Жұлдызды жырау, қарымды қайраткер

d0bad0b0d0b1d0b0d0bd-d0b6d18bd180d0b0d183

«Ұстазы Сүйінбайдың

Қабан жырау»

Кенен Әзірбаев

Байыпты саралап қарар болсақ, арғы тегіміз, түп-тұқиянымыздың тарихы бай да базарлы. Қазіргі идеологиялық қолшоқпарға айналмайтын мамандардың пікіріне қонақ берсек, арғы тарихымыз тіпті қырық-алпыс мыңжылдықтардың қойнауына кетеді. Адамзаттық алғашқы өркениеттің алтын бесігінде тұрғандығымызды мақтан тұтамыз. Тұңғыш президентіміз, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың сүбелі тарихында қазақ ұялатын ешнәрсе жоқтығын әркез қадап айтып келеді. Және бір лебізінде Елбасымыз: «Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек» – деп екпінді атап өтті. Шүкір дейміз, әсіресе Азаттық алғалы бергі уақытта өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күйге бөлендік. Алты алаштың небір ардақтыларының қатарында Қабан жырау, батырдың да есімі одан әрі жаңғырды. Ұрпақтың жадына бұрынғыдан да ұялай түсті, жүректерде жатталды. Біз осы арада қандай басшылық қызметте жүрмесін ата дәстүрді аялап, ел ардақтыларының есімдерін ұлықтауға үлкен қамқорлық көрсетіп келе жатқан облысымыздың әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовке жұртшылықтың атынан ақ ниетті алғысымызды білдіреміз.

Өңірімізде Қадырғали Жалайыр, Ескелді, Балпық,Қабанбай, Сүйінбай, Мұхаметжан Тынышбаев сынды біртуар перзенттермен қатар Қабан жырауды ардақтау тұрғысында көптеген игілікті шаралар тындырылды. Сонау 1993 жылы Көксу ауданында бабамыздың 300 жылдығы жоғары деңгейде өз мәнімен, сәнімен өтті. Есімі үлкен ұжымға, шырайлы мектепке, көшелерге берілді, мүсіні сомдалды, мұражайы қамдалды, зерттеу кітаптары шығарылды, ескерткіші бой көтерді.

Қабан (Қабылиса) жырау қазақ халқы әдебиетінің ірі өкілі, жұлдызды жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің терең қатпарлы жалынды жыры, қара орман жұртшылықты сүттей ұйытар салмақты ойы, ұшқыр нақыл сөзі, қағи­дат­тарымен быты­раң­қылыққа ұшы­раған хал­қы­мызды бір тудың астына біріктіруге, Абы­лай сұлтанның абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосты. Түркістан төрінде Абылайды ақ боз атқа қондырып барша қазақтың ханы етіп сайлауға мұрындық болды. Алаштың ардақ туын көппен бірге желбіретті.

Ғасырлар бойына жаудың шетінде, желдің өтінде қылыштың жүзінде күй кешкен Жетісу жұртшылығының елдіктің аңсар арнасына түсіп, келер ұрпақтың қамын күйттеуіне сол дәуірдің тау бейнелі ерен тұлғаларымен бірге зор белсенділік танытты. Сырдың бойы, киелі Түркістан мен дулы Ташкент өңірінде қанат жайып, тұрақтанып қалған жалайырлардың басын қосып, бәтуаға келтірді. Төле бимен қатар дау шешіп, Бұқар жыраумен үзеңгі қағыстыра күй кешті, Абылаймен бір түменнің сапында жоңғарлармен шайқасты. Ата жаудың қолына да түсті. Рухын түсіріп, жігерін жасытпады. Елдіктің ұранын салды, замана тұрағын шалды. Дәуір желінің өкпеден өтіп, жанды жарақаттарын, бас біріктіріп, қолда барды базарламаса, анталаған жаудың аранында жұтылып кете беру қаупінің қай кездегіден де тажалды түрде тұрғандығын санаға құйды себелетіп.Сол себепті де ол:

Киік қайда ойнайды,

Тауда тарғын болмаса,

Балық қайда ойнайды,

Балдырлы суы болмаса,

Бұлғын қайда ойнайды,

Буалдыр сазы болмаса... – деп жүрегі қан жылап жырлай білді.

Қабылиса Асанұлының тоғыз толғам толғаулары мен өрнекті де өзекті өлең-дастандары, сондай-ақ арда болмысты айтыс үлгілері толымды әдебиетіміздің тұрлаулы мұрасы. Өз дәуірінің кемел ойының көкжиегін мейлінше шығандата кеңейте білген ол бүгінгі ұрпағымен де тонның ішкі бауындай үндесіп тұр.

Елім, жұртым сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар.

Бірлікті жерде ризық көп,

Ол адам елге тұрақтар.

Ауызбірлік бар жерде,

Жететұғын мұрат бар,

Осындай еркіңді баурап алар елдіктің сөзін кенен қалдырған бабамызды өлді деп қалай айтарсыз?!

Абылайдың ұлы Әділ төре Жетісу аймағын билеп тұрған мезгіл. Төрелер ұрпағының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс алып жатқан тұс. Оларға қарсы келудің өзі арыстанға айбат шегумен тең дүние. Әйтсе де, Әділ төре атағы алты алашқа мәшһүр Қабан жырауды айрықша құрметтесе керек. Тіпті, кейбір өзінің қисынсыз кетер шақтарында қаймығып та отырған. Солай екен деп Қабан жырау құлақ көтерген ұсақ-түйек шаруаларға бола ел ісіне араласа бермеген екен. Бірақ, көптен бері жырауды сонау Жалайыр бабасынан бермен ұрпақтан ұрпаққа дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан Тарақ таңбаның тек төрелердің еншісінде қалып қойғандығы қатты толғандырыпты. Ел ішінде осы қордаланған жайттың түйінін шешіп беруді үнемі өтініп отырған ағайындар да болған.

Бұл мәселе шегіне жетті-ау деген бедерде Қабан ақын атқа қонған ғой.Әкесі Абылайдың өзі аса қадір тұтқан Қабан жырауды Әділ төре құшақ жая қабылдайды.

– Жол болсын, ақын аға!

– Әлей болсын!

– Ақын ата, дайсің-ау, ақын ата,

Кір жуытпай келген

ем атыма да,

Бұлт қонбаған білсеңіз басыма да.

Тарақ таңбам сендерде қалып

қойды,

Бұл төрелер жойдасыз

басына ма?!

Қаперімде не дерін білмей сасып қалған Әділ төре: «Кешегі Шыңғыс бабамның кезінде Алаш мыңы арасында ұлығы тарақ таңбалы Жалайыр болған. Мұны ұмытсақ, елдігіміз қайда, теңдігіміз қайда, кеңдігіміз қайда?!» – дей береді.

Сонда Қабан жырау былайша теңіздей толқиды:

Міне, міне, енді келдің жөніңе,

Шықтың байтақ шың-белесті

өріңе,

Сары алтынды ер-тұрман сапқа

тұрсам жарқырап,

Сүлік қара арғымақ аспан

тіреп арқырап,

Шыңғыс қаған бас қойса –

ақ найзам жауды тіреген,

Қанішерін інінде қорылдатып

ірегем.

Марал отты арша тау ата қоныс

болған-ды,

Бақыт-ырыс басыма ақ құс болып

қонған-ды.

Тарақ таңба толықсып,

ер бабамды түрлентіп,

ЖаҺан кешкен Шыңғыс хан

келешекті шолған-ды.

Суарылған көк темір құрышқа

қалай айналды,

Жалайырдан серпін ап,

Бақтиярлап сайланды!

Әмірші болсаң – әділ бол, әлі де

талай айтармын,

Тарақ таңбамды жұртыма

қайтарғын, төрем,

қайтарғын!

Сөзге жығылып қана қоймаған, жыраудың осынау лебізіне әбден жан-дүниесімен ұйыған Әділ төре Тарақ таңбаның бұдан былай мұқым Жалайырға ортақ екендігіне қатысты үкімін берген екен!

Қабылиса Асанұлы кең тынысты, сан қырлы талант иесі болған. Қазақтың ақындық өнерінің қаймақ қалпын сақтаған шырайлы шығармаларының жанрлық ерекшелігі басым. Бірде эпик ақын, енді бірде терең толғаулы философиялық иірімдердің жетегінде кетеді, келесі де оқырманының санасына бірден сәуле құйған ақылман кейпіне енеді. Ал енді айтыс өнеріндегі сақталған сом шығармалары тіптен сүбелі дер едік. Қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтысындағы өзіндік ерекшеліктері зерттеушілер тарапынан әлі де болса зерделену үстінде.

Зерттеу демекші, Қабылиса бабамыздың өнегелі өмір жолы мен сом алтындай жарқыраған шығармашылығын әр жылдарда, әр қырынан Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Рахманқұл Бердібаев, Мырзатай Жолдасбекев, Ораз Исмаилов, Сәрсенбі Дәуітов және басқалары ғылыми тұрғыда пайымдады, Мұны біз қабырғалы қазақ әдебиеті айдынының толыға түсуіне қосқан өлшеусіз үлестері деп бағалаймыз.

Осы арада бір айта кетейін дегеніміз, оның мол мұрасының күні бүгінге дейін толық жинала алмай келе жатқандығы. Қалың елдің ортасынан әлі де табылып жатқандары да баршылық. Мәселен, кезінде ауыз әдебиетінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Сәкен Сейфуллин «Жалайыр Қабан ақын мен қоянның айтысуы» деп аталатын бұған дейін назарға ілікпеген көлемді өлеңін тапқан. Бұл шығармада қаршығасын қолына ұстаған Қабылиса ақын мен көжектейін деп жүрген әлсіз қоянның тілдесуі арқылы сол әділетсіз заманның кейпі көз алдыңызға келеді. Қолында билігі бар білегі мықтының дәрменсіз пенделерге көрсетер әлімжеттігін мінейді.Көркем дүние бір тұсында былайша қайырылады:

Қабан:

Қасыңа көкше қоян барамын-ақ,

Қаршығамды көрсетіп

саламын-ақ.

Қалың қара шеңгелге кіргеніңше,

Қаның судай ағызып аламын-ақ.

Қоян:

Жеген теріскен кетпейді

тісімдегі,

Қызыққаның терім бе үстімдегі.

Ішімде жеті қоян көжегім бар,

Мен өлсем, ол да өледі-ау

ішімдегі!

Міне, осы оралымнан-ақ Қабан жыраудың ақындық өріс ауқымының қаншалықты деңгейлі екендігін аңғарсақ керек!

Ғалым Алмагүл Қанағатова өзінің арнайы жазылған зерттеу еңбегінде Бұқар жырау мен Қабан жыраудың шырайлы шығармашылығындағы бірқатар ұқсастық пен сол заманғы зәру мәселелердің негізге айналуы, сол тақырыптарды ашудағы азаматтық үн, арналы көзқарастарына кеңінен тоқталған. Жалпы қазақ әдебиетінің жыраулық өнеріндегі қос алтын діңгекке саналатын осы екі ақынның өмірде де жолдары сан мәрте түйіскен. Бұқар жыраудың Қабылисадан бір ғана жас үлкендігі бар.

Бірде Жетісу өлкесінен шыққан батырлар: Өтеген, Райымбек, Қараш және Қабылиса (Қабан) жырау өткен-кеткенді еске ала әңгімелесіп тұрады. Райымбек пен Өтеген құрдас. Қараштың жасы олардан сәл кіші. Бәрінен үлкені – Қабылиса.

– Өтеген! Атамыз қазақ «Ел аралаған – сыншы» – деген емес пе. Тәңір қолдап өзің жер-жаһанды бір адамдай-ақ шарлап келдің. Көрмегенің де, көңілге түймегенің де шамалы деп ұғамыз елдегі біздер. Батыр атағың тағы бар. Айтшы өзің, шайтан емеспіз, ертеңгі күні мына жалғаннан бақилыққа көшеріміз хақ. Сол күйіміз қандай болмақ, қайсымызға нендей жер бұйырып тұр. Айта аласың ба? – дейді Райымбек батыр.

– Алдымызда көңілі күмбір, самаладай жарқыраған Қабан ағамыз отыр. Ол кісі тұрғанда менің сөз алғаным артық болар, сірә. Ағамыз айтсын болжамын, – дейді бұл сауалға Өтеген.

Сақалын сәл тарамдап, ойланып тұрған Қабан:

– Екеуің біріңді бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлеттіңдер ме? Әке-шешем қойған атымды өзгертіп, ел мені Қабан атандырды. Мен бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қалармын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылмайды.Өтеген, сенің мінезің ертеден жайлы, жүзің жылы еді, жылжып аққан судың жағасында жатасың, бірақ түбінде сені де жылжытып басқа жерге қояды. Райымбек, сен көпшіл ең, қиямет-қайымға дейін басыңнан дабыр, үстіңнен дүбір кетпейтін үлкен жолдың бойында боласың.

– Қабеке, құрдастығымды желеу етіп, Өтегеннен алдымен сыр суыртпақтағаныма айып ете көрмеңіз. Мына айтқан көріпкелдік болжамыңыз біздің туабітті табиғатымызға да, жарық дүниеде пешенемізге тиесілі тіршілігімізге де дөп келіп, қиюласып тұр-ау. Қалай болғанда да алдымыз жарқын, ұрпағымыз өрісті де жеңісті, ұлағатты болғай! – деп Райымбек Қабекеңнің алдында кішілік білдіреді.

Осыдан кейін Қабылисаны нағыз әулие, көріпкел деп қалай айтпасқа?! Қалай дейсіз бе? Өтегеннің қабірі «жылжып аққан су» – Іле өзенінің бойында еді, беріде Қапшағай теңізінің астында қалатын болған соң ұрпақтары жылжытып, Қордай беліне қойды. Ал Райымбек Алматыдан Ташкенге қарай шығатын үлкен жолдың бойына жерленген. Ол маңай бұрын да, қазіргі таңда да нағыз дабыр-дүбірдің орны болды. Басындағы үлкен ескерткіш қасиетті мекенге айналды.

Енді Қабекеңе, Қабылиса жырауға келсек, өзі айтқанындай, Іле өзенінің бойындағы Қызылжар мекенінде жатыр!

Бүгін мінеки, ұлағатты ұрпағы, өскен елі, өркенді жұртшылығының қасиетті бабамызға деген өшпес құрмет-қошеметінің арқасында кесене-күмбезі жарқырай көтеріліп отыр.

Ерлерін елі енді танығандай,

Аңсаған бабалардың

таңы қандай.

Ар тұтып, Азаттықты алда

жүріп,

Елдікті қорғап еді жаны қалмай.

Намыстан табиғаты

жаратылған,

Аңыз боп ерен ісі таратылған.

Ескелді, Балпық би мен Қабылиса,

Тарихта таудай тұлға дара

тұрған,

– деп ақын жырлағандай, асыл да ардақты бабаларымыз есімдерінің ел көгінде жарқырауы біздің ұлт болып одан әрі ұйысып, алдағы ұлық істерге бір қолдың саласындай жұмыла ден қойғандығымызды паш етеді!

Аруақ сыйлап, қабырғалы халқымыздың адами асыл құндылықтарын асырып жүрген баршаңызға береке-бірлік, ғиб­ратты ғұмыр тілеймін!

Өмірәлі Қопабаев,

заң ғылымдарының докторы,

профессор, академик