Қырғыз қызықтыра бастады...
2010 ж. 19 қазан
1648
0
Қырғызстан президентi Роза Отынбаеваның саяси мәселелер жөнiндегi кеңесшiсi Топчубек Тургуналиев қоғам талқылауына қырғыз ұлты үшiн маңызы зор үш бiрдей заң жобасын ұсынды. Олар: “Титулды ұлт”, “Ұлттық диаспоралар”, “Отандастар” туралы заң жобалары. Үш заңнан шығар қорытынды да, түйiн де бiреу ғана. Ол: Қырғызстанда бiр ғана ұлт бар. Ол – қырғыздар. Қырғызстан өзiнiң болашағын тек қырғыз ұлтымен байланыстыруға тиiс. Жер мен мемлекеттiң иесi де, киесi де қырғыз ұлты.
“Титулды ұлт” туралы заң жобасында қырғыз ұлты мемлекеттi құрған және оны ғасырлар бойы қорғап, аялап отырған ұлт ретiнде көрсетiлген. Осы тұста айтарлық басты мәселе – бұл жобаларды қазiргi президенттiң саяси iстер жөнiндегi кеңесшiсiнiң ұсынуы. Бұл бауырлас ел билiгiнiң ұлттық мүддеге деген оң көзқарасын, қырғызға жақпаған билiктiң ғұмырының ұзаққа бармайтынын Р.Отынбаева үкiметiнiң түсiнгенiн көрсетедi. Жаңа үкiметтiң ұлттық саясатқа бет бұрғанының айқын айғағы. Президент кеңесшiсi аузынан айтылған бұл жобалар заң ретiнде қабылданады деген сөз. Мұндай заңның қабылдануын халық та қостайды. Ұлттық бағытта дамуға көшкен билiкке қолдау көрсетедi. Себебi, ұлтқа жанашырлық танытқан билiк халықтың игiлiгiн талан-тараж жасамайтынына сенедi. «Ұлттық диаспоралар туралы» заңда Қырғызстанда тұратын өзге ұлт өкiлдерi автономия құруға құқысы болмайтыны көрсетiлсе, “Отандастар туралы» заң жобасында шетелдегi қырғыз азаматтарына мемлекет қамқор болатыны тайға таңба басқандай жазылмақ.
Осы тұста ерiксiз өз билiгiмiздi, оның ұлтқа деген көзқарасын еске алады екенсiз. Қазақстан билiгiнiң қазақ ұлтына “титулдi ұлт” мәртебесiн бермек түгiлi, оны барынша шектеп, елiмiзде “толеранттылық” сөзiнiң сәнге айналғаны еске түседi. Бiздiң қоғам шындығы – ұлттық диаспоралардың қамын ойлап, олардың Қазақстандағы болашағын қамтамасыз ету жолында бүгiнгi қазақ билiгi аянбай қызмет етiп отырғаны. Ал сол билiк мемлекеттi құрушы және оның түп иесi қазақ мәселесiн ылғи да шетке ысырады. Соның салдарынан қазақ қоғамының билiкке iшкi наразылығы жыл санап артып келедi. Ұлтсыз билiкке деген қарапайым қазақтың өкпесi қара қазандай. Жиырма бiр жылдан берi мемлекеттiк тiлге, қазақ тiлiне тиiстi дәрежесiн бере алмай келе жатқан билiктен ұлттың көңiлi әлдеқашан қалған. Оны билiк басындағылар түсiнбейдi емес, түсiнедi. Бiрақ ұлтқа деген көзқарасын өзгертуге құлықсыз. Оларды ұлттың болашағы қызықтырмайды. Әйтпегенде, қазақ жерiнiң иесi мен киесi, қазақ ұлтын, оның туған тiлiн осындай күйге түсiрер ме едi? Әрине, жоқ! Ұлттық, мемлекеттiк маңызы бар шешiмдер қабылдамастан бұрын көршi елдерге жалтақтап, жасқанбас едi. Өзге посткеңестiк елдер сынды Ата заңдағы орыс тiлiнiң ресми тiлдiк статусының да көзiн әлдеқашан жойған болар едi. Онсыз қазақ тiлiнiң көсегесi көгермейдi. Айта берсек, қазақ билiгiнiң ұлтсыздығына мысал шаш етектен. Оларға тиiстi талап қоя алмай отырған өзiмiздiң де қазақ ұлтының ынжықтығынан болар көп мәселе. Не десек те, бауырлас қырғыз ұлтынан үйренер тұстарымыз жетерлiк. Оның бастысы ұлттық мiнез болар.
Инга Иманбай
«Жас Алаш»