕЗІП ЖYР...
2010 ж. 19 қазан
1738
1
Сап-сау боп шыққан Сарыбай сауықтыру орталығын ашты...
«Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүр» деп басталатын Карл Маркстың әйгілі кітабы. Сол секілді бүгінде Қазақстанды инсультизм торлап жүргендей әсер калдырады. Таңертен ұйқыдан оянғанда «қай министрдің миына қан құйылып, қай шенеунік тұтқындалды екен?» деген қауіппен тұратын болдық. Содан соң ол инсульт пен тұтқындалғандардың қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін біле алмай тағы да дал боламыз.
Таяуда Бас прокурор Қайрат Мәми мен бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеев орнынан түсіп, үйқамақта отыр деген ақпарат тарады. Бұндай сөз бұдан да бұрын бір шығып басылған еді. Онда Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековті де қосақтап жіберген болатын... Жоғарғы сотыңызды айтасыз, 6 қазан күні ресейлік lenta.ru сайты тіпті қыза келе «Қазақстан Президенті отставкаға кететінін мәлімдеді» деп соғып жіберді. Бірақ, естерін тез жинап, артынша бұның жалған ақпарат екенін, бұған өздерінің түк қатысы жоқ екендіктерін айтып ақталды.
Бұлардың бәрі бос сөз болып шықса, енді елді ерекше шулатқан екі оқиғаға тоқталайық.
Алдымен Президенттің іс басқарушысы туралы. Сарыбай Қалмырзаев Сарыағашта демалып жатқан жерінде инсульт алып, Еуропа елдерінің біріне емделуге кетті деген сөз КазТАГ - тан шығып, Қазақстанға жедел тарады... Ел іші «южандар көсемі» мұндай халге түссе, әлгі Президентке қарсы ұйымдасқан әрекет болыпты деген жел сөздің рас болғаны ғой» деп гулеп кетті. Артынша Қалмырзаевтың орынбасары Абай Бейсембаев бастығының Германияда дәрігерлік тексеруден өтуге кеткенін, 12 қазанда жұмысқа түсетінін мәлімдеді. Бұған біреу сеніп, біреу сенбеді... Бірақ бәрі де жаңа жылдың түнгі 12-сін күткендей 12 қазанды күтті...
Ал 12 қазан күні сейсенбіде сап-сау Сарыбай Қалмырзаев «Алматы » сауықтыру орталығын ашу салтанатына қатысты. Түріне қарасаң, шынында миына қан құйылып құлаған адамға ұқсай қоймайды. Сауықтыру орталығының ашылуы таң емес, оған Сарыбай Қалмырзаевтың қатысатындығы үлкен жаңалық болып, баспасөз мәслихатына жұрт симай кетті. Басқалардың бәрі жайына қалып, жарты сағат кешігіп келген Қалмырзаевқа сұрақ қарша борады. Үнемі басалқалы көрініп, баспасөзден алыс жүретін Президенттің іс басқарушысының осынша сұраққа тәптіштей жауап қайтарып, ашылған кезі осы болса керек.
- Германияда жоспарлы дәрігерлік тексеруден өтіп келдім. Мен туралы түрлі алып-қашпа ақпарат таратқандар менің Президенттің жанында жүргенімді көре алмайтындар. Шымкентте де, Таразда да Елбасының қасында еріп жүрдім. Ал бұл біреулерге ұнамауы мүмкін... - деді ол.
Ия, Қалмырзаев туралы жақсы білетіндер оның Елбасыға барынша берілгендігін, бөтен ойы болуы мүмкін еместігін жазып жатыр...
Денсаулық сақтау министрі Досқалиевтің оқиғасына Қалмырзаев қатысы жоқтығын мәлімдеді. «2004 жылы мен Қаржы полициясын басқаруға келгенде Досқалиев деген адамның бар екенін де білмейтінмін» - деп сілтеп жіберді Сарыбай Сұлтанұлы. 2004 жылы Жақсылық Досқалиевтің Денсаулық сақтау министрі болғанын ескерсек, министрді де танымайтын Қалмырзаевтың қандай мықты болғанын біле беріңіз.
Ал, «оңтүстіктер» мен «батыстықтар» тартысы туралы оқиғаны ойдан шығарылған, елдің көңілін басқа жаққа аударуды ойлаған күштердің іс-әрекеті деп бағалады. Өз сөзін дәлелдеу үшін ол кісі қыза келе 90-шы жылдардағы бір оқиғаға тоқталды:
- Тоқсаныншы жылдардың басында қазіргі оппозицияның пір тұтып жүрген марқұм болған жетекшісі маған келіп, өзіне ұнамайтын бір саясаткерді қаралау үшін оны «голубой» деп сөз таратайық деді. Мен оған қазақтарды олай атауға болмайтынын ескерттім. «Ол ақталамын дегенше, сөз ел ішіне жайылып кетеді ғой» деп қоймаған оған: «Оның отбасы, бала-шағасы, ағайын-туысы бар емес пе?» деп жауап бердім», - деп ақтарылды Президенттің іс басқарушысы.
Ол сонымен қатар денсаулығына күмән келтірген журналистерді футбол ойнауға шақырды.
Денсаулық министрінің денсаулығы қауіпті... емес екен...
Мәжіліс депутаты болып жүрген жерінен Елбасы екінші рет Денсаулық сақтау министрі етіп тағайындаған, тап-тұйнақтай болып қызметін жақсы атқарып жүретін Жақсылық Досқалиевтің жағдайы бір-ақ сағатта жақсы болмай шықты...
Министрдің кабинетіне кіріп келген Қаржы полициясы тергеушілерінің тегеурінді сұрақтарынан кейін сұлап түскен оның миына қан құйылып, аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Сол кезде-ақ Қаржы полициясы «оның инсульт ауруы - өтірік» деген мәлімдеме жасаған еді. Бұл кезде Мәжіліс депутаттары бұрынғы әріптестеріне араша түсіп, премьерге сауал жолдады.
Ел ішінде Досқалиев жасырын ұйымдасушылардың сырын жайып салмақшы болған, сондықтан ол осындай жағдайға душар болып отыр деген әңгіме тарады. Әлгі «оңтүстік» пен «батыстықтар» арасындағы тартыс деген алып-қашпа әңгіме осы кезде отқа май құйғандай гулей түсті.
Осы аралықта «Нұр Отан» партиясы этикаға жатпайтын әрекетке барып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған каррикатура конкурсында «Врач в законе» деген картинаға бас бәйгені байлап беріп, онысын жарыса жарнамалап жатты. Сол кезде әл үстінде жатқан министрді әжуалау, құдыққа құлаған құланның құлағында ойнау емес пе еді. Өздерінің партияласын - Нұр Отанның орталық кеңес мүшесін сот үкімі шықпай жатып, «жемқор» деп масқаралау кімге керек болды екен?
Апта басында, 11 қазан күні бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев «Ресейлік тәуелсіз дәрігерлер де тексерді. Досқалиевтің инсульт алғаны өтірік» деп мәлімдегенде, айран-асыр болғанымыз рас. Денсаулық сақтау министрінің өз денсаулығы туралы жалғандыққа барып, жанталасуының артында не жатыр екен? Еліміздің бірінші дәрігері Гиппократ антын бұзып жатса, қалған дәрігерлерден не сұрауға болады?
Жалпы қоғамда Жақсылық Досқалиев туралы бұрын жағымды пікір қалыптасқан еді. Енді бұдан соң ел не ойлайды? Ал, экс-министрдің қорғаушысы Роберт Шмаль болса, «дәрігерлер Досқалиевті тағы да тексеріп, миын томографиядан өткізді. Олар науқастың шынымен де инсультпен ауыратынын растады» деді. Сонда біз кімге сенеміз? Бас прокуратураға ма, әлде адвокатқа ма?
Осы аралықта Астананың Сарыарқа аудандық соты Қаржы полициясының сұрауы бойынша экс-министр Ж.Досқалиевті қамауда ұстаудың мерзімін екі айға ұзартты... Енді осы уақытта Досқалиевтің айыбы дәлелдену керек, немесе ол ақталуы тиіс.
Сонымен Қазақстандағы соңғы оқиғалар тізбегі осындай. «Неғып осы той болса, ылғи біздің ауылдың жігіттері таяқ жей береді?» деп күйінген шалдың (Дулат Исабеков) күйіне түссек, біздің министрлердің сауы азайып барады ғой өзі... Жақсыбек Құлекеев, Серік Бүркітбаев, Нұрлан Ысқақов, Жақсылық Досқалиев, енді тағы кім?.. Бұл тек ә дегенде ауызға түскен есімдер ғана...
Жақсылық, Жақсыбек секілді жақсы деп жүрген министрлеріміз әшкере болып, тұтқындалып жатқанда, «апырай, бұл жансақтық шығар» деп жамандыққа қимайтынымыз бар. Ал, елдің бәрі білетін, «ұсталмаған – ұры емес» деп ұрып жүрген, ұрттары май мен қанға толып, ел қазынасын емін-еркін миллиардтап тонап жүрген шынжыр балақ, шұбар төс шенеуніктер шынжырланып жатса, «е, бәсе!» дер едік...
Сонда біздің Қазақстанда сау шенеунік қалмаған ба? Осындай оқиғалардан соң «кез-келгеніңді қолдарыңнан жетектеп сотқа сүйреп апара аламын» деген Президентіміздің көрегендігіне таң қалмасқа шараң жоқ...
Аман жатып, сау тұрайық, ағайын!
Қазыбек ИСА