Сапарбаев – партия, Ибраев – Парламент партасына отырды
2010 ж. 19 қазан
2011
0
Шығыстағы билік портфелін ұстаған азаматтардың арасында аздаған ауыс-түйіс орын алды. 12-қазан күні Өскеменге жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллиннің қатысуымен өткен партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ІХ конференциясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партияның облыстық филиалына төраға болып сайланып, филиалға бұған дейін жетекшілік жасаған Төлеген Ибраев Парламент Мәжілісіне партиялық тізім бойынша депутаттық қызметке тағайындалды.
– «Нұр Отан» партиясы үшін Шығыс Қазақстан облыстық филиалының орны қай кезде де бөлек. Себебі, бұл облыста Елбасының тапсырмаларын орындау бағытында бірқатар ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл орайда филиалды үш жылдан астам басқарып келген Төлеген Ибраевтың сіңірген еңбегі зор деп білемін. Біз әріптесімізге атқарған жұмысы үшін алғыс айтамыз және жаңа қызметіне табыс тілейміз! – деді Н.Нығматулин конференцияда сөйлеген сөзінде.
Ол өңірдегі партия филиалының жаңа төрағасы жайлы да жылы лебіз білдірді және мұндай шешімнің мемлекет басшысымен келісе отырып жасалғанын жеткізді.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Бердібек Сапарбаев – өңірдің өркендеуі үшін тынымсыз еселі еңбек етіп жүрген азамат. Оның еңбегін Шығысқа жасаған биылғы сапарында Елбасымыз айрықша атап өтті, - деді ол.
Бердібек Сапарбаев өз сөзінде партия басшылығына сенім білдіргендері үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта Елбасының үмітін ақтауға, партиясы активімен бірлесе отырып ел экономикасын көтеруге жұмыс істейтінін айтты.